Sauap.orgБақБілім

Балаларға айтуға болмайтын жақсы сөздер

«Әпкеңе қарашы, ол саған қарағанда жақсы!», «Қазір әкең келеді де, көрсетеді…» – балаға бұлай айтуға болмайтынын көпшілік біледі. Бірақ біз үнемі қолданатын және бір қарағанда, зиянсыз көрінетін кейбір сөздердің де балаға және оның ата-анасымен қарым-қатынасына теріс әсер ететінін барлығы біле бермейді.

Фраза: «Жарайсың, жақсы жасадың!»

Зерттеулер көрсеткеніндей, баланы әрбір әрекеті үшін үнемі мақтай отырып, біз оны өзіміздің пікірімізге тәуелді етеміз. Егер сіз өз перзентіңізге ұдайы «ақылдым сол» немесе «жарайсың» деген сияқты сөздерді айтып отырсаңыз, мақтау ол үшін іс-қимылдың басты мотивациясына айналатынына дайын болыңыз. Ал бұл кейін түйткілді проблемалардың тарқамайтын түйінін тудырады: бұлар – өзіне және өз күшіне деген сенімсіздік, бірінші салмақты сәтсіздіктен кейін-ақ өзіндік бағалаудың төмендеуі, өз алдына ұлы мұраттар қойып, ұмтылыс танытпау және басқалары.

Мұны болдырмау үшін балаңызды кез келген ұсақ-түйек үшін мақтай беруді қойыңыз. Тез әрі ұқыпты киінді ме, ыдыс-аяқты еш ескертусіз-ақ жинап тастады ма – бұл шаттана қол соғатындай жетістік емес, қалыпты норма. «Жарайсың, бұл сенің қолыңнан келді!» деген мақтауыңызды нағыз жеңістерге сақтай тұрыңыз.

Егер әрбір ұсақ-түйек үшін мақтауға деген құштарлық жойылмаса немесе ондай сөздер ескі әдетпен аузыңыздан шығып кете беретін болса, басқаша айтыңыз: нақты бір жақсы тұсын атап өтіңіз. Айталық, аулада ойнап жүрген балақайлар арасында керіс туып қала жаздаса, бірақ сіздің балаңыз одан өз бетінше абыроймен, лайықты шыға алса, жай ғана «жарайсың!» деудің орнына, «жанжал шығармай, ойыншықтармен ол баламен бірге ойнағаның жақсы болды, бұл маған ұнады» деңіз.

Фраза: «Бейтаныс адамдармен сөйлеспе!»

Бұл шынында, бала үшін орындалуы қиын әрі түсініксіз міндет. Бөбек дүние есігін ашқаннан бастап, бейтаныс әлеммен танысуды бастайды. Егер ол одан бас тартса, дамымай қалар еді! Сол сияқты егер танымайтын адамы ізетті, сыпайы болса, оны бала қауіп тудыратын жат адам ретінде қабылдамайды.

Оның үстіне, егер балаңыз осы нұсқауға сөзсіз, еш бұлтарусыз бағынатын болса, онда бүкіл әлем бірте-бірте ол үшін қауіпке толы бөтен  әлемге айналады. Баланы үркіте беруді қойыңыз және нақты, әрі түсінікті нұсқау беріңіз. Балаңызбен бірге отырып, жұрттың бәрі білетін, танымал сценарийді түзіңіз. Егер бөгде адам өзімен бірге барып, тәттіден дәм татуды ұсынса, немесе үйіне жеткізіп салу үшін көлігіне отыруды ұсынса, болмаса, балмұздақ үшін жақын жердегі дүкенге апарар жолды көрсетуді сұраса, балаңыз өзін қалай ұстау керектігін жақсы түсінуге тиіс.

Фраза: «Қорқынышты түк те жоқ!»

Балаңыз жүгіріп келе жатып, жығылып қалды, сіз жанұшыра қасына жеттіңіз, бірақ қауіпті ештеңе де болмағанын көрдіңіз. Нәтижесінде, балақай терісі сыдырылған тізесін үрлеп, көз жасын көл қылып, жылап жатыр, ал сіз қорқынышты ештеңе де болмағанын, бәрінің дұрыстығын айтасыз. Шынында, бұл баланы емес, өзіңізді өзіңіз жұбатудың талабы болып табылады. Жасыңыз бен өмірлік тәжірибеңіздің биігінен қарағанда, сіз үшін тізенің терісінің сыдырылуында тұрған қорқынышты ешеңе де жоқ, бірақ бала атаулы басқаша ойлайды. Оның жаны ауырады, ол үшін ештеңе де дұрыс емес, сондықтан да ол жылап отыр. Сіздің міндетіңіз оның эмоцияларын елеусіз қалдыру емес, қайта балаңызға олардың байыбына баруға көмектесу болмақ.

Балаңызды құшақтаңыз да, мына сияқты жылы сөздер айтыңыз: «Балақаным менің, түсінемін, құлаған кезде қорқып кеттің. Қазір сенің бір жерің ауыра ма?» Содан кейін жараны дәкемен таңуды не өңдеуді «шөп етіп бір сүю» немесе басқа да «материалдық емес құндылыққа» айырбастаңыз.

