Sauap.org

Әдемі сөйлей білу шеберлігі

Шешендікке қалай үйренуге болады? Бұл мақала жұртшылық алдында сөйлеуге немесе әлдекіммен әңгіме жүргізуге қиналатын адамдардың қажетіне жарайды деген ойдамыз. Бірінші кезекте, бәрі де адамның өзіне байланысты екендігін түсіну және өз кемшіліктеріңізбен ұзақ әрі қажырлы түрде күресу қажет болады. Кей кезде тіпті зордың күшімен жұмыс жасауға тура келеді. Табандылық танытсаңыз, табысқа жолығасыз. Осы орайда адам жұмыс жасайтын ұжым әр жерде әртүрлі болатынын ұмытпаған жөн. Демек, әрқайсысына өзінше жол іздеген абзал.

Сонымен, ең алдымен, әдемі сөйлей білу үшін жақсы сөздік қорын иелену қажет болады. Әйткенмен, сөзді немесе сөйлемді іріктеп, тек орнымен, орайымен пайдаланған жөн екендігін жадтан шығармаңыз. «Айтылған сөз – атылған оқ». Сүйек жармағанымен, жанды жаралайды. Яғни, сөздік қорды ақылмен қолдану керек. Бұл жерде бір тамшы жігер-энтузиазм, қате түсініктерден адалық және ең бастысы – жақсы импровизация талап етіледі.

Естіген жанды баурайтын, ойландыратын, толғандыратын, жүрек төріне қонатын көрікті ойларды төгіп-төгіп тастайтын адамдар болады, олар шешендік дарынға ие. Мұндай тұлғаларға қандай да бір жазбаларға, қағаздарға қараудың қажеті жоқ, ауыздан төгілетін асыл сөздердің бәрі дайын күйде баста тұр. Оларға жетпек қайда демеңіз!

Ал біз бұған дейін айтылған негізгі ісімізге – сөздік қорды арттыруға қайта ораламыз.

Оған қалай қол жеткізуге болады?

Бірінші кезекте кітаптар. Кітап – жан азығы ғана емес, ол біздің ең үздік досымыз және жолдасымыз! Неғұрлым көп кітап оқысаңыз, сөздік қорыңыз да соғұрлым көбірек болады, осы арқылы-ақ сіз алдыңызға қойған мұрат межесіне дейінгі қашықтықтың үлкен бір бөлігін еңсересіз. Әрине, әртүрлі авторларды оқи беруге болады, дегенмен, дұрысы – өз ойларын тамаша тілмен, көркем сөзбен жеткізе білетін жазушыларды таңдағаныңыз ләзім. Ондай дарынды ділмарлардың туындылары қазір көп, әсіресе, қазақ классикалық және заманауи әдебиетінде.

Әрбір кітап – біздің кеңесшілеріміз. Олардың айтатынына ден қойған, мұқият оқыған, өзге істерге алаңдай бермеген жөн. Кітапты үстірт оқымай, оның тұңғиығына тереңдей сүңгіп, түбінде тұнған жауһарларды тере білудің маңызы зор. Бұл үшін логикалық ойлай білу керек болады. Бұл біреуге оңай, біреуге қиындау тиеді, бірақ біз бұл жерде жоғарғы математика бойынша аса күрделі теңеулерді шешкелі отырған жоқпыз, ендеше кітапты талдауға көзі ашық адамның логикасы жеткілікті болса керек.

Логика – шешендіктің ең маңызды өлшем-критерийлерінің бірі болып табылады. Себебі ол қажетті уақытта, қажетті жерде қандай сөздерді қалай айту керектігін анықтап, бізге көмектеседі.

Сөздік қорға жүгінген кезде, кез келген тілде көркем эпитеттер, тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер және басқалары жайдан-жай ойлап табылмағанын ескерген жөн. Майын тамыза сөйлеу арқылы сезім пернесінде ойнап, кез келген адамның ақыл-санасы мен жүрегін жаулап алуға болады.

Бүгінде, біздің заманымызда қарапайым сөйлеу стилі – ауызекі тілде сөйлесу үстемдік құрған. Ол эмоцияны, тіліміздің бар сұлулығын шегіне жеткізе паш ете алмайды, тек бізге қажетті ақпаратты жеткізуге қызмет етеді. Күнделікті өмірде әдеби стильде сөйлеп, өз ойларын құнарлы да нәрлі, бай тілмен жеткізетін жас жігітті не бойжеткенді сирек кездестіресіз. Бұл бізді неге тоқтатуы керек? Адамдарды таң қалдыратын кезіңіз келді!

Сөздік қор, қисын-логика, тағы не керек?

Тағат-төзім, өз ойларыңды жете түсіну және қимыл ырғағының үйлесімділігі! Қимыл ырғағы, ым-ишара (жест) біздің өмірімізде орасан зор маңызға ие. Қайратты, ерік-жігерлі адам екі аяққа нық тұрады, қушимай, арқасын, кеудесін тік ұстайды және адамдарға қайырыла отырып, қолын халыққа қарай созады, осы арқылы жұртшылыққа әлдебір өте маңызды жайтты жеткізгісі келетінін білдіреді. Бұған қатысты оқулық-әдебиеттер көп.

Әдетте, саясаткерлер көп сөйлейді, сөздерін ым-ишарамен сүйемелдейді. Осы арқылы олар тыңдаушы адамдардың назарын өзіне «байлайды». Үлкен саясаттағы тұлғаны алдымен қимыл ырғағына, ым-ишараға үйретеді, ал жаттықтыру аяқталғаннан кейін бапкер ұстаз оған «енді мұның барлығын ұмыт!» дейді. Ол оны шынымен ұмытады, бірақ барлығы түйсікте жатталып қалғандықтан, ырғақты әрі үйлесімді қимыл, ым-ишара еріксіз туып отырады. Осылайша, ол саясаткердің ойын бөлмейді, әдемі сөйлеуіне кедергі келтірмейді.

Ым-ишараның маңыздылығы сол, кейде біз қандай да бір саясаткердің не айтып жатқанын түсінбейміз, бірақ оның қолының қимылы, бет-жүзінің ым-ишарасы бізге «бұл азамат не істеу керектігін біледі» деп, сендіре түседі. Міне, осылай.

Жаттығу өте маңызды. Айнаның алдына тұрып алып, өзіңізге өзіңіз әлдебір тақырыпта әңгіме айтып беруге және өз ойларыңызбен бөлісуге ұялмаңыз. Тіпті туған-туыстарыңызға, достарыңызға, таныстарыңызға сөз байлығыңызды паш етуден қысылмаңыз. Бірте-бірте бәрінің көзі үйреніп, құлағы отығады. Сіздің жаңа деңгейіңізді мойындайды.

Барлық жерде жаттығу қажет, тіпті қажет болса, кездейсоқ жүргіншілермен әңгіме барысында да. Егер басыңыз бос жас болсаңыз, бейтаныс қызға (жігітке) жақын келіп, сөзбен үйіріп әкету мүмкін бе? Мүмкін. Бұл жерде батылдық керек және оның өте көп көлемде болғаны жөн. Бұл істе сондай-ақ тәжірибе де өте маңызды. Белгілі бір уақыттан кейін шыңдалған шеберлік пен бойға дарыған машық өз дегенін жасайды да, шешендік сіздің әріптесіңіз бен досыңызға айналады және таусылмас сөз байлығын еркін жұмсауға, ұтымды басқаруға мүмкіндік туғызады. Тек өзіңіз ашқан бұл дарыныңызға құрметпен қараңыз.

vitamarg.com материалдары негізінде

Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

13 − five =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org