Sauap.orgҚазақстан жаңалықтары

Бақытбек Смағұл жер түйткілінің халық күткен шешімін хабарлады

Қазақстанда шетелдік азаматтарға да, тіпті шетелдіктердің 1% үлесі бар қазақстандық кәсіпорындарға да, сондай-ақ, оралман-қандастарға да ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сатуға және жалға алуға толық тыйым салынады. Яғни, бұл мәселеге енді нүкте қойылады! Бұл туралы Facebook-тегі төл парақшасында тікелей эфир өткізген Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұл мәлімдеді.

Депутаттың тікелей эфиріне «Депутатқа сұрақ қой!» тақырыбы арқау болды және ол «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасын орындаудың биылғы жылғы 1-ші тоқсандағы қорытындыларына арналады. 

Онда әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелер жан-жақты қамтылды. Осыған орай Sauap.org порталы Б.Смағұлдың сөзінің толық нұсқасын назарыңызға ұсынады.

Құрметті достар!

Ең алдымен баршаңызды Наурыз мейрамымен құттықтауға рұқсат етіңіз!

Ұлыстың ұлы күні – бірде-бір адамды бөлмейтін, бірлік пен татулыққа, өткеннен қалған өкпе-назды тегіс ұмытуға шақыратын әлемдегі ең ізгі мереке! 

Елбасымыз айтқандай, тарихтың талай бұралаң жолдарынан өткен тағдырлы халқымыз қандай кезеңде болмасын Наурызды жадынан шығарған емес. 

Әз-Наурыздың ұлттық құндылығымыз, рухани мұрамыз болып елімізге оралуы да Тәуелсіздіктің арқасы. 

Ұлыстың ұлы күні баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасылыраңызға ырыс-ынтымақ тілеймін!

Бүгінгі Тікелей эфирге қатысып отырғандарыңызға үлкен алғыс білдіремін! Толғандырған сұрақтарыңызды қойып отырыңыздар!

Бүгінгі тікелей эфирімізге «Депутатқа сұрақ қой!» тақырыбы арқау болып отыр. Ол «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасын орындаудың биылғы жылғы 1-ші тоқсандағы қорытындыларына арналады. 

Осы орайда партиямыздың Мәжілістегі фракцияның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтейін.

Қазақ үшін жер – басты құндылықтың бірі болған. Біз ата-бабаның осынау ұлан-ғайыр мирасын келер ұрпаққа басыбүтін сақтап, тапсыруымен керек. Сонымен бірге қазіргі ұрпақтың да жайын ойлап, бұл құнды ресурсты экономикалық тұрғыдан ұтымды пайдалануымыз керек. 

Бұл ретте қазір Мәжілісте қолданыстағы заңнамаға жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізетін заң жобасы қаралуда. Оны талқылауға мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен бірге қоғамдық ұйымдар, Парламентке кірмеген «Adal», «Ауыл» және ЖСДП партияларының өкілдері де тартылуда. Бұл заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалған. 

Халық қазір жеріміз шетелдіктердің қолында кете ме деп алаңдайды. Ел Президенті шетелдік азаматтарға да, тіпті шетелдіктердің 1 пайыз үлесі бар қазақстандық кәсіпорындарға да, сондай-ақ, қандастарға да ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сатуға және жалға алуға толық тыйым салды. Яғни, бұл мәселеге енді нүкте қойылады!

Бұған дейін еліміздегі ауыл шаруашылы жердері шетелдіктерге және шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беріліп кеткен. Олар не болады? Олар енді ол жерлерін пайдалану мерзімін ұзарта алмайды. Бірақ жерлері тартып алынбайды, пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін қолдануына рұқсат етілмек.

Қандастар мәселесіне тоқталсақ: олар жеке қосалқы шаруашылығы, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер ала алады. Бірақ ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға ала алады. 

***

Сонымен қатар Мәжілісте коррупцияға қарсы біраз заң жобалары қаралуда. Соларға тоқтала кетсем. Соның бірі – «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» және оған ілеспе заң жобасы. Бұл заң жобасын біз, депутаттар жақында бірінші оқылымда мақұлдадық. 

Кезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз бастамасымен «Самұрық-Қазына» қорын құрғанда, осындай квазимемлекеттік субьектілер жұмысы ашық және тиімді болуына баса назар аударған болатын. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында квазимемлекеттік сатып алулар мәселесіне көңіл бөліп, арнайы заң дайындау туралы тапсырма берді. 

Осыған байланысты квазимемлекеттік сектордың ашық және бәсекеге қабілетілігін арттыратын жаңа заң жобасы әзірленді. Бұл заң жобасына қатысты бірқатар отырыстар, талқылаулар өтті. Көптеген ұсыныстар, түзетулер енгізілді. Енді осы саладағы ұлттық компаниялардың, мемлекетке қарасты кәсіпорындардың барлық сатып алуына бақылау жасалады. 

Сонымен бірге, отандық өнімдерімізді қолдауға жол ашылады. Заң қабылданғаннан кейін жағдай өзгеруге тиіс. Өйткені оның нормалары «Самұрық-Қазына» қорының, «Бәйтерек», «ҚазАгро» холдингтерінің ғана емес, сондай-ақ еліміздегі барлық 253 ұлттық компания мен олардың еншілес ұйымдарының қызметін реттейтін болады. Бұлар жыл сайын шамамен 3,5 триллион теңгені сатып алулар арқылы таратады. Олар ұлттық компаниялардың басшылары қалаған әлдебір компаниялар мен тұлғалардың аз тобын ғана байытпауы керек. Мұның игілігін барлық кәсіпкер көруі қажет. Бұл еліміздің экономикалық белсенділігі қалпына келе бастаған уақытта ерекше маңызды. 

***

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында, халықтың үлкен бөлігінің қарсылығына ұшыраған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңының жобасы кері қайтарылды. Бұл жайында мен сіздерді өзімнің Фейсбук парақшам арқылы уақытында хабардар еттім.

Бұл қадам Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 99-шы қадамына сәйкес келеді: еске сала кетсем, онда азаматтардың құқықтары мен еркіндіктеріне қатысты шешімдер жобаларын халықпен талқылау, осы істегі қоғамның рөлін арттыру көзделген.

Жалпы, бұл үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен әзірленген заң жобасы болатын. Жұртшылықтың үлкен бөлігі оны қабылдамады. Сондықтан Мемлекет басшысының және біздің фракцияның қолдауымен заң жобасы кері қайтарылды. 

***

«Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасындағы басты бір міндет – әрбір қазақстандықтың өз әлеуетін іске асыруына теңдей мүмкіндік жасау. Мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді. Осы арқылы азаматтардың толыққанды әлеуметтік және экономикалық өмірге араласуына жол ашады. Қазақстандық отбасылардың әл-ауқатының артуын, сәбилеріміздің бақытты балалық шағын, өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз етуге, қарттарға қамқорлық жасауға ұмтыламыз. 

Отбасы – партиямыздың басты бір құндылығы. Өйткені отбасын қолдау және нығайту – еліміздің табысты дамуының кепілі.

Ұрпақтар сабақтастығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет, балаларға қамқорлық, өзара қолдау жасау дәстүрі, еңбексүйгіштік пен білімге құштарлық секілді құндылықтар отбасында қалыптасады.

Партиямыз Үкіметтің отбасыларды қолдауға бағытталған әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік жәрдемақылар бойынша барлық міндеттемелерді мүлтіксіз орындауын қамтамасыз етеді. Және «Nur Otan» бұл уәдесін қалтқысыз орындап келеді!

Осы мақсатқа 3 триллион теңге бөлінді. Біздің партиямыз ол қаражаттың нысаналы жеріне жұмсалуын қадағалап отыр.

Азаматтарды әлеуметтік қолдаудың барлық шараларының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін бірыңғай Әлеуметтік кодекс әзірленеді.

***

Партияның сайлауалды бағдарламасының алғашқы жетістігін айтсақ, 2021 жылдан бастап азаматтар өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу, денсаулығын жақсартуға пайдалану құқығына ие болды. 

Қазіргі кезде еліміздің барлық өңірінде 163 мыңнан астам адамның арнайы есепшотына 840 миллиард теңгеге жуық қаражат аударылды. Олар оны жаңа баспана алуға, ипотекасын жабуға, немесе емделуге жұмсай алады. 

