Sauap.orgҚазақстан тарихыТарих

ҚАЗАҚ РЕНЕССАНСЫ

Қазақ мемлекетінің тарихы қай дәуірлерден бастау алады деген күрделі мәселе туралы тарихшыларымыз ортақ пікірге келмеген. Жағдайдың мұндай болуының себептері бар. Отандық тарихшылар орта ғасыр, одан да арғы ежелгі тарихымызды кәсіби түрде Кеңес заманында жан-жақты зерттемеді. Ол заманның идеологиясы мен саясаты тарихшылар алдына өзге міндеттер қойды.

Олар:

– Қазақ халқының Ресей империясына «өз еркімен» қосылуы және оның прогрессивтік маңызы;

– Қазақ елінің өз «дамуында» капиталистік формацияны «аттап өтіп», феодализмнен бірден социализмге өтуі туралы;

– Қазақ халқының феодалдық-патриархалдық, «таптық» тұрмысы;

–Қазан төңкерісіндегі коллективизацияның және индустриялизацияның жетістіктері;

– Екінші Дүниежүзілік соғыстағы СССР халықтарының патриотизмі және қазақтың ұл-қыздарының ұрыс майданындағы ерліктері;

– Социалистік құрылыстың «жемісті» нәтижелері, өндіріс орындарының тарихы, ұжымдардың арасындағы социалистік жарыстың «жетістіктері»;

– Тәуелсіздіктің қарсаңындағы онжылдықтың ішінде социализм тарихы, оның «кемелденген» сатысындағы тарихы баяндалды.

Әрине, бұлар да заман мазмұнын ашатын керекті тақырыптар. Алайда қазақ халқының терең тарихын зерттеуге тыйым салынған болатын.

Осындай жағдайлардың нәтижесінде қазақ халқының тарихын тереңінен қозғап, еңбектер жазған тарихшыларымыз саусақпен санарлықтай.

Егемендік жылдары тарих білімі саласында Кеңестік заманда қалыптасып қалған дағды-дәстүрлерді бұзып шығып, жаңа тарих жасаудағы ынта қарқынды болмады. Оның басты себебі Қазақ халқының, оның арғы тегін зерттей бастағанда мәселе көрші Ресей тарихына соқпай қоймайды. Әсіресе, үш жүз жылға жақын Ресей бодандығында болған мерзім туралы тарихшылардың ашық айтуға батылдықтары жете бермеді.

Сондықтан тарихшыларымыздың дені Еуразияшылдық бағыттың тарихын зерттеумен айналыса бастады. Бұл да қазіргі заман үшін қажетті тақырыптардың бірі. Бірақ та қазақ мемлекетінің шынайы тарихы, оның қайнар бастау-бұлақтары көлеңкеде қала берді.

***

Қазіргі интернеттік-ақпараттық қоғам заманында Шыңғыс хан империясының тарихы айтулы тақырыпқа айналды. Бұл ақпараттардан жұртшылыққа мәлім болғаны Шыңғыс хан құрған мемлекеттің халқының дені қазақ халқының құрамына енген: наймандар, қоңыраттар, керейлер, дулаттар, жалайырлар, арғындар және т.б.

Мұндай деректер Қытай елі шығарған «Шыңғыс хан», «Құбылай хан» атты көркем фильмдерде тұнып тұр. «Құбылай хан» фильмінде Бату ханды қыпшақ ханы дейді. Иә, ол шындық, оның әкесі Жошы ханның мазары Жезқазған өңірінде екені жұртшылыққа аян. Фильмде Қарақорымда Мөңкені қаған етіп қыпшақ жерінде сайлайды және осы құрылтайды басқарып, жүргізіп отырған қыпшақтың ханы – Бату.

Міне, осындай тарихи деректер Шыңғыс хан құрған алып империя туралы тың көзқарастарды қажет етеді.

Біріншіден, ақпараттың тапшылығынан және бір жақтылығынан Шыңғыс хан империясы Дәшті-Қыпшақ мемлекетін жоюшы деген пікірде едім.

Тарихи деректерге, әсіресе, Лев Гумилевтiң айтқанын ескерсек, Шыңғыс хан Ақ Орданы құрып, оның билеушісі етіп немересі Ежен Орданы тағайындаған.

