Sauap.orgҚазақстан тарихыТарих

АЛТЫН АДАМДАР ЕЛІ

«Қазақ елінің аспан түстес көк байрағында алтын күнмен астасқан алып қыран қанат керген,-дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.-Осынау терең мағыналы нышанда кешегі тарихымыз бен бүгінгі биігіміз, ертеңгі ерен істеріміз түгел тоғысқан! Оған біз Қазақ елінің аспанын бұлт шалмасын, қыран бейнелі мәртебесі шырқап, көкке шарықтап, күнге жетсін деген асыл мұратымызды сиғыздық. Қазақ баласының мызғымас та мұқалмас ерлік дәстүрінің тамыры тереңде жатыр. Халқымыз үшін көкке көтерілген байрақ – қасиетті нышан! Ел шетіне жау келсе, біздің батыр бабаларымыз осы байрақтың түбінен табылған. Азаттық жолындағы арпалыстарда ерлеріміз елдіктің туы еңкеймеуі үшін жандарын құрбан қылған. Ел иесі – ерлеріне «туың жығылмасын!» деп бата берген. Біз, бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің азаматтары, осы бата бойына дарыған ұрпақпыз!»

Иә, біз көк байрағымызды құлатпай, ешкімге басын имей, еңсесі биік кеткен батыр бабаларымыздың батасы дарыған ұрпағымыз!

Аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орынды алатын, о шеті мен бұ шетіне құлан жортса, тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр жерді қорғап қалу жолында жанкештілікпен айқасқан қайсар қазақтың жауынгерлік тарихына үңілсеңіз, тұңғиықтан қопарыла қозғалып, асқақтай шарпынып, биікке ұмтылып, дамылсыз толқыған ерлікті көресіз.

Биыл 70 жылдығы атап өтілген Ұлы Жеңіс жолында, сонау 1418 тәулікке созылған қанды қырғын, сұрапұл соғыста жау оғынан ықпай, қасқайып кеудесін тосқан қаһармандарымыз көнеден келе жатқан батырлық дәстүрді жалғастырып әкетті. Өйткені олардың түбі мықты еді.

Тіпті әлемдегі ең ұлы империялардың бірін құрған Шыңғыс хан да, оның мұрагері саналатын «Алтын орда» билеушілері де қазақ-қыпшақ батырларына жүгінген.

Ұлы Отан соғысында неге Кеңес басшылығы біздің Бауыржандай арыстарымызды алғы шепте ұстады? Өйткені «жеңісті күреспей бер» деп ақырып келген, анталап төнген тегеурінді жаудың бетін қайтару керек болды. Аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орынды алатын, о шеті мен бұ шетіне құлан жортса, тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр жерді ұстап қалған қазақ батырларының кез келген дұшпанның мысын басып, намысын жаншып, таптап, үстінен аттап өтетіні қысылғанда, естеріне түсіп отырған. Қазақ ұлтының ұландары артылған үмітті ақтады, сенімге селкеу түсірмеді.

Олар «мүгедек боламын» деп мүдірмей, қиындықты көріп, кідірмей, бойдағы қуат-күшін түгел жұмсап, ақыл-санасын жеңіс жолында сарқа пайдаланды. Олар өзгенің орман-даласында шайқас салып, жауды туған жеріне жібермеу, қазақтың Ұлы Даласын таптатпау үшін жанын қиды.

Мәскеу түбіндегі соғыс кезінде Бауыржан өздері тұрған тұстан кейінгі жердің картасын жыртып тастап, отқа жақтырған. Онысы – Мәскеуді жау алса, бәрі біткені, ары қарай туған жер, оған жіберуге болмайды деген тұжырымы еді.

1942 жылғы 18 қазанда «Правда» газетінде жарияланған мақаласында Илья Эренбург орыс халқы атынан тамсана, тәнті бола жазады: «Один фриц мне сказал: «Против нас были страшные солдаты – их не мог остановить никакой огонь, они бежали прямо на нас. Потом мне сказали, что это – Казахи. Я не знал прежде, что существует такой народ». Фрицы многого не знали…»

Немістер ол кезде көп нәрсені білмеді. Өз тұсында төрткүл дүниені қолында қайқы қылышы, үстінде берен сауыты, дархан далаға қалқан болып, ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың лайықты ұрпағы қарсы тұрғанын білмеді.

Азаттық жолында қаншама қиындықтарды бастан кешкен қазақ халқының ауыртпалықтардан қабырғасы қайысса да, морт сынбайтынын, еңсесі езілсе де, рухы түспейтінін, асылын берсе де, намысын бермейтінін білмеді.

Бауыржан Момышұлындай ерен ерлеріміз, Қазақстаннан, Талғардан шыққан 28 панфиловшы Кеңес Одағының «жүрегі» Мәскеуді сақтап қалды. Бүгінде неміс елі де мойындаған Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа туды орнатып, соғысқа «нүкте» қойды.