Жалпы, 2020 жылы біздің партия өз үлесін қосқан Бірыңғай тұрғын үй саясатын жүзеге асыру бағдарламасы аясында, Қазақстанда барлық қаржыландыру көзінен 15,3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. Бұл ел тарихындағы рекорд! Қазіргі кезде жан басына шаққандағы баспана құрылысының көлемі жөнінен Қазақстан ТМД көлемінде көшбасшы, лидер болып есептеледі. Бұл да Тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы ірі жетістіктеріміздің бірі. 

Енді алдағы 5 жыл ішінде 1 миллионға жуық отбасыға, оның ішінде 284 мың көп балалы және күнкөрісі төмен отбасыларға, мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға, жетім балаларға 103 миллион шаршы метр тұрғын үй беріледі.

«Отбасы банк» негізінде азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің бірыңғай орталығы құрылды. Осы орталықта кезекте тұрған азаматтардың жалпы базасы қалыптастырылады. Азаматтар бүкіл өңірге ортақ кезекке тұрғызылады.

Ауыл да назардан тыс қалмауға тиіс! Мемлекет кәсіпкерлердің құрылыс шығындарын субсидиялайды. Сол арқылы мемлекет ауылда жалдамалы тұрғын үй салуға ынталандырады.

***

Біздің партия өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету үшін «Бақытты отбасы» партиялық жобасын іске асыруда.

Ұрпақ өрбіту бойынша денсаулығында дерті бар отбасыларға экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) жүргізуге жыл сайын 7 мың квота бөлінеді.

Мектептің де, ата-аналардың да балалар тәрбиесі үшін жауапкершілігін күшейтуге серпін беретін мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылының жаңа форматына өтеміз.

Мектептерде балалардың тұрақты психо-эмоционалды және жан-жақты дамуын қалыптастыру бойынша бағдарламалар енгізіледі.

Әрбір қалада және ауданда Отбасын қолдау, отбасылық дауларды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша мекен-жай беру орталықтары ашылады.

***

Елдің қоғамдық-саяси өмірінде әйелдердің рөлін арттыру, олардың қабілеттерін іске асыру үшін тең мүмкіндіктер жасау – біздің саясатымыздың басымдықтарының бірі.

Әйелдерді Парламент пен мәслихаттарға кеңінен ұсыну үшін «Nur Otan» депутаттық мандаттың үлкен бөлігін нәзік болмыс иелеріне берді.

Атқарушы, өкілді, сот органдары басшылығындағы және квазимемлекеттік сектордағы әйелдердің үлесі 30%-ке дейін ұлғаяды.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, бизнесті қолдау бағдарламаларының шеңберінде жеңілдікпен кредиттер және гранттар беру арқылы олардың экономикалық белсенділігін ынталандыру орталықтары ашылады.

Өңірлер, қалалар мен аудандар бойынша жұмыспен қамту, базалық әлеуметтік қызметтерге, түрлі мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділік шегінде гендерлік қажеттіліктер мен сұраныстар картасы әзірленеді. 

Әйелдерге жұмыс істеуге тыйым салынған жұмыстар тізімін жою үшін заңдарға өзгерістер енгізіледі.

***

Біз әр баланың толыққанды өмір сүру жағдайын жақсартуды, оның құқығын қорғауды, жақсы тәрбие мен білім алу мүмкіндігін қолдаймыз.

2025 жылға қарай 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар – 100%, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар – 95% балабақшамен қамтылуға тиісті.

Бала-бақшаға кезекке қою тәртібі толығымен цифрландырылады. Ата-аналарға «балаға қаражат» принципі бойынша кез-келген бала-бақшада орын таңдау үшін ваучерлер беріледі.

Мектепке дейінгі ұйымдар балаларды ерте жасынан бастап әлеуметтік ортаға бейімдеуге, оларды мектепке даярлауға бағдарланады.

2025 жылға қарай біз 800 жаңа мектеп саламыз. Нәтижесінде, апаттық және үш ауысымды мектептер проблемасын түбегейлі шешеміз! Шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 5 мың мектепті жаңғыртамыз. Барлық мектеп мұғаліммен 100% қамтылады. Мұғалімдердің еңбекақысы 2 есе өсіп, 2024 жылға қарай орта есеппен 330 мың теңгені құрайды.

