Sauap.orgҚазақстан тарихыТарих

Алашорда – 100 жыл

КҮРЕСКЕР РУХТЫ ҚАҒАЗҒА ТҮСІРЕ АЛҒАН

Шоқан, Ыбырай, Абай құбылысының Алаш қайраткерлері тарапынан байыпталуы

Алаш зиялылары елiнiң болашағын сол кездегі жаңа дәуір шындығы контексiнде iздеген Абайдың кезеңінде қалыптасқан «бастапқы Ағартушылар буынына» лайықты баға бердi. Осы бағаны зерделеу – ғылым үшiн аса қажет нәрсе. Оны бiлу арқылы бiз екi қорытындыға қол жеткiземiз. Бiрiншi, рухани сабақтастық қалай жүргенiн аңғарамыз. Екiншi, алдыңғы буынға берiлген идеологиялық мәжбүрлiктен ада бағаны байыптаймыз.

Алаш зиялыларының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан еңбектерiнен Шоқанға – “оқығанның жалғызы” /1/, Абайға “қазақтың жалғызы” /2, 310/ деп берген анықтамасын оқимыз. Қайраткердiң қысқа әрi нақ айтылған сөзi Абайдың: “Моласындай бақсының, жалғыз қалдым – тап шыным” деген ойының түсiндiрмесi тәрiздi. “Бiр жағынан үкiметтiң орыстандыру саясатының тоқтаусыз жүруi, екiншi жағынан исламның насихатталуы қазақ қауымының ескi рулық бiрлестiгiне дiни-саяси сипат бердi”,- деп жазады Ә.Бөкейхан 1910 жылы Петерборда жарияланған “Қазiргi мемлекеттердегi ұлттық қозғалыстардың формалары” (“Формы национального движения в современных государствах”) атты жинаққа кiрген “Қазақтар” (“Киргизы”) деген зерттеуiнде /3, 73/.

Ақын қазасына арнап жазған мұнақыбында Әлихан: “Ислам дiнi қазақ даласында жеңiске жетiп, орныққан жаңа кезең Абай назарын араб, парсы және түрiк тiлдерiндегi бiлiмге аударды. Мүмкiндiгi мен қабiлетiнiң арқасында ол араб-парсы тiлдерiн өз бетiнше оқып, еркiн меңгерiп алды һәм қасиеттi кiтаптардың бiлгiрi атанды. …Дiн мәселесiнде Абай қалыптасқан ғадеттi бұзды. …Талант, бiлiмiмен Абай партия таласына араласып кеттi және мұнда да елдi аузына қаратты. Абай отанында тағдыр жазуымен мезгiлсiз туған саф асыл едi. Оның күшi басқа-басқа, партия таласына жұмсалмауы тиiс-тiн”,-деп тұжырымдағаны мәлiм /3, 308/. Осы қазанамада сондай-ақ Абайдың көзқарасы Грос, Михаэлиспен танысқан соң түбегейлi өзгергенi, ақынның бiлiмдар қуаты Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Тургенев, Салтыков-Щедрин, Достоевский, Белинский, Добролюбов, Писарев, философтардан Спенсер, Дрепер, Льюис еңбектерiн сүзiп шыққаны, дүниетаным мен оқу көкжиегiн кеңейтудегi арманын балаларының талабына үмiт етiп қосқаны жазылады. Бұл некрологтың бар түйiнi “мезгiлсiз туған саф асыл” деген ойда тұр деп санаймыз.

20-жылдары Мағжан, Әлихандар “Алқа” атты әдеби ұйым құрмақ болып, оның айқындамасында: “Қазақ әдебиетiнiң алыбы Абай – қазақ даласына кеулеп кiрiп келе жатқан капитализмге, отаршылдыққа халықтың қанды жас төгiп ерiксiз шалған бiрiншi құрбаны”,- деп көрсетедi /4, 259/. Бiздiңше, осы екi ойдың арасында сабақтастық бар. Контексте қарағанда “мезгiлсiз” сөзiнiң уақыттан гөрi меженi аңғартатынын байқаймыз. Сонда ол қай меже? Сөз жоқ, әңгiме сапалық кезеңге көшу туралы болып отыр. Әлихан Ш.Уәлиханов туралы байыптамасында да осы кезеңдi нұсқайды. Ол былай деп жазады: “Жыр-өлең басу екi түрлi: бiрi ана “Зарқұм”, “Салсалды” бастырушының жолы. Мұның мақсұды оқушылардан алым алу; екiншi жол – әлгi Шоқан кiтабы басылған жол. Мұның көздегенi – оқушы пайдасы, ғылымға жол оңайлау” /5/. Дәл осы жерде ағартушы дiни фольклорды мансұқтап отырған жоқ. Мәселе – елдiң сұранысын қанағаттандыру мен талғам-талабын жөнге салуда һәм бiр орында бүгежектеп қалмауда болып отыр.

Әлихан пiкiрiнше, Шоқан – сапалық өзгерiстiң басында тұрған тұлға, бiрақ “қазақта орысша оқығанның жалғызы”. Г.Н.Потаниннiң 80 жылдығына арналған мақаласында Ә.Бөкейхан осынау гуманист, адалжүрек азамат-ғалымның үзiк ойларын оқырманға ұсынады. “Саяси жолындағы бiзге жылы көрiнетiн бiр негiздi пiкiрi мынау, – деп ойын сабақтайды Әлихан. – “Елдiң тұрмысын, тiлiн, мiнезiн бiлмеген кiсi көш басын алып жүре алмайды. Олай болса көп ұлттан құралған Русияны бiр орыстың билеймiн дегенiнде мағына жоқ. Русия өзге тiлi, тұрмысы, қаны басқа жұртқа автономия беру керек” дейтiн Г.Н. “Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, “Қозы Көрпеш-Баянды” шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Мiржақыпты тапқан қазақтың кiм екенiн Еуропа сонда бiлер едi-ау” дейтiн Г.Н.” /6, 90/.