Лев Гумилевтiң айтуынша, Ақ Орда Ертістің оң жағалауындағы қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласына жақын жерде орналасқан. «Орда» деген мемлекеттік басқарудың типі, сол замандардағы мемлекеттік құрылым.

Ақ Орда – Қыпшақ мемлекеті. Шыңғыс хан империясы мен Дәшті-Қыпшақ мемлекеті арасында соғыс та, келісім де, келе-келе үйлесімділік те табылған.

Шыңғыс хан кім деген сұрақ.

Оның тегі Қият түрік. Бұған талас жоқ.

Шыңғыс моңғол деген ұғым қайдан, қашан шыққан? Моңғол деген сөздің семантикасы неде?

Бұл мәселе туралы ортақ келісім жоқ.

Біреулер моңғол деген «Мәңгі ел» деген мағынада айтса, енді біреулер оны «мың қол» деген сөзбен анықтауда. Зерттеуші Тілеуберді Әбенайұлының айтуынша, «маңғұл» – түріктер, «моңғол» – қалқа, ойрат тайпаларына қатысты. Моңғол кейін қалыптасқан этноним. Тілші мамандар бұл ұғымдардың этимологиясын, семантикасын анықтауды мықтап қолға алғандары жөн.

Егер Шыңғыс хан Қият түрік болса, тарихшы Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, Жезқазғандағы Жошы хан мазарының қасындағы Домбауыл мазары, онда жерленген Домбауыл да Қият Түрік, яғни ол Шыңғыс ханның бабасы. Шыңғыс хан өзінің тұңғыш ұлы Жошыға мазарды атасы Домбауылдың қасына салғызған.

Мәселе осылай болса, Орда Базар қаласының орнынан біраз жерде тұрған Алаша хан мазарында ата- бабасының жерінде Шыңғыс ханның жай табуы таңғаларлық іс емес.

***

Баяндалған мәселеге тікелей қатысты «Егемен Қазақстан» газетінің 2014 жылғы 9 қыркүйектегі санында «Ұлытау – Ұлықтау ордасы» деген мақалам жарық көрді.

Ондағы айтылған уәждерді қайталамай, қосарым:

Біріншіден, Жошы хан мен Алаша хан мазары бір заманда, тіптен бір мерзімде салынғаны және бір мектепке жататын сәулетшілердің қолынан шыққаны анық көрініп тұр.

Екіншіден, кейбір ғалымдардың айтқанындай, Алаша хан мазары Ақназар ханға салынған болса, оның заманы кейінірек және ол Жошы хан кіндігінен өрбіген тұқым. Оған бабасынан артық мазар тұрғызуға кімдердің дәті барған?

Үшіншіден, Алаша хан мазарын мұқият қараған адам біледі, бұл әскери бекініске ыңғайланған ғимарат. Үстіңгі қабаттағы арнайы оқ ататын, сырттан келген оққа қалқан болатын геометриялық шешім, айнала келген адамға тек жекпе-жекте кездесетіндей тар дәліз, бұл мазар белгілі бір уақыттарға дейін әскермен күзетіліп тұрған.

Сонда әскери күзет қойылатын бұл мазардың Жошы хан мазарынан артықшылығы неде? Алаш хан мазары неге арнаулы күзетілетін мазар ретінде салынған? Мазардың дәрежесі Жошы хан мазарынан биік және мағыналы. Сонда ол кімге тиесілі мазар?

Бұл өлкеде Жошы ханнан биік дәрежеде кім болған? Әрине, ол – Жошының әкесі Шыңғыс хан.

Төртіншіден, қазақтар бүгінгі күнге дейін мәйіттерін арулап, лақаптап қояды.

Лақап «жалған» ат. Лақаптау көне түріктер заманынан келе жатқан дәстүр. Шыңғыс хан да мазарда лақап аты «Алашпен» жерленген. Алаш Жошы мемлекетінің ұраны болған.

Алаш деген «алушы, жаулаушы» деген мағынада. Шыңғыс хан жаулаушы, яғни оның лақап аты Алаш болуы табиғи жағдай.

Лақаптап жерлеу деген мәселеге келсек, әлемді билеген атақты қолбасшы, алып империяның негізін құрған Шыңғыс хан қарапайым адамдар сияқты мазардың ішінде жерленбеген. Оның жерленуі туралы лақап-аңыздар таралған, соның бірі:

– Мен дүниеден қайтқанда, тереңге көміп, үстінен табын жылқыларды жүргізіп, жатқан жерімді тірі жан білмейтіндей етіңдер, – депті.

