Қазақстан тарихыТарих

ШАЛБАР ҚАЗАҚСТАНДА ОЙЛАП ТАБЫЛҒАН

Фото http://fb.ru/misc/i/gallery/12260/528534.jpg

Бүгінде әлемде шалбар кимейтін халық аз. Бірақ байырғы замандарда оны тек көшпелілер ғана киген кезең болған.

Ғалымдардың айтуынша, қазіргі Қазақстан «шалбар ойлап табылған ел» ретінде аталуға толық құқылы. Осы инновацияның арқасында барша халықтар көшпелілердей планетамыздың климаты саналуан әртүрлі өңірлерін игеру мүмкіндігіне ие болды.

Ғалымдар тұжырымдауынша, алғашқы шалбарды Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан аумағында өмір сүрген, мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі тайпалар Ерте темір дәуірінде жасаған.

Ол уақытта басқа халықтарда шалбар киюге деген қажеттілік болмаған, сондықтан олардың киімі екіге бүктелген және денені орай қыстырылған мата түрінде болып келеді. Адамзат тарихындағы ең ежелгі саналатын киім түрлері – «хитон» (Ежелгі Грекия), «схенти» (Ежелгі Мысыр), «килт» (Байырғы Шотландия) осы тектес болып келеді және екі бұттың арасын жаппайды.

Алайда дүниежүзінде алғаш болып жылқыны қолға үйреткен және өмірінің жартысын аттың үстінде өткізген көшпелі ата-бабамыз үшін мұндай киімнің жарамсыздығы бірден айқындалады. Мұның ғылыми дәйектеме-негізі бар: басқа жануарлармен салыстырғанда, жылқының тері бездері (glandulae sudoriferae) ең ірі болып келеді, сәйкесінше, бір де бір жануар дәл «Қамбар ата» түлегіндей қатты терлемейді. Аттың тері «натрий хлориді» (тұз қышқылының натрийлі тұзы), ағуыз және басқа да органикалық және органикалық емес заттардан тұрады. Тиісінше, ұзақ шапқан аттың үстін ақ көбік жапқанда, ол заттар адамның терісіне сіңіп, салмақты жаралардың туындауына соқтыратын болған.

Осыған байланысты жауынгер көшпелілер ұзақ жорықтарға шыққанда, әрбір аяғын санынан бастап, тобығына дейін аң не малдың өңделген терісімен жеке-жеке орап алатын болған. Кейін тұрақты түрде кию үшін бұдан шалбар ойлап табылады.

Ғалымдар ең ежелгі шалбарды да тапты.

Фото altyn-orda.kz

Адамзат тарихындағы ең ежелгі шалбарды Шығыс Түркістандағы (қазіргі кезде батыс Қытайдағы Шыңжаң провинциясы) моланы ашқан неміс археологтары қазып алды. Ол көшпелі адамға киілген. Шыңжаң өлкесі Қытай құрамына тек Жоңғар империясы құлағаннан кейін қосылғаны мәлім. Бұл аумақта оған дейін қазақ тайпалары да молынан мекендеген, олардың ұрпақтары қазір де сонда тұрып жатыр.

Ғалымдар сонда жер астынан жарыққа шыққан жәдігердің «жасы» 3200 жыл болатынын анықтады. Бұл Еуразия континентінің екінші бір шетінде Троя мен хеттер империясы күйреген кез болатын. Әлемде бұдан байырғы шалбар әзірге табылмады. Ендеше бұл – алғашқыларының бірі болуы да ғажап емес.

Аталған шалбар жап-жақсы күйде сақталған. Ол ебедейсіз емес, адам денесіне шақтап, матаның арнайы пішілген үш құрағынан тігіліпті. Әр жері кестемен өрнектелген. Шалбардың құйрық тұсы және бұттың ортасы матаның қосымша қабатымен тысталған. Сонысымен ол атта шабуға арналған қазіргі заманғы шалбарларды көзге елестетеді.

Археологтар өздері тапқан ежелгі шалбардың не үшін жасалғанына күмәнданбайды: ол әрине, бірінші кезекте салт аттылардың киюіне арналған.