Бұл үзiндiлер арқылы мақала авторы Шоқан бастаған үркердей зиялылардың елi үшiн қолынан келгенiн жасағанын меңзейдi.

Оқу-баспа iсi өрiстеп, кеңес үстемдiгi орнай бастаған, бiз шартты түрде “инерциялы ағартушылық” деп атаған шақта Әлихан Бөкейхан Мәскеудегi “Күншығыс” баспасынан А.Байтұрсынұлына “Абай мен Алтынсарыұлы туралы еңбегiңнiң қолжазбасын жiбер” деген мазмұнда хат жазады /7/. Баспа бетiн көрген-көрмегенi белгiсiз бұл еңбек дәл қазiр қазақ ғалымдарының қолына түскен жоқ. Алайда Ахметтiң өзiне дейiнгi ағартушылар жөнiнде еңбек жазуды қолға алуы – құнды факт. 20-жылдары баспасөз бен мәдени ұйымдар жұмысында Ы.Алтынсарин тұлғасы пiкiрталас тудырғанда, тарихи дамуды дұрыс зерделей алатындар “Ахмет Ыбырай заманында туса, Ыбырайдай болар едi, немесе Ыбырай кеш туса Ахметтей болатын едi” дегенге саятын ой айтқан-ды /8/.

А.Байтұрсынұлы ХVIII-ХIХ ғасырдағы тарихи-рухани процестi былайша түсiндiредi: “Әдебиеттi молдалар дiн бесiгiне бөлеп, таңып тастаған себептi, әдебиет көпке дейiн өңдеп, өсе алмай, мешел болып аяғын баса алмай жатқан. Сол күйiнде тұрғанда патша үкiметiнiң саясаты келiп килiгедi. “Қазақ – дiнi шынығып жетпеген, шала мұсылман халық. Мұны мұсылман дiнiнен христиан дiнiне аударып жiберу оңай” деген пiкiрмен, патша үкiметi қазақ пен ноғай арасында жiк салып, екеуiн айырғысы келдi. …Орыс өзiне тартып, ноғай өзiне тартып, екеуi екi жаққа сүйреп жүргенде, қазақ орыс әдебиетi арқылы Еуропа жұрттарының әдебиетiмен танысады” /9, 262/.

Мiне, кездейсоқтықтан гөрi заңдылыққа сәйкес осы құбылыс, яғни сапалық өзгерiске бағытталған рухани күш сұранысы Ахметтiң логикасы бойынша, Шоқан, Ыбырай, Абайларды дүниеге келтiрдi. Мұны ағартушы былай тұжырымдайды: “… Өнерпаз Еуропа жұртының сындар әдебиетiн көргеннен кейiн …ғана Еуропа әдебиетiнен тұқым алып, қазақ әдебиетiнiң сүйегiн асылдандырып, тұлғасын түзетушiлер шыға бастаған. Қазақ әдебиетiнiң асылдануына, әсiресе әсерi күштi болған – Абай сөздерi” /9, 277/. Ахмет көбiне әдебиеттегi сапалық өзгерiстi айтқанымен, оның осы ойын ғылым, оқу-ағарту iсiне қатысты да қарастыру ақылға қонады. Сондықтан Байтұрсынұлының пайымын ХIХ ғасырдағы шындықпен байланыста түйсiну жол болмақ. Сонда ғана “молдалардың дiн бесiгi”, “дiнi шынығып жетпеген”, “екi жаққа сүйреу”, “сүйегiн асылдандырып, тұлғасын түзеу” ұғымдарының мәнi ашылады.

Осы тұста бастапқы ағартушылардың өзiнен кейiнгiлерге танылу мәселесiн айналып өтуге болмайды. Баспа-басылым iсiнiң өрiстемеген шағында, яки ақпарат кеңiстiгiнiң шектеулi кезiнде ақын-қаламгерлер еңбегiнiң құны таралымына қарап емес, бiр дана болып бiр адамға жетсе де маңыздылығымен өлшенсе керек. Мысалы, “Қазақтың бас ақыны” зерттеуiнде Ахмет: “Абайдың сөзiн мақтамайтын адам болмады”,-деп, көрмей сенбегенiн, оны қолына алғаш 1903 жылы (яғни, 30 жасында) түсiрiп, жақын танысқанын, сөйтiп талантын мойындағанын жазады /9, 298-304/.