Егер осы аңызды тура түсінсек, бұл ақыл-есі дұрыс адамның сөзі емес сияқты…

Шыңғыс хан талай елді, мемлекетті, халықты жаулап алушы адам. Сондай адам өлгеннен кейін есімін осылайша жоқ етуге бара ма? Мәселе тағы лақапта. Бұл – лақап-аңыз. Оның шындығы сірә, Шыңғыс хан айтуы бойынша, айталық, он-он бес метрге арулап көмген. Ол тереңде жатыр. Бірақ осындай істерді атқарған қызметшілердің бәрін қыруы да анық.

Шыңғыс ханның нақты жатқан жері құпия. Оны қазып алып, ешкім қызықтамауы керек. Міне, бұл әлемді билеуші Шыңғыс ханға лайықты шешім. Бірақ сол жердің, аймақтың бір жеріне мазар тұрғызылды. Ол да лақап атпен Алаша хан мазары деп аталды. Мұны Шыңғыстың кіндігінен тараған төрелер біледі, бірақ бұл құпия сақталып келді.

***

Құпия сыры – «Хан Ордасында».

Жошы ханнан бастап барлық хандар осы өңірде ұлықталған. Неге? Неше қилы замандар болды, сонда да дәстүр бұзылмады. Бәрі де осы жерде ақ киізге көтеріліп, хан боп сайланып, ұлықталды. Бір-ақ себеп. Бұл өңірде алып империяның негізін қалаушы Шыңғыс хан жатыр. Ол жерден жыраққа кетіп, хан сайлануға ешкімнің құқы жоқ.

Дәстүр бұлжымай орындалып келеді. Бұл Ұлытау өңірін киелі, қасиетті өңірге айналдырған ата-баба дәстүрі.

Бесіншіден, бұл өңір – Шыңғыс хан ата-бабасының мекені ғана емес, түсті металдарға (жез, алтын, т.б.) бай өңір.

Мемлекетке, империяға байлық керек. Ол байлық мұнда бар.

Алтыншыдан, Жезқазған өңірінен бүгінгі күнге дейін ғарышқа ұшып, қайтадан қонып жатады. Бұл осы өңірдің электромагниттік өрісінде. Қасиет, әулиелік мәні электромагниттік өрісте екені белгілі жағдай. Сондықтан мұндай ерекшелік электромагниттік өрісі бар аймақты Шыңғыс хан сезіп, өзінің ұрпақтары өмір сүретін өлкеге айналдырған.

Жетіншіден, осы өңірде қазақ хандығының идеологы болған ойшыл – Асан Қайғының жерленуі, Қасым ханның Ұлытауды өз мемлекетінің астанасы етуі де әншейін оқиғалар емес.

***

Жоғарыда айтылған жағдайларды негізге алсақ, Қазақ мемлекеті Ұлытаудан (Ұлықтау өңірінен), Шыңғыс хан, Жошы хан замандарынан басталатынын айтуға болады, бірақ бұл да қазақ мемлекеттігінің тарихының бастауы емес, тарихи бір кезеңі, себебі Шыңғыс хан империясына дейін Дәшті-Қыпшақ мемлекеті болған. Ол туралы тарихи мағлұматтар мол.

Қыпшақтар атымен аталған мемлекетке қазіргі қазақтардың құрамындағы ру-тайпалардың барлығы дерлік енген. Ежелгі заман туралы сөз қозғасақ, мынандай мәселелерге жұрт назарын аудармақпын.

Тарихшыларымыз кейде төл тарихымыздың қайнар бастауларын зерттеуде тарихи жазба деректер, жәдігерлер жоқ деген сылтауды алға ұсынады. Иә, солай екені рас. Бірақ халық жадында сақталған эпостарды, жырларды қайда қоямыз? Эпос деген мемлекеттің көркем санасы. Салыстырыңыз. Гомердің Иллиада мен Одиссей эпостары сол кездегі гректердің, римдықтардың мемлекетінің көркем тарихы екені туралы ғалымдар айтуда.

Қазақтың батырлары – Алпамыстар елді, мемлекетті қорғамағанда, несімен ел есінде сақталған?