Енді Тәуелсіздікпен бірге сол батырлардың даңқы асқақтай беруі керек. Өйткені «Мәңгілік ел» болу үшін елдік пен ерлікті біріктіруіміз қажет. Қазақты қарашаңырақтың құт-иесі ретінде ұрпаққа таныту үшін батырларымызды ұлықтау, сөйтіп, түптен келгенде, төл тарихымызды танып-білу маңызды.

Рухани дүниеміз кедейленіп, рухымыз жалаңаштанып бара жатыр дейміз. Ащы да болса айтуға тура келеді, бұған тосқауыл қоймаса, ұлттық батырлық үлгі жоғалып, ұрпақ «өзінде бармен көзге ұра» (Абай) алмайтын мүшкіл халге жетіп, өзгеге табынып, тамсанумен өтпек.

Біздің тәуелсіз ұрпақ барын мақтан тұтып, еңсесін тік ұстап, көк туымызды төбеден төмен түсірмеуге тиісті.

Сондықтан Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, ерліктің толассыз қайнары, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы Бауыржан Момышұлының ұрпаққа қалдырып кеткен таусылмас мирасы, сарқылмас мұрасы әркез еске алынып, жас ұрпақ алдында сырдай сөз болып отырса, жұрт алдында жырдай айтылып отырса, оның өнеге, ерлігі талай жүректерді жаулап, түлектерді баулып қанаттандыра берері сөзсіз.

Қаншама қырғындар мен қан қасаптарды, қасіреттер мен азаптарды, кеселдер мен кесапаттарды бастан өткерген қаһармандарымызға қанша марапат көрсетсек те, көптік етпейді. Жүрегіне парасат ұялаған, сырының айдынында сұрапыл күрескерлік рух бебеулеген батыр бабаларымыз жас ұрпақты жарқын болашаққа жетелейді.

Ата-бабамыз «жорықта алдыңа, жолда артыңа қарайла» деген нақыл қалдырған. Яғни, өткенімізді ойға алмасақ, жаңамыз жарылқай қоймасы анық. Ендеше, ел үлгі тұтар ерлерімізді еске түсіру, ескеру маңызды.

Олардың қай-қайсысы болсын, мансап қумаған, шен мен шекпенге таласпаған азаматтар. Атақ пен даңқты оларға халықтың өзі құрметі мен қошеметіне қатар бөлеп, берген. «Мәңгілік ел» болу жолында батыр бабаларымыз бен әкелерімізді үлгі тұтуға тиіспіз. Олар қанын төксе де, арын төкпеді. Қандай қиындықтар көрді! Кейінгі тауқыметтер оның қасында түкке тұрмайды.

Бүгінде тағдыр біздің мойнымызға тағы да заманауи заңғар жүктер артып отыр. «Мәңгілік ел» құру жолында алдан тұрар талай сыннан сүрінбей өту үшін біз баба рухымен рухтануға тиіспіз.

Әлемнің тең жартысы бұтында лыпасы жоқ, жапырақ жамылып жүргенде, сенің ата-бабаларың «Алтын адам» болғанын ардақ тұт! Тарихи тамыры тереңде, мәдениеттің мәйегі, өркениеттің құт мекені болған, Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін көсіліп жатқан кең өлкені жайлаған, мыңғыртып мал айдаған, мәрттігімен уәдесінен таймаған, алты Алаш ханын сайлаған, шаршы топқа түскенде, шешен болып сайраған, қылышын тасқа қайраған, найзасына үкі байлаған ұлы бабалардың ұрпағы болғаның сен үшін бақыт екенін ұмытпа!

Амандық болса, бұл ғасыр қазақтың алдына қара салмайтын «Алтын ғасыры» болады.

Елдіктің белгісі бірлікте екендігін естен шығармаған батыр бабаларымыз сын сәттерде бас біріктіріп, еңселі ел, қаймағы бұзылмаған халық қалпын сақтап отырған.

Олай болса, бүгінгі бүкіл мүмкіндігімен бірге қаупін қатар ұсынып отырған алмағайып, ар тайғақ заманда ата жолымен білекке білек, жүрекке жүрек, тілекке тілек қоса білгенде, әрі біліммен шыңдалған, иманмен нұрланған жастарымыз жаңа заманмен жарасым тапқанда ғана алдағы асу-белестерден абыройлы өте аламыз.

Ұлығыңды емес, ұлтыңды ойлайтын, руыңды емес, рухыңды ойлайтын, Қазақ елінің әрбір азаматы өз мойнына ел үшін жауапкершілік алатын заман. Өткенге – бабаларымыз, бүгінге – біз, келешекке – жастар жауапты екендігін естен шығармайық.

БАҚЫТБЕК СМАҒҰЛ

Автор туралы: Бақытбек Смағұл Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ» қауымдастығының төрағасы.

«Ауғанның от жалыны», «Мен көрген соғыс»,

«Война, которую видел я», «Қан кешкен

күндер», «Намыстың кұлы – Алаштың

ұлы», «Yш қырлы жебе»,

Б.Момышұлының «Қолбасшы күнделігі –

Дневник командира» еңбегі (екі тілде),

«Оқ пен Отан», «Қазақтың Қара майоры»,

«Король Панджшера», «Қаһарман» кітаптарының авторы.

 

 

 

Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

2 × three =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org