Шерхан Мұртаза, Интернат наны
Әлтай нанға тоймаушы еді. Басы дәу, үрпек шаш, мойны қылдырықтай, шүңірек көз, томпақ ауыз қара бала болатын. Болбырақ, оқуға олақ, есіл-дерті ауқатқа ауып кеткен сияқты еді. Сабақтан қала береді. Ебі келсе асханаға кезекші болуға тырысады. Кезекшінің міндеті — екі шелекпен өзеннен еңірете су тасиды. Жүз баланы асырайтын тайқазан толғанша тасиды. Одан ыдыс-аяқ жууға қосымша тағы тасиды.