Әлихан да Абай өлеңiмен, салыстырмалы түрде, кеш танысқан. Бұдан, сөз жоқ, ақын өлеңiнiң қоғамдық-эстетикалық орны мен мәнi аласармайды. Абай өлеңi Жетiсу мен Жиделiбайсынға, Маңғыстау мен Балқантауға, тiптi ресми Орынбор мен Омбыға дер кезiнде жетпеуi оның құнына бiр мысқал да әсер етпейдi. Дәл сол кез үшiн Абайдың айналасы – қазақтың әлемi, алаш дүниесi. Шоқан, Ыбырай туралы да осыны айта аламыз. Ш.Уәлихановтың – Омбы мен Петербор, Ы.Алтынсариннiң – Орынбор мен Қазан архивтерiнде сақталып келген жазбалары, есептерi, хат-хабарлары, басқа да еңбектерi халық назары мен ғылыми айналымға кеш түскендiгi ол дүниелердiң мән-мазмұнына нұқсан тигiздi деу қисынсыз болар едi. Бiрақ бастапқы ағартушылардың кейiнгi буынға еңбегi жетпесе (жете алмаса) де, рухы жеттi. Сөзi жетпесе де, ниетi, ынтасы жеттi. Қағазбен жетпесе де ауызбен жеттi. Осы факторды да ұмытпаған жөн. Және де бастапқы ағартушылар туралы мәлiметтер мен олардың жазғандары “негiзгi ағартушылық” шағында құнтталып, жиналып, жариялана бастағанын қаперде ұстаған абзал.

Дара көрiнген ағартушылардың аудиториясы болды ма деген сұраққа Ахмет жоғарыдағы зерттеуiнде ойлы жауап берген. Ол былай дейдi: “Абай көп нәрсенi бiлген, бiлген нәрселерiн жазғанда мынау халыққа түсiнуге ауыр болар, мынаның сыпайышылыққа кемшiлiгi болар деп тайсақтап тартынбаған, хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңдi терең қалыбында жазған” /9, 303/. Бұл жерде ақынның “сөз түзелдi, тыңдаушы сен де түзел” деген пайымы еске түседi.

ХХ ғасыр басында тұңғыш қазақ журналы – “Айқапты” (1911-1915) шығаруға мұрындық болған Мұхамеджан Сералин руханиятта көрiнген сапалы өзгерiстер туралы: “Жаңа рухта жазылған кiтаптардың дүниеге таралуы – қазақ халқының iшiнде де бiрлi-жарым ұйқылы-ояу бастарын көтерушiлердiң барлығына таң қараңғысындай бiр ишарат болып көрiнсе керек”, деп жазады /10, 4/. М.Сералин Шығыс тарихшысы һәм ойшылы дәрежесiне көтерiлген Ш.Маржанидiң жүз жылдығына арнап жазған мақаласында /11, 18/ жаңа рухқа себепшi қазақ ағартушыларының қадiрленбей отырғанына өкiнiш бiлдiредi. Ол өкiнiшiн былай деп жеткiзедi: “Өткен 1914 жылы он бесiншi иулде алтыбас Ыбырай Алтынсариннiң дүниядан қайтқанына жиырма бес жыл толып өттi. Қазақ жұрты үшiн Алтынсариннiң еткен қызметi көп едi. Соны есiне алған қазақ болды ма? Жоқ. Бiз күлтүрни жұрт қатарына кiруден алыс жатырмыз”.

Санаткер-журналист осындай өкiнiштердiң орнын толтыру үшiн шығарған журналы арқылы дәйектi жұмыс жасап, бұл басылымға ұлт келешегiне сенген түрлi көзқарастағы зиялыларды топтастыра алды. Ахмет, Әлихан, Мiржақыптар ел мен жер, тiл мен дiн, тағылым мен тарих туралы ана тiлiндегi алғашқы мақалаларын осы “Айқапта” жариялады. “Айқап” пен “Қазақ” – алғашқы ағартушылардың iзгi арманынан туған басылымдар-тын. Ресей басылымдарымен байланыста болған Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, М.Бабажанов өз жұртында, ана тiлiнде газет-журнал шығуын көксемедi деу ақылға сыймас.

Мiржақып Дулатұлы да Шоқан жөнiндегi мақаласын ағартушының “көп қызметiн бiлмеу себебiн” тiлге тиек етуден бастайды. Ол: “Қазақ сияқты өнер-бiлiмнiң асылын танымаған, қаламмен қызмет етушiнiң қадырын бiлмеген жұртқа қырық тоғыз жыл ұмытарлық көп заман. Қылышынан қан тамған батыр болмаса, Қарымбайдай ертегi болып қалған бай болмаса, оқушысы жоқ бiздiң қазақ ғылым жолында еңбек етушiлердi тез ұмытқыш келедi”,-деп өкiнiш бiлдiргенiмен, осы ойын: “Бiрақ заман өткен сайын халықтың көзi ашылып, әдебиетi гүлденiп, матбуғаты жайыла бастаған кезде естен шыққан Шоқандардың артында қалдырған сөзiн қайта тiрiлтiп, кiм екендiгiн бiлдiрмей қоймайды”,-деп тарихи заңдылықты ескертiп түйiндейдi /12/. М.Дулатұлының бұл зерттеу мақаласы – Ш.Уәлиханов еңбегiне жан-жақты баға берген (Н.Н.Веселовскийдiң 1904 жылы Петерборда жариялаған басылымына сүйенiп жазылған) құнды дүние. Осында ағартушының тарихи қызметi былайша тұжырымдалған: “Шоқанның бар талабы ғылымға ұмтылу, қазақ халқына пайда келтiру, қазақ халқының тұрмысын, рәсiмiн, тарихын анықтау жолында болған”. Мiржақып Шоқанның өмiрiн де, артында қалдырған жазбалары мен зерттеулерiн де ағартушылықтың биiк межесi ретiнде көрсеткен.

