Кейде барлығын тәрбиеге жаба салатынымыз бар, тіпті ғылым адамдарының өздері адам бойындағының барлығын дерлік – мінезді, сана-интеллектіні, тіпті салмақты да тәрбиенің анықтайтынына сенімді. Дегенмен, соңғы зерттеулер бұл тұрғыда генді есептен шығаруға болмайтынын көрсетті. Ағылшынның ұлы классигі Уильям Шекспир: «Табиғат бәрібір өз дегеніне жетеді» деп, бекер айтпаса керек.
Әрине, сәбидің қандай болып өсеріне тәрбиенің ықпалы зор: ата-аналар баланың бойында бөбек кезінен белгілі бір адамгершілік-моральдық қасиеттер дәнін егуі қажет, бұлар адамның мінез-құлқын қалыптастырады. Олар сондай-ақ баланың ақыл-ой қабілеттерін дамытады. Бұған қоса, бүлдіршіннің дене бітімі де үлкен дәрежеде отбасыдағы тамақтану дәстүріне байланысты болып келеді: егер үйіңізде өте дәмді әрі көп тамақ ішетін, немесе фастфудқа тым үйір болсаңыздар, болашақта балаңыздың артық салмақтан зардап шегу қаупі бар.
Тәрбие тақырыбында қаншама кітап жазылды. Жас аналар ғаламторды кезіп, «Баланың математикалық/шығармашылық қабілеттерін, көшбасшылық қасиеттерін, өзіне деген сенімін қалай дамытуға болады?» деген сұраққа жауап іздейді. Міне, осыдан-ақ тәрбиенің айрықша рөлі туралы мығым бекіген идеяның бір жарқын мысалын көреміз. Біз баланы ерте жастан саналуан секцияларға, үйірмелерге және дамыту орталықтарына беру арқылы оның бойына ұқыптылық, жинақылық, байқампаздық және оқуға деген сүйіспеншілікті дарыта аламыз деп санаймыз. Тек осылар арқасында ғана ол өмірде табысты бола алады деп ойлаймыз. Алайда ғалымдардың жаңа зерттеулері адамның кейбір қасиеттеріне гендер «айыпты» екенін дәлелдеді. Сонда қалай, тәрбиелеу стилі ешқандай маңыз ойнамай ма? Ата-аналар баланың ары қарайғы өміріне ешқандай да ықпал ете алмай ма? Сөзсіз, ықпал ете алады. Бірақ келесі бес жайтта гендер бәрібір өз дегеніне жетуі ықтимал:
Салмақ
Егер сіз сәбиінің тым аз ас ішетініне алаңдаған арық денелі ананың оны тойып тамақтандырудың әртүрлі тәсілін қолданып жүргенін естісеңіз, болмаса керісінше, қоғамдық тамақтану орнында толық денелі ата-аналардың өз баласының қарсылығына қарамастан, оның екі ұртын брокколимен толтыруға тырысып жатқанын көрсеңіз, онда сіз тәрбиенің генетикамен күресіне куә болғаныңыз! Арықтық пен семіруге бейімдік – тұқым қуалайды. Сізге ұнасын-ұнамасын, отбасыдағы тамақтану әдеттері балаңыз есейіп, өз бетімен өмір сүруге кеткеннен кейін оған көп әсер ете алмайды. Демек, егер өмір бойы диета ұстанбаса, тұқымында семіруге бейімі бар бала толық денелі адамға айналып шыға келмек.
Зертханалық тышқандарға жүргізілген зерттеулер нәтижесінде салмақ жинауға жауапты ген анықталды. Жануарлар құнарлылығы-калориясы бірдей тамақ ішкен, алайда белгілі бір генетикалық өзгерістері бар тышқандар ғана салмақ жинаған. Яғни, қазақшалап айтсақ, осындай бейімділігі бар табиғаттың кез келген перзенті «қара суға да семіреді».
Сонымен бірге, ғалымдардың байламынша, адамның артық салмақтан қашан – бала кезден, әлде тек есейген шақта ғана зардап шегетінін де гендер анықтайды. Кейбір жандардың көп тамақ ішсе де, семірмейтіні осы гендерден.
