Ұзақ әрі сау-саламатты өмір: бұл тіпті де қиын емес!

Ұзақ әрі сау-саламатты өмір: бұл тіпті де қиын емес!

Кімнің ұзақ, сау-саламатты әрі бақытты өмір сүргісі келмейді? Сіз осы мақалада айтылған 12 кеңесті санаңызға тоқып, ұстансаңыз, бұған қол жеткізу тіпті де қиын емес. Өте көп нәрсе сіздің өмір салтыңызға және ойларыңызға байланысты!

1. Белсенділікті сақтау

Қозғалыстың жетіспеушілігі жүрек талмасы (инфаркт) мен инсульт ықтималдылығын 2 есе арттырады. Өмір бойы қозғалыста болатын, спортпен шектен шықпай, орнымен айналысатын адамдардың ұзақ әрі сау-саламатты өмір сүруге әлдеқайда мүмкіндігі зор. Спорт ағзаның қорғаныштық күштерін нығайтады, стресс симптомдарын төмендетеді, диабет, семіру, остеопороздың алдын алады. Тіпті ол мидың жұмысына оң ықпалын тигізеді. Спортпен шұғылдана бастау ешқашан да кеш емес: тіпті егде жаста соған бой ұрған адамдардың өздері жақсы нәтижеге қол жеткізе алады.

2. Дұрыс тамақтану

Денсаулыққа дұрыс тамақтанудан артық ықпал ете алатын факторлар кемде кем. Тек сәбидің ғана емес, кез келген жастағы адамның ас мәзірінде жеміс-жидек пен көкөніс, бұршақ тұқымдастар, айран, ірімшік секілді сүт өнімдері көп болуға тиіс. Оның орнына ет, май және қант пен тәттіні азайтыңыз. Тамақтану мамандарының бәрінің ойы бір арнада тоғысады: мұндай диета тек біздің өмірлік функцияларымызды қолдап қана қоймай, сондай-ақ иммундық жүйені нығайтады.

Жапондық Окинава аралының дәстүрлі ас-мәзірі аз калориялы өнімдерден тұрады және асқабақ, қияр секілді сары, көк түсті көкөністерден, балдырлар мен теңіз өнімдерінен құралады. Дәл осылай тамақтануды заманауи ғылым дұрыс деп танып отыр. Нәтижесі керемет: жапондық аралдарда ұзақ өмір сүруші адамдар саны басым: 100 мың адамға шаққанда олардың үлесі шамамен 34 адамды құрайды. Рас, бір көңіл аударар жайт, Жапонияға фаст-фуд келгелі бері, ұзақ өмір сүретін тұрғындар саны бұл елде де күрт азая бастады.

3. Темекі тартпау

Әрбір сигарета жүрек талмасы мен инсульт қаупін жақындата түседі. Орташа алғанда, шылым шегетіндер басқа адамдарға қарағанда 5,5 жылға ерте өледі. Бірақ жақсы жаңалық та бар: темекі тартуды тастау ешқашан да кеш емес. Тіпті 60 жастан асқан соң ғана осы жаман әдеттен арылған адамда жүрек талмасы мен инсульт қаупі біраз төмендейді.

4. Арықтау

Ұзақ өмір сүруге апарар бірінші қадам – артық салмақтан құтылу болмақ. Генетикалық бейімділік және дене қозғалысының аздығымен бірге, семіру де көптеген ауыр сырқаттардың себебі болып табылады. Ал арықтау сізді ептірек әрі ширақ етеді, көңіл-күйіңізді, өзіңізге өзіңіз берер бағаңызды жақсартады.

5. Дұрыс ұйықтау

Кім аз ұйықтаса, немесе дер кезінде ұйқыға жатпайтын болса, аурулардың тұтас «топтамасына» ие болуы ықтимал. Ұйқы кезінде біздің ағза метаболизм үдерісін тоқтатады, ал органдардың жұмысшы тетіктерін «жөндеу» толық қарқынмен жүреді. Түнде иммундық, ас қорыту, жүрек-қан тамырлар және жүйке жүйелері, ми қалпына келеді.

Ұйқыға кеш жататын адамдардың бетінде әжім де көп болады.

6. Некеде болу немесе тұрақты серік табу

Әлемдегі жетекші ғалымдардың зерттеулері көрсеткеніндей, қандай өмір салтын ұстанатынына қарамастан, үйленгендер мен тұрмыс құрғандар әлдеқайда ұзағырақ өмір сүреді. Әрине, өкінішке қарай, отбасыда зорлық-зомбылық көретіндер бұл қатарға жатпайды.