Абай мұрасымен М.Дулатұлы да кеш танысқанға ұқсайды. (“1904 жылы үйiн (маусым) жұлдызының басында Омскiге барғанымда Абай өлеңдерiнiң жазбасын алғаш Ақымет Байтұрсыновтан көрдiм”,-дейдi ол). Петерборда 1909 жылы “Абайдың балалары һәм iнiлерiнiң ризалығы һәм Ғалиханның ыждағатымен” шыққан ақын кiтабына рецензия есебiнде жазылған мақаласында Мiржақып А.Құнанбайұлын Ломоносовқа теңейдi /13/. “Қайдан өрбiгенiн, қайдан өскенiн, ата-бабалары кiм болғанын, не iстегенiн бiлмеген жұртқа бұл талас-тартыс, тар заманда арнаулы орын жоқ. Сондықтан Абайдың аты жоғалуы – мұнан кейiн де шығатын Абайлар сондай ескерусiз ұмытылуы ықтималы, қазақтың жоғалуы, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бiрдей”,-дейдi қаламгер.

М.Дулатұлы Шоқан мен Абай тұлғасына қазақтың өркениетке қалаған бiрiншi кiрпiштерi ретiнде қарайды. Сонымен бiрге қаламгер Шоқан өмiрiне байланысты ел арасында айтылып қалатын бейсауат сөздерге түсiнiк бере отырып, “таза пiкiрлi, ақ жүрек ұлтын сүюшi жiгiттi” нақақ жаладан арашалайды.

Заманында Семейде “Абай” атты журнал шығарып, негiзгi ағартушылыққа Абай биiгiн эталон етiп көрсеткен, алаштың бары мен жоғына ұлы ақын көзiмен қарауға тырысқан Жүсiпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Әуезов: “Абай жалғыз ғана ақын болды деуге болмайды. Әдебиетiмiзге негiз салған да – Абай, адамшылық, тәрбие, ғылым, өнер, кәсiп деген сөздердi ойлап, тексерген де – Абай. Қазақтың тұрмысын, өнерiн, мiнезiн айқын суреттеп, кемшiлiгiн көрсеткен де Абай”,-деп жазған болатын /14, 4/.

Мұхтар, тағдыр жазуымен, Абай дүниеге келген топырақта туды, ал Шыңғыстаудан аса жырақ емес Қызылтауда өмiр есiгiн ашқан Жүсiпбек С.Садуақасұлы сауалына қайтарған жауабында: “Абай өлеңдерiмен бала күнiмнен таныспын. Кiтабы басылмай тұрғанда, ел қыдырған өлеңшiлердiң аузынан бiрталай өлеңдерiн көшiрiп алып, жаттаған едiм”,- дейдi /15/. Бұл фактi жоғарыда айтылған ағартушылардың елге танылуы һәм аудиториясы деген мәселеге қатысты тұжырымымызды шегелей түседi. “Абайдың өнерi һәм қызметi” атты мақаласында /16, 1-3/ Жүсiпбек пен Мұхтар руханияттағы “Абай дәуiрiн” анықтайды. Түрлi мысалдар келтiрiп, ақынның әдебиетке олжа салған қырларын бажайлайды. Сөйтiп Абай феноменi зерделенедi. “Абайдың ақындық күшiнiң зорлығы – өз заманында жұртты өзiне қаратып алып, кейiнгiлердi де сол iзбен әкеле жатыр”,-деп тұжырымдайды авторлар.

20-жылдары Ы.Алтынсариннiң тарихи орнын бiршама зерделеген қаламгерлердiң бiрi – Мұхтар Әуезов. 1922 жылы “Қазақ әдебиетiнiң қазiргi дәуiрi” атты еңбегiнде ол: “Аурудың емi мынау деп, ашып айтып, бiр нәрсенi шешiп берсе де, бiрде дiндi, бiрде оқуды, бiрде таза адамшылықты ем қылып ұсына бастаған – Алтынсарин”,-десе /17, 218/, 1927 жылы жарық көрген “Әдебиет тарихы” атты зерттеуiнде: “Ендiгi сөздi Алтынсарин заманды жоқтап, заман зарын айтуға арнамайды, … оның орнына, мүмкiн болғанша, ем айтқысы келедi. Бiрақ мұның айтқан емiнде бiр бағыттық, анықтап бастаған екпiн, ағын жоқ. Елдiң әр алуанына әр түрлi ем айтады. Елдiң үмiт, сүйенiшiн жас буынға артқандай болады”,-деп түйiндейдi /18, 218/.

Ы.Алтынсариндi Мұхтардың “емшi” ретiнде көруiнде толық негiз болса керек. Өйткенi ХIХ ғасыр қаламгерлерi iшiнде оқшау тұратын Ыбырайдың ел дәстүрiне қосқан жаңашылдығы өмiрiнде де, өнерiнде де байқалғаны мәлiм. Алайда М.Әуезов тұжырымында салмақты ой Ыбырайдың даралығын әрi жалғыздығын танытатын “емiнде бiр бағыттық, анықтап бастаған екпiн, ағын жоқ” деген пiкiрiнде жатыр деп есептеймiз. ХIХ ғасыр шындығында (отар елдiң тұсауына тұтастай түскен ұлттың шындығында) елден ерек қара үзiп шығып, артындағы жұртқа қарайлау, оларды бiр бағытқа, жүйеге салу – аса сирек құбылыс. “Әр алуан ем” осындайда айтылады. Ыбырайдың руханиятқа қарасты емi – “бетегеден биiк, жусаннан аласа” адамның емi емес, отаршыл елдiң ұңғыл-шұңғылын түсiне алған жүрегi бар адамның емi едi деу орынды.