Қазақтың байырғы эпосы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу». Ол заманындағы мемлекеттің көркем санасы. Бұл эпос тек аңыз емес, нақтылы тарихи деректері бар реалистік шығарма. Айталық, Аягөз өңіріндегі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мазары, эпоста кездесетін қыздардың есімдері: Ай және Таңсық, бүгінде елді мекен атаулары. 2002 жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосының 1500 жылдық тарихы кеңінен республика көлемінде атап өтілді.

«Егемен Қазақстан» газетінің 2002 жылғы 28 желтоқсандағы санында «Махаббат мұнарасы» атты көлемді мақала жарияладым, ол «Ақиқат» журналының 2004 жылғы №6 санында «Дала пирамидасы» деген атпен қайта жарияланды.

Сондықтан қазақ мемлекетінің тарихының қалыптасуы дегенде біз кемінде 1500 жыл деген межені алуымыз керек.

Тіптен оның алдындағы Шығыс, Батыс Түрік қағанаттарын, оның алдындағы Мөде хан, Атиллла (Еділ), Ғұндар дәуірін есепке алмағанда.

Біздің мемлекеттік тарихымызда әр замандарда әрқилы атаулармен аталып келдік, мысалы, Үйсін мемлекеті, Қаңлы мемлекеті, Дәшті-Қыпшақ мемлекеті, Найман хандығы, Керей хандығы, Дулат хандығы, Жалайыр хандығы, Ноғайлы хандығы. Осындай қисындарға келсек, Керей-Жәнібек құрған Қазақ хандығы қазақ мемлекетінің тарихының бастау бұлағы емес, оның түлеген, түрленген жаңа бір тарихи дәуірі.

***

Ғасырлардан-ғасырларға ұласқан терең тарихымызды сараласақ, Қазақ Ренессансы деген ұғымға тоқталмақпын, оның екі кезеңі бар:

Бірінші кезеңі Керей-Жәнібек құрған Қазақ хандығы, олай дейтінім, қазақ деген этноним VII-VIII ғасырларда болған тайпаның атауы. Ол Азов пен Еділдің арасында өмір сүрген Тұрандық тайпа деген мағлұматтар бар. Ондай деректер «Моңғолдың құпия шежіресінде» де кездеседі. Мысалы, Есукей батыр ұлы Темуджинге (Теміршіге) Дей шешеннің 10 жасқа толған Бөрте есімді қызына құда түскенде Дей шешеннің айтқаны:

«Біздің қоңырат тайпасы ежелден бері:

Бөтен елді шаппаған,

Беті сұлу қыздарын,

Хан ұлына арнаған,

Қазақ арбаға қондырып,

Қара бура жектірген» – деп өлеңдетеді.

Бұл ХІІІ ғасырдың басында айтылған сөз.

«Қазақ арбасы» деген түсінік Шыңғыс ханның бала кезінде бар. «Моңғолдың құпия шежіресінде» Шыңғыс хан қайтыс болғанда оны тағы да «қазақ арбасына» салып алып жүреді. Бұдан шығатын қорытынды:

Шыңғыс ханға дейін қазақтар болған, олардың арбасы болған.

Сонда қазақтар деген кімдер? Кешенді түрде зерттеу керек. Бүгінгі моңғолдар қазақтарды өз тілдерінде «хассақтар» дейді. «Хассақ» екі сөзден құралған: біріншісі «хас», екіншісі «сақ». «Хас» деген сөз тілімізде жиі қолданылады. Хас батыр, хас шебер, хас болат, хас сұлу, мұндағы «хас» сөзі «нағыз» деген мағынаны білдіреді.

Сақ дегенге келсек, ол түсінікті. Тарихта сақ тайпасының болғаны жұртшылыққа мәлім.

«Хакім Абай» кітабымның алғы сөзінде сақ ойшылы Анахарсистен Абайға дейін мәдени-рухани кеңістік барын жұрт назарына ұсынып едім. Қазақтардың сақтармен (скифтармен) генетикалық, тарихи, рухани, дүниетанымдық туыстығы талас тудырмаса керек. Мәселені осылай қойсақ, моңғол ағайындардың айтып жүргендері тура.

Біздің тарихи аталуымыз «хассақ».