Бұл жерді бір жақсы, бір «онша емес» жаңалық бар! Жақсысы сол, диета және спортпен шұғылдану – көмектеседі. Бірақ сізге артық салмақпен өмір бойы күрес жүргізуге тура келеді.
Өмірге қуана білу қабілеті
АҚШ ғалымдары жақында жүргізген зерттеулер анықтағанындай, баланың өмірге деген оң көзқарасы 50%-ға ата-анасынан ген арқылы беріледі екен. Басқа бір америкалық ғалым, әлеуметтанушы Артур Брукс те жайдарылық, өмірге шаттану, ашкөзденбей, қолда барға тәубе етіп, қанағат қылу қабілеттілігі адамда 50%-ға генетикалық деңгейде анықталатынына сендіреді. Ал жайдарылық тұрақты өзгеретін параметрлерге, яғни болып жатқан оқиғаларға тек 40%-дайға ғана тәуелді көрінеді. Қалған 10%-ы – адамның сол проблемаға деген жеке көзқарасына қатысты (ол жағдайды түзеуге күш-жігер жұмсағысы келе ме, әлде салы суға кетіп, болғанға көнуге ұйғара ма?)
«Көп балалы болудың эгоистік себептері» атты кітапта экономист Брайан Каплан «ата-аналар балаларының бойында өмірге қуана білу қабілеттерін қалыптастыруда өз мүмкіншіліктерін тым артық бағалайды» дейді. Ол өз байламында неге сүйенеді? Ғылыми деректер бойынша әртүрлі жұмыртқадан өрген егіздерге қарағанда, бір жұмыртқалы (монозиготты, немесе ДНК-сы бірдей) егіздердің өмірге қанағаттану деңгейі ұқсас болып келеді.
Бұл жерде үнемі әлденеге көңілі толмай, наразы жүретін балалардың ата-аналары үшін жақсы бір жаңалық бар: зерттеулер негіздегеніндей, күңкілдей беру, ұрысқақтық – көбіне, балалық шақтағы ата-ана махаббатының жетіспеушілігінің немесе қандай да бір ескі өкпенің нәтижесі емес, гендегі өзгерістерден туған қасиет.
Ендеше егер сіз өзіңізді бақытсыз сезінсеңіз, ата-анаңызды айыптауға асықпаңыз!
Бақыт – ұрпақтан ұрпаққа берілетін сезім
Бақытты ата-аналар генетикалық деңгейде өз баласына да өзін бақытты сезіну қабілеттілігін бере алады. Мұны доктор Альберто Букей жүргізген эпигенетикалық зерттеулердің нәтижелері растайды. Зерттеушінің айтуынша, бақытты сезіне алу қабілеттілігі дүниеге келгеннен кейін тәрбиелеу үдерісінде дамымайды, генетикалық дәрежеде белгіленеді. Күшті оң эмоцияларды, бақыттылық сезімін ерлер мен әйелдер ағзасында белгілі бір химиялық реакциялар іске қосады, олар ерлер ұрығы мен аналық жасушадағы генетикалық кодтарға ықпал жасауға қабілетті.
Ата-аналардың мінез-құлқы мен әлемге деген көзқарасы баланың мінез-құлқына және оның айналадағы адамдар мен оқиғаларды қалай қабылдайтынына ықпал ете алады. Алайда бұл ретте доктор Букей өз зерттеулеріне сүйене отырып, адамның өзін бақытты сезінуі және өзін-өзі нағыз бақытты адамдай ұстауы тәрбие деңгейінде қалыптаспайтынын, мұның туа бітті қасиет екендігін атап көрсетеді.
Мінез-құлық
Ешбір ата-ана, егер есі дұрыс болса, ешқашан өз баласының «жаман адам болып өсуін» қаламайды. Алайда өкінішке қарай, қарау ниетті адамдардан аяқ алып жүре алмайсыз: олар жолдарда, қоғамдық орындарда, интернет-кеңістікте – барлық жерде кездеседі. Сонда бұған не кінәлі? Бәріне тек жаман тәрбие айыпты ма?