Алаш қозғалысына белсене араласпаған және одан тым шет те кетпеген оқымысты, тарихшы Санжар Асфандиярұлы ХIХ ғасырдағы қоғамдық-саяси жүйе мен алғашқы ағартушылар арасын былайша зерделептi: “Алтынсарин мен Уәлихановты крепостниктiк хұқық үстемдiк еткен кезеңде дворяндар мен помещиктерден шыққан орыстың алғашқы либерал-батысшылдарымен салыстыруға болады. …Олар шындығында қазақ ұлтшылдарының шығуына негiз болды. Ал ХIХ ғасырдың орта тұсындағы Қазақстанның қоғамдық-экономикалық жағдайында буржуазиялық ұлтшылдық қалыптасатын құнарлы топырақ жоқ едi. Бұлар соны қалыптастырды” /19, 246/. 30-жылдары марксистiк-лениндiк диалектика заңына сүйенiп айтылған Санжар ойы тарихи шындықтан алшақ емес. Алайда ұлтшылдық пен тапшылдыққа қойылған акцент бұл пайымға саяси сипат бередi. Жалпы бұл уақыт “инерциялы ағартушылықтың” билеушi саясатқа түпкiлiктi жеңiлген шағы болғандықтан, С.Асфандиярұлы тарихи процестi осылай ғана түсiндiре алды.

Бастапқы ағартушылардың дара өкiлi ретiнде Абай тұлғасына, Абай сөзiне, Абай бейнесiне ден қойған зиялылар аз болмады. 1912 жылы “Шолпан” жинағына кiрген “Алтын хакiм Абайға” деген өлеңiнде Мағжан Жұмабайұлы: “Көз ашып, жұртың ояу болған сайын, Хакiм ата, тыныш бол, қадiрiң артар”,-десе /20, 22/, 1922 жылы Ташкентте басылған Абай кiтабы туралы жазған мақаласында Iлияс Жансүгiрұлы: “Абай сол халықтың өз рухы тiлiмен сөйлеген ақын”,-деп /21/, оны тарих кемесiнен лақтырмақ болған солақай сыншылардың “кәрiнен” қорғайды.

Жеке-дара көрiнсе де алғашқы ағартушылар қазақ қоғамына, өзiнен кейiнгi толқынға не бердi, ұлт ой-санасына қандай олжа салды, ұлт тағдырына қатысты не бiтiрiп, не қойды, олардың еңбегi қалай бағалануы керек – осы сұрақтардың бәрi-дағы ХХ ғасыр басында зиялының күллiсiн толғандырды. Олай болуы заңды едi. Бұлар – алаш оқығанының бағдарын анықтайтын сұрақтар болатын. Және оған рух ауанына қарап мақалаларында, өлеңдерiнде, прозалық, драматургиялық шығармаларында бiршама жауап берген қаламгерлер аз болған жоқ. Алайда бұл мәселеге арнайы тоқталып, таратып айтуға тырысқандар көп те болмады. Мұның бiрнеше себебi бар. Бiрiншiден, “негiзгi ағартушылар” еңбегiнiң көбi саяси күрес пен белсендi жұмысқа жұмсалды, сондықтан олардың байыпталған зерттеу жазуына уақыт тар едi. Екiншiден, отаршылдық езгiсi жойылып бiтпеген кезеңде сол жүйеде озып шыққандар еңбегi аталған жүйеде өсiп шыққандар үшiн “дау-дамайлы тақырып” болатын; “оған баруға оқығандар жүрегi дауаламады” дегеннен гөрi, “олар уақытын күттi” деген расқа шығады.

Қоғамдық-саяси күрес пен азаматтық қызметiнiң тынымсыздығына қарамай, күрделi уақытқа рух сәулесiн түсiруге жұмылған, саяси жүйелердiң қытымыр қалыбынан сескенбей тарихи әдiлеттiктi ту етiп көтерген тұлғаның бiрi – Смағұл Садуақасұлы. Смағұл пiкiрiнше, орыс әкiмшiлiгiнiң оспадар әрекетi оқығандар арасындағы ерлердiң ашу-ызасын тудырып, қарсылықтың пайда болуына алып келген. Ал, бұл қарсылық сананы жаңғыртқан, сапаны өсiрген. Ағартушылардың “көрiнбейтiн көз жасы” кейiнгiлердiң рухын суарған /22, 21-27/.

Ғылыми айналымға түспеген (түсу бұйырмаған), жұқанасы жазушы, санаткерлердiң естелiгiнде қалған А.Байтұрсынұлының елу жылдық мерейтойында жасаған С.Садуақасұлының “Ақаңның алдында” атты баяндамасы – кеңес тұсындағы “инерциялы ағартушылықтың” бағдарламасы сынды еңбек болған деп санаймыз. Сәбит Мұқанұлы былай дейдi: “Садуақасұлы Байтұрсынұлын мақтай жөнелмей, сатылап жеттi. Оның баяндауынша, қазақ халқының бес көсемi бар, олар: Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай, Ахмет” /23, 509/.

