Sauap.orgҚазақстан жаңалықтарыМәдениетТарих

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/ 

Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал болатын. Соның аузынан бала кезімізде естіген бір тәмсіл еске түседі.

Абылай ханның он екі биі болыпты. Сол билердің ішінде ақылдылығымен, білімділігімен ханға да, қараға да жаққан Кенжетай мен Нияз деген екі биі болған. Барлық тарапқа беделді екі биді өзге он би үнемі күндеп, өсек таратумен болады. «Ел құлағы елу» деген, бұл сөз Абылайдың құлағына жетеді. Абылай хан Кенжетай мен Ниязды бір тапсырмамен жұмсап: «Кештетіп ордаға келесіңдер!» деп бұйырады. Осыдан кейін Абылай он биді шақырып алып, сұрақ қояды: «Жауабын кешке дейін табасыңдар, таппасаңдар қатаң жаза тартасыңдар», – деп ескертеді. Ол сұрақ «Жердің құты не? Отбасының құты не? Елдің құты не? Аймақтың құты не?» болыпты. Ханның сұрағына билер әрқайсысы әр жаққа тартып, лайықты жауап бере алмапты.

Кенжетай мен Нияз кешке ордаға келсе, қара терге түсіп, жаны қысылған он биді, тақтағы қаһарлы ханды көріп, есіктен кіре аңтарыла тұрып қалады. Хан Кенжетай мен Ниязға қарап:

–Белдеріңді шешпей, мына сұраққа жауап беріңдер! – деп сұрағын қояды. Сонда билер еш кідірместен:

–Жердің құты – жаңбыр.

Отбасының құты – жақсы әйел.

Елдің құты – асыл азамат.

Аймақтың құты – әділ көшбасшы, – деп жауап қатыпты. Осыдан кейін он би өздерін жазадан құтқарған Кенжетай мен Нияздың сыртынан жалған сөз айтпайтын болған екен. Ата-бабамыздың бұл өсиеті қазір де құнын еш жоғалтпаған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жас ұрпаққа үндеу жолдап, жаңа дәуірде қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынғанын білерсіз.

Меніңше, Қазақстанның Тұңғыш Президенті ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫН атады. Бұл жеті қағидат әр қазақтың, әр қазақстандықтың жадында жатталып қалғаны жөн.

Бұлар:

Бірінші: Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық.

Екінші: Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры.

Үшінші: Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы.

Төртінші: Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі.

Бесінші: Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі.

Алтыншы: Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті.

Жетінші: Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі.

–Жерден қасиетті еш нәрсе жоқ. Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым! Тарихымыздағы соғыс атаулының бәрі ел мен жерді қорғау үшін болған. Біз Тәуелсіздікті жариялай салысымен шекарамызды құжат жүзінде шегендеуге күш салдық. Адамзат тарихында, тіпті қазіргі кезеңде де даулы территория соғысқа, қантөгіске алып келетінін көріп отырмыз. Мен өскелең ұрпақты осындай қауіптен сақтап қалу үшін барымды салдым. Енді ата-баба аманатына адал болып, ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің ортақ борышымыз! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жер-жаһанда ұрпағына мұраға қалдыруға ұлтарақтай жер таппаған, тәуелсіз, жеке мемлекетін құруды армандаумен өмірі өткен қаншама ұлт пен ұлыс бар. 

Бұтағы жоқ қонатын 

Шалдыққанда талып кеп.

Үміті жоқ алдында 

Шақыратын жарық боп.

Тауға соғып маңдайын, 

Тасқа тіліп табанын,

Отан деген бір сөзге 

Зар боп жүрген халық көп!

Біз барды бағалай, асылымызды құрметтей білуіміз керек. Өткен отыз жыл ішінде Елбасы басшылығымен халқымыздың төккен тері, еткен еңбегі арқасында қазір қазақ болашақ даму жолын бағдарлаған, бақ-берекесін бекемдеген, Мәңгілік елге бет қойған іргелі ел саналады.

Осы жолда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған ұлы құндылық-қағидаттарды ұлықтап, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Мемлекеттік бағдарының айналасында топтасып, көк аспанымыз ашық, көк байрағымыз асқақ, төрт құбыласы түгел, қуатты елге айнала берейік!

Бақытбек Смағұл

Nur Otan фракциясының мүшесі

 

Жақсы сөз – жарым ырыс, 

ырысты болу үшін әлеуметтік желіде бөліс!

Дереккөзі (қайнары) Sauap.org

 

Сайт материалын пайдалану үшін Sauap.org сайтындағы тиісті материалға гиперсілтеме жасау міндетті!

Редакция Sauap.org

You may also like

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

14 + twenty =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org