Геннің мінез-құлыққа әсері ғылыми дәлелденді. Бірақ оның өз ықпалын қалай жүргізетіні әзірге нақты белгісіз. Бөбек кезінен жақсы отбасыда тамаша тәрбие алғанына қарамастан, тастанды баланың өзін асыраған ата-анасына мүлдем ұқсамайтын, қарама-қайшы тұлғаға айналғанының мысалы жетіп артылады. Себебі, оның мінез-құлқы генетикалық деңгейде айқындалады. Бірақ ДНК-ны зерттеуге шығындалған миллиардтаған доллар қаржы жалғыз сауалға жауап табуға көмектесе алмады: «Сонда тәртіпке деген құштарлық, ұқыптылық, парасаттылыққа қандай гендер жауап береді?»
Қылмыскерлік мінез-құлықты биология түсіндіре ала ма? Осы тақырыпта жүргізілген жүзден аса зерттеу көрсеткеніндей, бұл ретте генетикалық бейімділік те үлкен рөл атқарады. Бірақ бұл факт осындай жаман қасиеттерді «мұраға» алып қалған адам міндетті түрде адам өлтіреді немесе ұры-қарыға айналады дегенді білдірмейді. Бұл жерде тәрбие көмекке келеді: баланың бойындағы жаман істерге құштарлықты дер уақытында байқаған ата-ана оның бар күш-жігерін бейбіт, қайырымды арнаға бұра алады. Мысалы, оны спортқа беруі мүмкін.
Білімпаздық
Гендер бірінші кезекте, баланың оқу үлгеріміне, білімге деген сүйіспеншілігіне, тұтастай алғанда, интеллектіне ықпал етуі ықтимал. 2013 жылы британдық зерттеушілер 11 мыңнан астам бір жұмыртқалы және әртүрлі жұмыртқалы егіздердің академиялық оқу үлгерімін зерделеп шықты. Олардың барлығының жасы 16-да болған. Сонда білікті ұстаз, мықты мектеп және қатал ата-анаға қарағанда, бағаға геннің ықпалы әлдеқайда үлкен екендігі анықталды.
Бала асырау жөніндегі америкалық орталықтардың бірі жүргізген талдау көрсеткеніндей, асырап алушы анасы тек орта білімге ғана ие балалармен салыстырғанда, асырап алған анасы жоғары білімді болған балалардың университет бітіру мүмкіндігі 7%-ға жоғары болып шыққан. Яғни, бұл – отбасыдағы тәрбиенің күші. Енді қараңыз: зерттеуде тағы бір деректер келтіріледі. Олар бойынша биологиялық анасының жоғары білімді болуы осы мүмкіндікті 26%-ға арттырады екен!
Тәрбие
Қызығы сол, бала бойындағы гендер оған қандай тәрбие берілетіндігін де анықтай алады. Яғни, әкесі мен шешесінен көшкен гендер қандай да бір түрде адамдардың ол балаға деген қарым-қатынасына да әсер етеді. Міне, осындай күрделі тізбек те бар.
14,5 мыңнан аса егіздер қатысқан оннан астам зерттеулер көрсеткеніндей, бала бойындағы гендер белгілі бір дәрежеде тіпті өз ата-анасының оған қалай қарайтынын айқындауы мүмкін. Әке не шешенің бір баласын басқасынан артық көруінің де себебі осында жатса керек. Бірақ ғалымдар бұл тұрғыдағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени факторларды да жоққа шығармайды.
Қорыта келе, айтарымыз, геннің қаншалықты маңызды болғанына қарамастан, тәрбиенің рөлін назардан тыс қалдыруға болмайды. Ғылыми зерттеулер «тәрбиелеу әдістері ата-ананың сұранысы мен мінез-құлқына емес, ең алдымен баланың мінез-құлқына және қасиеттеріне сай құрылуға тиістігін» нықтайды. Тәрбиенің баршаға ортақ идеалды әдісі жоқ: әрбір бала өзіне айрықша келуді талап етеді. Сондықтан ата-аналар баланың тұлғалық дара қабілет-қасиеттерін назарға алып, соларды ары қарай ұштауға немесе дер уақытында түзеуге тырысулары тиіс.
parents.ru материалдары негізінде әзірленді