Біздің қазақ аталуымыз сірә, тіліміздің сингорманизм заңына сай екі ашық дауыссыз дыбыстың «з» дыбысына айналуынан болса керек, оған қоса айтарым, бізді географиялық карталарда, әсіресе, орыс мәдени қайраткерлері, жылнамашылары, «қырғыз-қайсақтар» деп атайды. Қырғыз деген сөзді қоя тұра, «қайсақ» сөзіне мән берсек, бұл да екі бірліктен тұрады: бірі «қай», екіншісі «сақ».

Түбір сөз «сақ». «Қай» деген «Хас» сөзінің орыс тілінің сингармонизміне түсуіне байланысты және де орыс тілді православия дініндегі «казактардан» айыру үшін «хастың» бұрмаланған түрі.

Керей мен Жәнібек және жаңа мемлекеттің ұраншысы Асан қайғы хандық атауын аспаннан алған жоқ, олар бұрынғы дәуірде өмір сүрген қазақ тайпасының атын жаңғыртып отыр. Егер Керей мен Жәнібек және Асан қайғы өздері құрғалы отырған хандықтың атауын ру тайпалар атымен атаса, айталық, Найман десе немесе Жалайыр десе, өзге тайпалар бұл саяси одаққа кіруден бас тартар еді. Осы жағдайды түсінген хандық құрушы сұлтандар және Хакім Асан қайғы барлық түркі тайпаларына ортақ ата тегіміз САҚтан бастаған.

Олар нағыз сақтар хандығын құрамыз деген идея көтерген.

Бұл идея жалпы түркі жұртына ортақ. Қазақ атану мемлекеттік идеяға ұласқан. Сондықтан Қазақ хандығы аз уақыттың ішінде сан жағынан молайып, қуатты мемлекетке айналған. Қасым хан кезінде Ноғайлы хандығы мен Қазақ хандығы бірігіп, бір шаңырақ құрып, Ұлытауға қоныс аударған. Бұл қазақ Ренессансының бірінші тарихи кезеңі.

Айта кету керек, Қазақ хандығының алғашқы астанасы Шу бойындағы Қозыбасы деген жер. Сұлтандар бұл қонысты тегіннен мекен еткен жоқ. Шу бойындағы Қозыбасы деген елді мекен Жүсіп Баласағұнның «Құтты білім» кітабында да кездеседі. Тегі, бұл мекеннің аталуы «Қозы басы» емес, «Ғуз басы», яғни оғыздардың бұрынғы астанасы, қонысы болса керек.

***

Дәуірлер өткен соң Қазақ хандығы әрқилы тарихи жағдайларға тап болып, ақыры Ресей патшасы 1822 жылы Қазақ хандығын (мемлекетін) басқару формасы ретінде күшпен жойды. Елдігінен айырылған халқының жағдайын Хакім Абай дөп басып айтқан:

 Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың,

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп екі ұртың.

Бұл қазақ халқының бодандық халінің көрінісі. Осындай жағдай ХХ ғасырдың басына дейін келді.

ХХ ғасыр басында Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ ұлтшылдары Алаш ұранын жаңғыртып, Алашорда мемлекетін құрды. Бірақ оның да ғұмыры қысқа болды. Большевиктер Алашорда Үкіметін қиратып, оның көсемдерін жаппай репрессияға салды.

Сөйтіп, аты бар, заты жоқ Қазақ ССР деген қоғамда қазақ халқы 1991 жылға дейін Коммунистік отаршылдықта ғұмыр кешті.

***

1991 жылы 1 желтоқсанда қазақ халқы өз ішінен демократиялық жолмен Президент сайлады.

Бұл Қазақ Ренессансының екінші тарихи кезеңі қазақ елінің жаңа заманы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа мемлекет құруынан басталды. Жаңа тұрпаттағы мемлекет қалыптасты, Қазақ елі атандық. Мемлекеттің институттары құрылды, нарықтық қатынастар орнады, қоғамдық сана қалыптасты, Егемендік жаңа дәуір басталды.

Замандар өтер, ұрпақтар алмасар, бірақ төл тарихымызда жаңа заманда қазақ мемлекетін құрған тұлға Нұрсұлтан Назарбаев есімі қазақ халқымен бірге өмір сүрмек.

Ғарифолла ЕСІМ

Автор туралы: Ғарифолла Есім, ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, абайтанушы.

Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

twelve − 1 =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org