***

Біз – жас ұлтпыз. Еліміздің әрбір екінші тұрғыны – 30 жасқа толмаған. Жастардың өз қабілетін жүзеге асыруына, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне араласуына, білім алуына және еңбек етуіне мүмкіндігі болуы тиіс. «Jas Otan» жастар қанаты 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға» бағдарламасын әзірледі. Онда жастардың өмір сүру деңгейін көтеру, әлеуметтік ахуалын жақсарту және дамыту үшін мүмкіндіктерді кеңейту бойынша 100 нақты шара қамтылған. «Nur Otan» партиясы алға қойылған міндеттерді іске асыруға жәрдемдеседі.

Сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алуға арналған гранттар саны 50%-ке көбейеді. Жылына 75 мың қазақстандық жастың тегін жоғары білім алуға мүмкіндігі болады.

«Назарбаев Университетінің» үлгісінде өңірлерде 2 озық деңгейлі жоғары оқу орны ашылады. Сапасыз білім беретін жоғарғы оқу орындары жабылады.

2025 жылға қарай жастардың барлығы колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім ала алатын болады. 

Біздің партия 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту шараларын қолға алуда. 

Өмір бойы үздіксіз білім алу мүмкіндігі және білім берудің барлық кезеңінде цифрлық сауаттылықты арттыру қамтамасыз етіледі.

Барлық жоғары оқу орындары мен колледждердің бағдарламалары жаңартылып, кәсіпкерлік, экологиялық, мәдени білім негізі бойынша жаңа пәндер енгізіледі.

2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақылары 2 есе, магистранттар мен докторанттардікі 1,5 есе өседі.

Жас ғалымдарға жыл сайын 1000 грант бөлінеді.

2025 жылға қарай колледждер мен университеттердің жатақханаларында кем дегенде 50 мың жаңа орын беріледі.

Партиялық тізімдердегі жастар үлесі кем дегенде 20%-ті құрайды.

***

Ардагерлерге, зейнеткерлерге қамқорлық жасау – біздің ортақ міндетіміз. Оларға қолдау көрсету – ұдайы партия назарында.

«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында біз медициналық-әлеуметтік мекемелерде қарт адамдардың өмір сүру жағдайына мониторинг жүргіземіз. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне және зейнет жасындағы адамдарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге бастамашылық жасаймыз.

Барлық жалғыз басты және аса мұқтаж қарт азаматтарға атаулы көмек көрсетіледі.

«Еңбек ардагері» санаты зейнеткерлік жасқа толған және мемлекеттік наградалармен марапатталған азаматтармен толықтырылады.

***

Пандемия заманауи денсаулық сақтау саласының жүйелі кемшіліктерін айқындады. Азаматтарымыздың денсаулығы – «Nur Otan» партиясының негізгі басымдықтарының бірі. Отандық денсаулық сақтау жүйесі білікті кадрлармен, заманауи құрал-жабдықтармен, диагностика және емдеу әдістерімен қамтамасыз етуге бағытталған тиімді шараларды қажет етеді деп санаймыз.

2023 жылға қарай дәрігерлердің еңбекақысы 2,5 есе өсіп, кем дегенде 550 000 теңгеге жетеді. Ал орта медициналық персоналдың, медбикелердің жалақысы кем дегенде 190 000 теңге болады.

Аудандық ауруханаларды қазіргі заманғы компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен, перзентханаларды қажетті медициналық жабдықтармен жарақтандыру шаралары қабылдануда.

Тірек және іргелес ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашылып, жаңарады.

Алда атқарылатын іс көп! Партиямыз бұл бағытта қарқынды жұмысқа кірісті. Және бұл ісіміз тек тегеурінді түрде ілгерілей береді деген сенімдеміз!

 

Жақсы сөз – жарым ырыс, 

ырысты болу үшін әлеуметтік желіде бөліс!

 

Дереккөзі (қайнары) Sauap.org

Сайт материалын пайдалану үшін Sauap.org сайтындағы тиісті материалға гиперсілтеме жасау міндетті!

Фото: Sauap.org

Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

1 × 5 =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org