Смағұлдың “сатылауына” негiз бар болатын. Хан Кене – тәуелсiздiк үшiн күресте мойымаған, рухы жеңiлмеген қайраткердiң, Шоқан, Ыбырай, Абай – күрескер рухты қағазға түсiре алған, дара шапса да жалғыздығын бiлдiрмеген, халқының намысы болып жанған ағартушылардың, Ахмет (Смағұлдың Әлиханды айтпауының этикалық себебi бар) – қателiктен сабақ алған толқынның, бiлiм мен бiрлiктi, бiлiк пен байыпты қатар ұстаған зиялылардың рәмiзi едi. Сондықтан С.Садуақасұлы “сатысын” – жүйелеу деп қараған орынды.

С.Садуақасұлының бастапқы ағартушыларға қатысты ендiгi бiр жүйелi еңбегi – “Қазақстан үшiн жоғары оқу орнының маңызы туралы” атты баяндамасы /24, 21-31/. Бұл баяндаманы Смағұл Халық ағарту комиссары ретiнде Ташкентте 1926 жылы 29 қазанда тұңғыш ашылған Қазақ жоғары педагогика институтының (1920 жылы Орынборда ашылған ағарту институты – КИНО-ның мәртебесi бұл оқу орнынан төмен болса керек) салтанатында жасаған.

“Ресейдiң отаршылдық саясатының Батыс Еуропаның осындай саясатынан айырмашылығы,- дейдi Смағұл. – Ресей саясаты әрi өте жабайы, әрi дөрекi, әрi надан болатын. …Патшалық Ресей қазақтарды орыстандыру мен православия дiнiне кiргiзудi армандады. …Ақ патшаның аямай берген қаржысына лайық жұмыс iстеген миссионерлер қазақ халқын ұлт есебiнде жойып жiберудi көздедi”. Автор бұл саясаттың түпкiлiктi әрi дәйектi жүргiзiлгенiне қарамай, iшкi күш – ұлттық рух Ресейдiң дегенiн болдырмағанын жазады.

Сiбiрдегi оянулар – С.Садуақасұлы жүрегiне аса жақын тақырып. Алғашында Ядринцев, кейiннен Потанин негiзiн салған Сiбiрдегi ғылым-бiлiм ошақтары Смағұл тұсында ғана емес, күнi бүгiнге дейiн толайым нәтиже берiп келе жатқанын зиялылар жақсы бiледi. Жалпы Николай Михайлович Ядринцев тұлғасы бiздiң отандық ғылымда Ш.Уәлихановқа қатысты оқта-текте еске алынатыны болмаса, Сiбiр халықтары мен олардың зиялыларына тигiзген әсерi тұрғысынан жете зерттелiнген емес. Егер салыстырмалы түрде айтсақ, түркі, ресейлiк мұсылман халықтарына И.Гаспринский қандай игi ықпал жасаса, Н.М.Ядринцевтiң Сiбiр халықтарына (ұлтына, дiнiне қарамай) сондай әсер еткен болатын. 1891 жылы шыққан (кейiн 1897 жылы Еуропада – Женевада басылған) “Ұлылық пен бейшаралықтың елесi. Ресей керi кетiп барады” (“Иллюзия величия и ничтожество. Россия пятят назад”) атты iргелi еңбегiнде Сiбiрдiң ұлы зиялысы былай дейдi: “Орыс ұлтшылдығы және славяншылдық … орыс тiлiн барлық жерге енгiзу, православ дiнiне бiрiншi орын беру орыс саясатын жеңiске жеткiзедi дейдi бiзге. Империя iшiнде тұратын түрлi дiндегiлерге айдап салып отырған осы шара қандай есеппен жасалынып отыр екен?.. Басқа мемлекеттердi, ұлттар мен ұлыстарды өзiне қосып алу бүкiл әлемде шыдамдылық жасауды, адам хұқын қорғауға кепiлдiк берудi, осының бәрiн заңмен бекiтудi тiлейдi. Мемлекет бұған кепiлдiк берген едi және бұл мемлекеттiк саясат едi. Ал осыған қарама-қарсы саясатты қалай атауға болады? Бұл ұлттық саясат па, жоқ Ресейдiң мемлекеттiк мүддесiне қайшы, ұлтқа қарсы саясат па? Бiз мұны жөнсiз, әрi тарихқа қайшы саясат деп ойлаймыз” /25, 212/.

Мiне, осындай пайымы бар гуманист Ядринцевтiң Ш.Уәлихановпен пiкiрлес болғаны, кейiн Том қаласында университет ашып, Сiбiрдi оятқанын С.Садуақасұлы айрықша еске алады. Және қазақтың жас зиялыларына Ядринцев пен Потаниннiң қайратын, табандылығын, салиқалылығын тiлейдi.

Алғашқы ағартушылардың еңбегiн парықтау үшiн, сөз жоқ, Батыс пен Шығыс елдерi тәжiрибелерiне барлау жасау қажет. Бұл орайда Смағұл екi жақтың да таңдаулы үлгiсiмен сусындап, барын байытып, кемшiлiгiн жойған Жапон тәжiрибесiн тiлге тиек етедi. Қаламгер отандық ағарту iсiнде Ресей арқылы Батысқа қол созған; Еуропаның бiлiмiн үйренсе де, бiлiгiн бұрмалаған ресми Петербордан жиренген кезi аз болмаған қазақ ағартушыларының тағдыры мен тарихын Ядринцев сынаған жүйенiң шындығымен сәйкес қарастырады. Ол Шоқан мен Ыбырайды халқына бақыт iздегендер, бiрақ тапқан бақыты халқының мүддесiмен орайлас болмағанына өкiнгендер, оспадар орыс саясатына құрбандыққа шалынғандар есебiнде қарайды. С.Садуақасұлы Шоқан мен Ыбырайдың амалсыз, қауқарсыз болғандығына өкiнiш бiлдiредi. Қаламгер “Шоқан өлiмi еуропалықтар мен орыстарға қатал ескерту болды” деген Ядринцев сөзiн ауызға алады. Сонымен бiрге ол ағартушылардың жеке өмiрiн қазбалап, екеуiнiң де құсадан қайтыс болғанына бұлтарпас дәлелдер келтiредi.