Ал бақытты отбасы адамның өмірлік тонусын арттырады, стреске төзімділігін күшейтеді.

7. Өмірге оң көзқараспен қарау

Жамандық ойлаған жамандыққа жолығады. Оптимистер ұзақ жасайды. Цюрих Университеті жүргізген зерттеулер нәтижесі осыны анықтады. Себебі, өмірге оң көзқараспен қарайтын адамдар өмірден түңілгендерге қарағанда, аман қалу стратегиясын әлдеқайда ұтымды әрі жақсы ойластырады, күйзелістік жағдайға сирек душар болады, осылайша, өз денсаулығын қорғайды.

8. Бойды босаңсытуға үйрену

Стресс, мазасыздық және психикалық кернеу адамның қорғаныштық жүйесін әлсіретеді. Әрине, біздің заманымызда стрестен құтылу мүмкін емес. Бірақ егер сіз спорт, музыка, шопинг, медитация немесе намаз оқу көмегімен күйзелісті жеңе алсаңыз, бұл сізге ұзақ өмірге жақсы мүмкіндіктер сыйлайды.

9. Достық қатынастарды сақтау

Адамдар – топпен, әлеумет болып, өмір сүретін тіршілік иелері. Сондықтан адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастар өмір сапасы, психикалық және физикалық денсаулық үшін маңызды фактор болып табылады. Зерттеулер мәліметтеріне жүгінсек, бала кезінде, жасөспірім шақта өзгелерге жуымай, жалғыз жүрген адамдар жүрек дерттеріне ерте шалдығуы ықтимал. Бұған қоса, өзгелерден іргесін аулақ салатын кісі-киік адамдардың сынақ кезінде интеллектуалдық жетістіктері де анағұрлым нашар екендігі анықталды. Сонымен бірге, достық қарым-қатынас жасауға бейім адамдарға қарағанда, жалғызбасты адамдар арасында Альцгеймер ауруының даму қаупі әлдеқайда жоғары болып отыр.

Демек, айналаңызды таспен емес, доспен қоршаңыз.

10. Күндіз демалуға тырысу

Тіпті солдаттардың өзіне тамақтанудан соң, жиырма минуттай тынығуға уақыт береді. Ал түскі астан кейін сәл демалу ауыр сырқаттардың қаупін 37%-ға төмендетеді. Ғалымдар мұны күндіз бір уақ дамылдағанда, стрестің азаятындығымен де түсіндіреді.

11. Таңертең ерте тұру

Дана Шығыс елдерінің бәрінде күнмен бірге ояну ежелден салтқа айналған. Қазақ та ұрпағын «ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деп тәрбиелеген. Күн шығып кеткеннен кейін оянған біраз адамның басы ауырады, тыныққаны сезілмейді.

Ерте тұру тек ырыс пен істелген іс санын ғана арттырмайды, ол сондай-ақ ұзақ өмір сүруге ықпал етеді. Солтүстікамерикалық бір топ ғалым ерте тұру мен ұзақ өмір сүрудің арасындағы байланысты анықтап отыр. Олардың айтуынша, әсіресе, зейнеткерлік жастағы қариялар өз өмірлеріне белсенділік беріп, тәуліктік тіршілік қарқынын белгілеулері қажет. Өзіңіз үшін күнделікті режимді құрастырыңыз. Онда сүйікті істермен айналысуға орын қалдырыңыз.

Хоббиі бар адамдар ұзақ әрі қызықты өмір сүреді.

12. Жаратқан Иеге сену

Мешітке, шіркеуге немесе храмға барып тұратын, рухани дүниесін дамытумен ұдайы айналысатын адамдар арасында, атеистермен салыстырғанда, өлім-жітім шамамен 20%-ға аз. Бұл мәліметтер шетелдік «Психология және денсаулық» атты ғылыми журналда басылды. Себебі, Құдайға сену және сиыну адамның психикалық денсаулығына оң әсер етеді. Ол айналадағы адамдарға, қоршаған ортаға оң көзқараспен қарауға, ғибадатханада өзге адамдармен араласуға мүмкіндік береді, рухани күйзелістен құтқарады. Бұл өз кезегінде стрестің қауіпті гормондарының қанға құйылатын деңгейін төмендетеді.

Ұзақ жасаңыз, өмірдің қызығын көріңіз!

 

 

Предыдущая Дәлелденген: сенім сауықтырады, әрі ағзаның генетикалық кодын өзгертеді!
Следующая Өзіндік тану қағидаттары

0 Комментарий

Комментариев пока нет!

Вы можете быть первым оставив комментарий на этом посту!

 

Top