Sauap.orgҚазақстан тарихы

Қазақстандық тұңғыш микроспутник

Тәуелсіздік күні қарсаңында, 2018 жылғы 14 желтоқсанда KazSTSat атты қазақстандық тұңғыш микроспутниктен тұңғыш ғарыштық түсірілім алынды, деп хабарлайды Sauap.org.

Ғарыштан жердегі заттарды айыру қабілеті 17 метрге дейін жететін «KazSTSat» ғарыш аппараты дәл осы күні Оңтүстік Америка аумағының үстінен ұшып өткенде, Аргентинаның оңтүстүгіндегі ірі теңіз айлағы саналатын Рио-Гранде қаласын суретке түсірді.

KazSTSat микроспутнигі – 2018 жылғы 4 желтоқсанда, Астана уақыты бойынша түнгі 12 сағат 32 минутта АҚШ-тың Калифорния штатында орналасқан «Вандерберг» ғарыш айлағынан көк сеңгіріне жол тартқан отандық екі ғарыш аппаратының бірі болып табылады.

Сол күні қазақстандық KazSTSat микроспутнигі мен KazSciSat-1 наноспутнигін Илон Масктың SpaceX компаниясының Falcon 9 тасымалдағыш зымыраны орбитаға табысты алып шыққанын еске саламыз.

Еліміздің Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің түсіндіруінше, бұл ғарыш аппараттарын ұшыру – төменгі орбиталы отандық осындай төл спутниктерді жобалау, құрастыру және сынау технологияларын жетілдіру үшін қажет болып отыр.

Бұдан бөлек, осы жер серіктеріне басқа да міндеттер жүктелген.

«Олар Жер ионосферасында ғылыми зерттеу жүргізеді, сондай-ақ технологиялық жүктемелер (Қазақстанда жасалған қосалқы жүйелер) үшін қажетті «ұшу тарихына» қол жеткізеді. Тұңғыш рет ғарыш аппараттарын жасауға қазақстандық мамандар – қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің аэроғарыш комитетіне қарасты «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясының «Ғалам» ЖШС-і (Ghalam LLP) және «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығының» ғарыштық техникалар мен технологиялар институты қатысты», – деп мәлім етті министрлік.

Атап айтқанда, ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесінің (ҒТМ ҒЖ) осы қос спутнигін бірлескен қазақ-британ инженерлер командасы жасады.

«KazSTSat» микроспутнигінің салмағы 100 келі тартады. Ол 3 мультиспектралді арнаға ие және Жерді қашықтықтан зондтау миссиясын жүзеге асырмақ. Әрбір зерттейтін қармау-қамту аумағы кем дегенде 250 шақырымды құрайды. Жерден 570 шақырымдық биіктіктегі орбитада айналып, кем дегенде 1 жыл белсенді жұмыс жасайды деп жоспарлануда.

Дәл сол 570 шақырым орбитада қалықтайтын ғылыми мақсаттағы екінші ғарыштық аппарат – «KazSciSat-1» наноспутнигінің салмағы небары 5 келі ғана. Оның тұғырнамасы CubeSAT технологиялар базасында жасалған көрінеді. Бұл спутникке феррозондты магнитометр бекітілген. Оған сол құрылғы арқылы Жердің тұрақты магниттік өрісін өлшеу жүктелуде.

«Жоба шеңберінде қол жеткізілетін нәтижелер мен әзірлемелер Қазақстанның болашақ спутниктерін жасау құнын арзандатуға, бұдан бөлек, шетелдік тапсырыс берушілер үшін ғарыштық жүйелер құрастыру кезінде қазақстандық мазмұнды ұлғайтуға мүмкіндік береді. ҒТМ ҒЖ-ны «Ғалам» ЖШС инженерлері ұлыбританиялық Surrey Satellite Technologies Limited атты жетекші еуропалық компаниямен бірге, осылардың өндірістік базасында жасап шығарды. Бұл Қазақстанға арналған заманауи ғарыштық технологиялар трансфертінен барлық шектеулерді алып тастауға мүмкіндік берді», – деп мәлім етті Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

Атап өту керек, микро және нано жер серіктерінің тұңғыш ұшырылымы және бірінші түсірілімі Тәуелсіздік күніне арналды.

«Ғалам» (Ghalam LLP) үшін бұл – ғарыш аппараттарын құрастырып, ғарышқа ұшыруға дайындаудағы тұңғыш тәжірибе және алғашқы қадамы сәтті болғанға ұқсайды.

Британдық инженерлермен бірлесіп осы жобада жұмыс істеген «Ғалам» ЖШС-ның қазақстандық инженерлері командасының құрамы келесі мамандардан түрады:

Сергей Мурушкин, бизнесті дамыту жөніндегі директор, жоба жетекшісі;

Эрве Ламберт, техникалық директор;

Владимир Тен, техникалық директордың орынбасары;

Арман Бекембаев, АКТБ бастығы;

Айгүл Анарбаева, жетекші инженер-конструктор;

Берік Қожамжаров, жетекші инженер-конструктор;

Ермек Адамбеков, жетекші инженер-конструктор;

Арман Есенғалиев, жетекші инженер-конструктор;

Берік Жұмажанов, жетекші инженер-конструктор;

Уалихан Исмайылов, жетекші инженер-конструктор;

Әділжан Нұртазаев, жетекші инженер-конструктор;

Ербол Сәрсенбаев, жетекші инженер-конструктор;

Ирина Бабкина, жетекші инженер-конструктор;

Дмитрий Бондарев, жетекші инженер-конструктор;

Александр Бычков, жетекші инженер-конструктор;

Михаил Мурушкин, жетекші инженер-конструктор;

Сергей Прокудин, жетекші инженер-конструктор;

Әділқайыр Қадыр, ЖҚЗ және ғарыштық технологиялар жөніндегі коммерциялық бөлімнің басшысы;

Андрей Швайдюк, жобалық контроллер;

Гүлмира Әбдікәрімова, жобалар менеджері.

Сарапшылардың мәліметінше, тапсырыс беруші үшін наноспутникті ұшыру шамамен 100 мың долларға, ал микроспутник ұшыру шамамен 1 миллион долларға түседі.

Дереккөзі (қайнары) Sauap.org

 

Сайт материалын пайдалану үшін гиперсілтеме жасау міндетті!

Жақсы сөз – жарым ырыс, ырысты болу үшін әлеуметтік желілерде бөліс!

Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

four − 1 =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org