ҚАЗАҚСТАН «БАЛАЛАР ЕВРОВИДЕНИЕСІНЕ» ТҰҢҒЫШ РЕТ ҚАТЫСАДЫ

ҚАЗАҚСТАН «БАЛАЛАР ЕВРОВИДЕНИЕСІНЕ» ТҰҢҒЫШ РЕТ ҚАТЫСАДЫ

2018 жылғы 25 қарашада Минскіде «Евровидениенің» балаларға арналған баламасы – «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауы өтеді, оған 9 жастан бастап, 14 жасқа дейінгі орындаушылар қатысады. Қазақстан өз тарихында және аталған байқаудың 15 жылдық тарихында оған алғаш рет қатысқалы тұр. Қазақстанның аумағында байқауды «Хабар» телеарнасы көрсетеді. «Хабар» агенттігі 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап, Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі болып табылады, осы мүшелік аталған байқауға қатысу үшін елден үміткер ұсынуға мүмкіндік берді.

«Қазақстанның қатысуы жөніндегі келіссөздер ұзақ уақыт бойы жүргізілді. «EBU» шешімі соңғы сәтке дейін белгісіз болатын. «Хабар» «EBU» қауымдасқан мүшесі болып табылатындығына қарамастан, осы тектес ауқымды халықаралық іс-шараларды техникалық жабдықтау, телевизиялық қамту және трансляциялау тәжірибесі бойынша белгілі бір талаптарға сәйкес келуі қажет болды. Осы атақты байқауға еліміздің қатысу мүмкіндігі пайда болғанына қуаныштымыз. Қазіргі сәтте біздің агенттік пен қазақстандық Ақпарат және коммуникациялар министрлігі біздің елде іріктеу жүргізудің бірнеше нұсқасын қарастыруда. Әрбір талантты баланың қатысуға мүмкіндігі болуы үшін барынша оңтайлы нұсқа ойластырылуда. Бәрі жақын арада айтылатын болады», – дейді «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Алан Әжібаев.

Шарт бойынша байқауға қатысушылар жаңа, әрі еш жерде жарияланбаған ән орындауы, сондай-ақ ұзақтығы 2 минут 45 секундтан бастап 3 минутқа дейін созылатын өз композициясын жанды дауыспен шырқауы қажет. Жеңімпаз телекөрермендердің және құрамына 5 адам (үш ересек және екі бала) кіретін, барлық қатысушы елдерден құралған қазылар алқасының дауыс беруі жолымен анықталады.

«Евровидениеден» ерекшелігі – балалар байқауында жеңімпаз ел автоматты түрде келесі байқауды өз елінде өткізу құқығын иеленбейді, бұл жас қатысушыларға қысымды азайту үшін жасалды. Байқаулардың ұйымдастырушыларын Еуропалық хабар тарату одағы алдын-ала анықтайды.

Биыл байқауға 19 ел қатысады, бұл байқау өткізудің бүкіл тарихында рекордқа айналып отыр. 19 елдің қатарында Албания, Армения, Аустралия, Әзербайжан, Беларусь, Франция, Македония, Грузия, Ирландия, Израиль, Италия, Қазақстан, Мальта, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Нидерланды, Уэльс бар. Қазақстан мен Уэльс үшін биылғы қатысу дебют болмақ.

«Junior Eurovision Song Contest» алғаш рет 2003 жылы Копенгагенде (Дания) 16 елдің қатысушысы арасында өтті.

Телекөрермендер мен қазылар алқасының жеңімпазды бірлесіп анықтауы 2008 жылдан бері мүмкін бола бастады. Оған дейін тек көрермендер ғана трансляция кезінде дауыс беретін. 2007 және 2008 жылдардағы байқауларда теледауыс беруден түскен пайда БҰҰ-ның «UNICEF» қорына берілген болатын.

Әр жылдары байқауды ұйымдастыру құқығына Бельгия, Румыния, Нидерланды, Кипр, Украина және басқалары ие болды. Ресей, Грузия, Беларусь және Мальта 2 реттен жеңді. 2017 жылғы «Junior Eurovision Song Contest» Тбилисиде өтті. Өткен жылғы байқаудың жеңімпазы – Ресейдің 15 жастағы қатысушысы Полина Богусевич, ол «Wings» әнін орындады.

Қосымша ақпарат алу үшін promo@khabar.kz, 8 (7172) 757 553 хабарласыңыз www.khabar.kz

Дереккөзі (қайнары): Sauap.org

Предыдущая ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕКІ БИОРЕЗЕРВАТЫ ЮНЕСКО ТІЗІМІНЕ ЕНДІ
Следующая 4–15 ТАМЫЗ: АСТАНАДАҒЫ МӘДЕНИ ШАРАЛАР МЕН ДУМАНДАР

0 Комментарий

Комментариев пока нет!

Вы можете быть первым оставив комментарий на этом посту!

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

 

Top