Смағұл тұжырымы (концепциясы) мынаған саяды: қай қайраткер болсын өзiнiң туған Отанына ерiктi жағдайда қызмет етсе, еңбегi жемiс бередi. Егер туған елiң бiреудiң езгiсiнде болса, оны азат ет. Әйтпесе еңбегiң құмға сiңгенмен бiр есеп. Бастапқы ағартушылар осы шындықты маңдайына тиген соң түсiнген дегендi айтады С.Садуақасұлы. Осы ойын ол замандастары мен студенттердiң есiне салады.

ХIХ ғасырдағы қазақ қауымының ахуалы алаш зиялысы Қошке Кемеңгерұлының 1921-22 жылдары жазылып, 1924 жылы Мәскеудегi “Күншығыс” баспасында жарияланған “Қазақ тарихынан” атты зерттеуiнде белгiлi дәрежеде жүйелi талданған. Бұл еңбектiң негiзгi нысанасы – алаш жұртының патшалық Ресей отарлауындағы тағдыр-талайы.

Осы зерттеуде бастапқы ағартушылардың тарихи орны да зерделенген. Қ.Кемеңгерұлы былай деп жазады: “Қазақты үздiк ұлттығынан айыруға тырысқанда, қалың ел һәм оның оқығандары не iстедi? Қалың қазақ екi-ақ орында наразылық бiлдiрдi: 1. Шоқындыруға тырысқанда, 2. Сыпырып жерiн алғанда. …Қазақтың оқыған азаматынан ең бiрiншi бұқараның мұңын жоқтаған, ұлтшылдық негiзiн салған Шоқан Уәлиханов. …Ибраһим Алтынсарин де фанатизмге қарсы болып, миссионерлердiң түпкi мақсатына алғашында көз жiбермей, оқумен қазақты қатарға кiргiздiм деген ойда болды. Бұл-дағы ұлтшылдық өрiсiне бет алды. …Сiбiрдi бөлу (областничество) ойымен сайланып, қазақты жауынгерлiк жолымен ел қылу ниетiмен әскер жинай бастаған Сұлтанғазы Уәлиханов болды” /26, 117-121/.

Қошкенiң тұжырымдары Смағұлдiкiмен ұқсас. Бұл екi тұлғаның бiр-бiрiмен байланыссыз жасаған пайымының сәйкес келуiне қарап, Шоқан заманына таяу (бiзден, бiзге дейiнгiлерден гөрi) толқынның ортақ байыпты пiкiрi жоғарыдай болған деуге негiз бар. Әрине, “Қазақ тарихынан” зерттеуiнде Шоқан, Ыбырай, Сұлтанғазы еңбектерi бiршама таратылып айтылады. Бiрақ түйiн бiр: олар сабақ алып барып қана отаршылдар жайын түсiндi, жеке-дара шамасы келгенше қарсыласты, ұлттық күрес негiзiн қалады, құсадан өмiрден өттi. Қажыр-қайратын, iзашар iсiн халық ұмытпау керек. Әйтсе де дерек тұрғысынан Сұлтанғазының iс-әрекетi ғылыми әдебиеттерде көп айтылмайды. Оның Ядринцев, Потанин бастаған “областничество” қозғалысына қатысуын айналып өтуге болмайды.

20-жылдарға дейiн-ақ эмиграцияға кеткен Мұстафа Шоқай да өзiне дейiнгi ағартушылар туралы пiкiр бiлдiрген екен. Шоқанның өмiр тарихын, қилы кезеңдерiн жаза келе, Мұстафа былай дейдi: “Шоқан туралы естелiк жазған бiр орыс жазушысы: “Осы бiр бұратана өкiлi көз талдырар биiкке көтерiлгеннен кейiн, кенет өз халқының тағдыры хақында үрейленiп, iркiлiп қалуы, өз халқына жат адамға айналып қалудан қорыққаны оның өзiн-өзi қорғау түйсiгiнiң әсерiнен болғанын көрсетедi” деген едi. …Бiздiңше, трагедияның қайнар көзi жат адамға айналып қалам деп қорқуында емес, жат адамға айналып қалуында едi. Шоқан орыс (Батыс) халқының рухымен өз халқын бақытты ету мүмкiндiгiн iздедi. Шоқан басынан кешiрген ащы сабақтардан, қайғылы оқиғалардан кейiн барып, өз халқына өгей болып бара жатқанын сезiндi. …Бiздiң ғасырымыз Шоқан дәуiрiне қарағанда мүлде басқа. Шоқан ол кезде жалғыз едi. Және оның алдында халқын ұлт деңгейiне көтеру мiндетi де тұрған жоқ болатын” /27, 177-178/.

