Сынға сынба!

Сынға сынба!

Жер планетасындағы барлық адам өз өмірінде сынға кезіккен шығар. Сын жебесі оған жұмыста, отбасыда, оқуда бағытталуы ықтимал, тіпті біздің тұлғалық қасиеттеріміз бен мінез-құлқымыз да сынға ұшырайды. Әрине, сынның да сан түрі бар. Сарабдал, конструктивті сын бізге қателіктерімізді түзетуге және алға қарай аяқ басуымызға мүмкіндік береді. Ал арандатқыш, деструктивті сын адамды дағдарысқа ұшыратып, ақыл-естен айыруы да ғажап емес.

Өкінішке қарай, бүгінде деструктивті сын жиірек қолданылады.

Жүйкені сау сақтап, депрессияға ұшырамау үшін арандатушы, деструктивті сынды қалай қабылдау керек?

1.    Өзіңізге ашығын айтыңыз: сын шынымен де әділетсіз бе?

Сізге қаншалықты жағымсыз әрі ауыр тисе де, қанша жәбірленсеңіз де, неге өз іс-әрекеттеріңіздің көңілтолмастық, наразылық туғызғанын талдаңыз. Бәлкім, айтылған сында шындықтың дәні бар шығар, демек, болашақта ол қателіктеріңізді қайталамайтын боласыз.

2.    Сабыр сақтаңыз!

Кез келген жағдайда сабыр сақтап, байсалды қалпыңызда қалыңыз, өзіңді абыройлы, әрі сенімді ұстаңыз. Кейбір сыншылар өз сынының өтпейтінін, сіздің күйіп-піспейтініңізді және сенімді екеніңізді көргенде, қызығушылығын жояды.

  1. Өз ойларыңызды дұрыс жеткізуге үйреніңіз!

Тиімді тілдесу тәсілдерін білу әркім үшін пайдалы. Тіпті сізді аяусыз сынап жатса да, өзіңіздің көзқарасыңызды жүйелі, бірізді және дәлелді түрде жеткізіңіз.

  1. Сынды кек тұтпаңыз!

Сынау сөздерді қайта-қайта еске түсіріп, сынның батпағына өзіңізді өзіңіз батырмаңыз. Бұған жол беруге мүлдем болмайды. Естідіңіз, талдадыңыз, қорытынды жасадыңыз, басқасын ұмыттыңыз. Егер сын әділетсіз, қисынсыз, жөнсіз болса, оны бірден-ақ ұмыту керек. Бөтен біреудің проблемалары үшін уайым шегудің түк қажеті жоқ. Көбінесе, өзіне өзі сенімсіз, біліксіз адамдар жиі сынға бой ұрады.

Дегенмен, егер сын әділетті болса, одан тиісті қорытындылар шығарып, қатеңізді түзетуге асығыңыз. Түзелмейтін адамдарды бір де бір басшы жақсы көрмейді.

  1. Аутотренингпен айналысыңыз!

Көзге елестететін сыртқы қорғаныш құрып алыңыз. Бұл сайып келгенде, психикалық денсаулығыңызды қорғайды. Тамаша адам екеніңізді өзіңізге өзіңіз жиі айтыңыз. Сынаушы адам жер-жебіріңізге жету арқылы сізді жайратып, жермен-жексен етіп, жоқ қып жіберуді көздеуі мүмкін, өзіңізді өзіңіз «мүжіп», оның жетегінде кетпеңіз. Әрбір таңда айнаға қарап, жылы күлімсіреңіз және өзіңіздің қадір-қасиеттеріңізді санамалап шығыңыз! Сіздің ең басты досыңыз – сіздің өзіңіз.

  1. Өзіңізді дамыту бойынша жұмысқа кірісіңіз!

Кейде сын – жаңа өмірлік кезеңге, өзіндік дамуға, өзіндік жетілдіруге және тұлғалық өсуге түрткі болады. Әр сыннан қорытынды шығарыңыз, жаңа мақсаттар қойыңыз және алға қарай жүріңіз.

  1. Көңіліңізді аулаңыз!

Егер сын сіздің көңіліңізді қатты жабырқатса, назарыңызды басқа жаққа аударуға тырысқаныңыз жөн. Жаныңызға жағар хобби тауып алыңыз, спортпен айналысыңыз, табиғатта көбірек серуен құрыңыз, кітап, газет не танымдық сайттарды оқыңыз. Бос отырмай, үнемі әлденемен шұғылдану жаман ойларды аулақ қуып, ой-санаңызды тазартады. Бұған қоса, өзіңізді қуантыңыз, көңіл-күйіңізді көтеріңіз, өмірдің кішкене қуаныштарын байқауға тырысыңыз.

Осы қарапайым кеңестер сізге жүйкеңізді сау сақтауға, анағұрлым сенімді адамға айналуыңызға, өзіндік бағаңызды көтеруге анық көмектеседі. Тіпті сынның өзінен оң жайттарды табуға үйреніңіз. Егер ол конструктивті болса, бұл әлдебір жаңа нәрсені үйренуге, алға қарай қозғалуға серпін берер мүмкіндік. Ал егер деструктивті болса, демек оның авторы сізді көре алмайды, сізден қорқады немесе сізді сынаққа салуда деген сөз. Сынға сынбаңыз!

Уайымдамаңыз, абыройлы қалпыңызды сақтаңыз және ең бастысы – қарсыластарыңызға септесіп, өзіңізді өзіңіз сынның құзынан лақтырмаңыз!

Предыдущая Өз орнын іздеушіге жеті кеңес
Следующая ҚАЗАҚ РЕНЕССАНСЫ

0 Комментарий

Комментариев пока нет!

Вы можете быть первым оставив комментарий на этом посту!

 

Top