Көптеген ғалымдар шалбарды, басты киім ретінде, атпен қозғалатын көшпенділер ойлап тапқанына сенімді. Кейін бұл «сән» атқа мінбейтін жаяуларға, соның ішінде отырықшы елдерге де тараған.

Айтқандай, орыс тіліндегі «штаны» сөзі түркі тіліндегі «іштон» деген сөзден алынған. Бұл «іші» және «тон» (түрікше, «жылы сыртқы киім» мағынасында) сөздерінен құралған.

Батыста, соның ішінде Еуропада шалбардың тарихы сақтардың тері және былғары шалбарларынан бастау алады. Күнбатыстағы елдер өкілдері бұл киім көшпелілерді ауа райының қолайсыздығына төзімді ететінін және адам терісін, әсіресе санын қорғайтынын біледі. Ізінше шалбарды сақтардан өзге де жауынгер жұрттар, соның ішінде галлдар мен германдықтар, яғни «еуропалық варварлар» өздеріне қабылдайды. Сондықтан Ежелгі Римнің патрицийлері шалбарды ұзақ уақыт бойы «варварлар киімі» санаған және оны киген адамдар үшін қатаң жаза көзделген.

Кейіндері шалбарды атпен ұзақ жорықтарға аттанатын жауынгерлерге киюге ұлықсат етіледі. Сарбаздар елдеріне қайтқанда, алыс жорықтан оралғандарын атап көрсету үшін үйлерінде шалбар киіп жүретін болған. Сонда да Батыста шалбар «ақталуы», күнделікті киімге айналып, лайықты бағалануы үшін бірнеше жүзжылдық қажет болды.

2017 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналып, еліміздің Ресейдегі, Мәскеу қаласындағы елшілігінде өткен іс-шара барысында Лев Гумилев атындағы Мәскеу Орталығының директоры, ресейлік зерттеуші Павел Зарифуллин байырғы ата-бабаларымыздың адамзат өркениетіне қосқан осы материалдық құндылығын атап өтті.

«Біздің ұстанымызша, қазақтар, тұтастай алғанда, бүкіл Алтын Орда өркениеті инноваторлар болып табылады. Ұлы Дала ұландары, көшпенділер адамзатты талай жаңалыққа, өркендеуге бастады. Дөңгелекті де ойлап тапқан – көшпенділер. Ал тұңғыш соғыс техникалары – қос доңғалақты арбалар Оңтүстік Орал мен Қазақстан аумағында бірінші пайда болғаны дау тудырмайды. Көшпенділер атты да алғаш қолға үйреткен. Сақтар шалбарды ойлап тапты, соның арқасында қазір біздің бәріміз халат емес, шалбар киіп жүрміз! Осының барлығы адамзат өркениетін түбірімен өзгертті», – деді ғалым.

Аттың бірінші болып, қазақ жерінде, Солтүстік Қазақстандағы Ботайда қолға үйретілгенін халықаралық қоғамдастық жақында ғана ресми мойындады. Қазір бұл ғылыми жинақтарға енгізілуде. Ұзақ уақыт бойы Семей, «Капустин Яр» сияқты ядролық полигондары, Барсакелмес пен «Возрождение» аралдары сияқты бактериологиялық қару түрлерінің сынақ алаңдары бар жер, саяси көзқарастары өзгеше тұлғалар жер аударатын мекен, «халықтар лабораториясына» айналған ел ретінде жаһан жұртшылығы үшін мүлдем жабық болған Қазақстанның даңқты төл тарихы енді ғана әлемге ашылуда. Демек, әзірге кейбір жанда кекесін мен күмән-скепсис тудыратын «Шалбар Қазақстанда ойлап табылған» деген ғылыми негізделген теория да уақыт өте келе, халықаралық қоғамдастық тарапынан жаппай мойындалары сөзсіз.

Дереккөзі (қайнары) Sauap.org

 

Қосымша сілтемелер: www.dw.de/, www.altyn-orda.kz/, www.gumilev-center.ru/

Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

10 + fourteen =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.