Сонымен, негiзгi ағартушылық өкiлдерiнiң бастапқы ағартушылық тұлғаларына берген бағасын жинақтай көрсетсек, төмендегiдей болып шығады:

Бiрiншiден, алаш зиялыларының пiкiрiнше, Абай ұстыны болып табылатын бастапқы ағартушылық – қазақ ұлтының тарихи дамуының заңды белесi. Яғни, қазақ қауымының өркендеуiндегi iшкi және сыртқы факторлар осы ағартушылықтың тууына себеп болды. Екiншiден, бастапқы ағартушылар жалғыз-дара көрiндi және олардың байқалуында Ресейдiң демократиялық күштерiнiң әсерi мол болды. Дара ағартушы – алып жүйе алдында қауқарсыз күш. Бiрақ ол – халқының жағдайы үшiн жүйеге қарсылықтың нышаны. Үшiншiден, бастапқы ағартушылар алғаш өзi оқып шығып, қызметiне тұрған ресми жүйенiң тек “мәдени” жағын көрдi. Кейiн бұл жүйенiң амал-айласын көргенде, одан бездi, Ресейдiң жаңғыруын қалады.

Төртiншiден, елмен араласқан соң, алғашқы ағартушылар қандастарының хұқы, дiнi, рухы тапталып жатқанына көзi жеттi. Осыған алаңдап, ресми орындарға, қамқор достарына хат-хабар бiлдiрдi. Бұл – олардың алғашқы күресi едi. Күрес нәтиже бермедi. Олар құса болды. Бесiншiден, алғашқы ағартушылар бiр-бiрiмен байланыссыз болса да, қоғамдық жағдайдың бiр болғандығынан, орайлас ой айтып, ұқсас әрекеттер жасады. Алтыншыдан, бұл ағартушылар ұлтқа жанашыр оқығандар едi. Сондықтан, олардың еңбегi, iс-әрекетi – жаңа заманда ұлттықты сақтаудың алғашқы iргетасы болды. Бұлар болмаса (болуы заңды), негiзгi ағартушылардың шығуы кешеуiлдер едi.

Дана Абай жұрттың бақыты үшiн қажыр-қайратын аямайтын хакiмдер туралы айта келiп: “Уахсусан (ерекше) адам баласының ақыл-пiкiрiн ұстартып, хақ пенен батылдықты айырмақты үйреткендiгi – баршасы нафиғлық (өнегелі іс) болған соң, бiздiң оларға мiндеткерлiгiмiзге дау жоқ,” – дегенi мәлiм /28,203/. Тарих тағылымы көрсеткендей, дана ақынның осы сөзі ақиқатқа айналды. Алаш зиялылары – «бастапқы Ағартушылар буыны» іске адалдығын байыпты ойларымен, табанды қайраткерлігімен көрсетті.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

әдебиет тарихшысы, алаштанушы

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қыр баласы. Петр Петрович Семенов // Қазақ, 1914, 16 март
  2. Қ.б. Офат (Е.П.Михаэлис)//Кiтапта: Бөкейхан Ә. Таңдамалы. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 1995. – 310 б.
  3. Бөкейхан Ә. Таңдамалы – Избранное. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 1995. – 478 б.
  4. Қамзабекұлы Д. Руханият. – Алматы: Бiлiм, 1997. – 272 б.
  5. Қыр баласы. Қара қыпшақ Қобыланды // Қазақ, 1915, 23 май
  6. Ер Сайын. Жыршылар айтуынан алып, өңдеп өткерушi Байтұрсынұлы Ақымет. – Мәскеу: Ұлттар Комиссариаты қарауындағы Күншығыс баспасы, 1923. – 93 б.
  7. ҰҚК архивi. № 78754-iс, 7-том
  8. Ш-н. Лайықты қошемет // Ақ жол, 1922, 10 сентябрь; «Талапң төңiрегiнде//Ақжол, 1923, 29 март
  9. Байтұрсынов А. Шығармалары.-Алматы: Жазушы, 1989. 320-б.
  10. Айқап, 1913, №1
  11. Айқап, 1915, №2
  12. Қазақ, 1914, 24 июль
  13. Қазақ, 1914, 23 июнь
  14. Абай, 1918, 4 февраль, №1.
  15. Қазақ әдебиетi, 1988, 23 декабрь
  16. Абай, 1918, №3
  17. Шолпан, 1922, №3
  18. Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тiлi, 1991. – 240 б.
  19. Асфендияров С. История Казахстана. – Алматы: Қазақ университетi, 1993. – 304 с.
  20. Жұмабаев М. Шығармалар. – Алматы: Жазушы, 1989. – 448 б.
  21. Тiлшi, 1923,8 май.
  22. Трудовая Сибирь, 1919, №1
  23. Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. Он алты томдық. Х том. – Алматы: Жазушы, 1976. – 520 б.
  24. Садвокасов С.С. О значении ВУЗ-а для Казахстана // в кн.: Годы работы Высшего педагогическокго института. – Ташкент: издание Казпедвуза, 1928. – 21-31 с.
  25. Литературное наследство Сибири. т. 4. – Новосибирск: Западно-Сибирское книжное издательство, 1979. -520 с.
  26. Кемеңгерұлы Қ. Қазақ тарихынан. – Мәскеу: Ұлттар комиссариаты қарауындағы Күншығыс баспасы, 1924. – 147 б.
  27. Шоқай М. Таңдамалы. I том. – Алматы: Қайнар, 1998. – 512 б.
  28. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екi томдық толық жинағы. II том. – Алматы: Жазушы, 1995. – 382 б.
Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

12 − 4 =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org