Фраза: «Тездет, жылдам!»

Бала таңғы ас ішуді ұзаққа созып жіберді немесе жаңа-жаңа үйреніп жүргендіктен, аяқ киімінің бауын байлай алмай жатыр, ал сіз тағы да кешігіп жатқаныңызды түсінесіз. Бұл ретте оны асықтырып, стресті күшейтудің орнына, дауысыңызды жұмсартып, «Жылдамдатайық, жарайды ма?» деңіз. Осы арқылы сіз онымен бірге кешігіп жатқандардың бір «командасында» екеніңізді атап өтесіз және кінәнің артық жүгін оның мойнынан алып тастайсыз. Сайып келгенде, уақытты дұрыс есептемеген және оны дәл қазір жетпей жатқан 5-10 минутқа кеш тұрғызған басқа емес, сіздің өзіңіз ғой! Мұндай жағдайлардан дұрыс шығудың бір жолы – осының барлығын «қане, кім бәрінен жылдамырақ істейді?» ауанындағы жарысқа айналдыру.

Фраза: «Оны алуға бізде қаржы жоқ!»

Баланың кезекті ойыншықты сатып алу туралы өтінішіне ересектердің қайтаратын ең оңай әрі пәрменді жауабы осы болып табылады. Бірақ егер сіз бұл сөзді жиі пайдалана берсеңіз, балаңыз сізді өз қаржыларын бақылай алмайтын немесе табыссыз, өмірде жолы болмаған адам ретінде қабылдай бастауы мүмкін. Бұдан сіздің беделіңізге нұқсан келеді.

Ересектеу балаларға мұндай жауап тіптен жарамауы мүмкін: егер сіз өзіңізге машина сатып алсаңыз, бірақ оған жаңа телефон әпере алмайтыныңызды айтсаңыз, есейіп қалған бала мұны абсурд деп түсінеді. Бұл жай сылтау және оның тілек-өтініштеріне немқұрайдылық ретінде көрінеді. Ендеше егер шынында қаржыңыз жетпесе, сіздің айтпағыңыз басқа болуы қажет: «Біз оны сатып ала аламыз және оны сенің өте қалайтыныңды түсінеміз, алайда біз қазір анағұрлым маңызды нәрсе үшін қаржы жинап жатырмыз». Және бұл нәрсенің оған да пайдасы барлығын жеткізу керек. Яғни, бала тек оның тілек-өтініштері есебінен ғана үнем жасалып жатпағанын, оның уақыты да келетінін түсінуге тиіс.

Фраза: «Көзіңе қара, құлап қалма!»

Биіктіктен төмен қарай жүгіре жөнелген балаға осылай деп айқайласаңыз, сіз тек оны алаңдатасыз. Осының кесірінен қайта ол тезірек құлап қалуы ықтимал. Психологтардың айтуынша, «құлап қалма!» (жүгірме, секірме) сөздеріндегі «-ма, -ме, (-па, -пе)» секілді болымсыз етістіктің жұрнақтары көбінесе, қарбалас шақта естілмей, санаға жетпей қалады да, тура қарама-қайшы мағынадағы бұйрық ретінде қабылданып жатады.

Ең дұрысы, егер жазатайым жағдай бола қалса, жылдам көмекке келуге әзір болыңыз. Ал қауіпсіздікке қатысты бұйрықтарыңызды нақты және қысқа түзуге үйреніңіз. «Құлап қалма!» орнына «Байқа!». Ал «Жүгірме!», «Секірме!» орнына «Тоқта!», «Тұр!»

Фраза: «Мен диетадамын!»

Өз салмағыңызды қадағалап жүрсіз бе? Бұл істің «тұңғиығына» балаңызды батырудың еш қажеті жоқ. Егер ол сіздің таразыға шығып алып, май атаулыны және артық келілерді «қарғап-сілеп» жатқаныңызды үнемі көретін болса, онда тәнге қатысты онда дұрыс емес көзқарас қалыптасуы мүмкін.

Ең жақсысы: «Мен саламатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанамын. Өйткені сонда өзімді жақсы сезінемін!» деген ауанда жағымды, оң пікір-комментарий жасаған дұрыс.

Дәл осы тұжырым спортпен айналысуға да қатысты. «Спортпен айналысуға тура келеді» деген сөз азап сияқты естіледі. Спорт балаңыздың ұғымында тіпті де тартымды нәрсе болып көрінбейді. «Далада таза ауа, қандай тамаша, барып, жүгіріп келейін!» – келісерсіз, айырмашылық айқын болып, көзге ұрып тұр емес пе?

Фраза: «Тәттіні тек тамақты ішіп болған соң аласың!»

Бұл сөзді мүлдем ұмытыңыз. Өйткені ол арқылы сіз баланың асты асыға ішуіне, тамақтан ешқандай ләззат алмауына ғана қол жеткізесіз. Осының кесірінен тамақтың өзі жаза ретінде қабылданатын болады. Ал осы сөйлемнің құрылымын сәл өзгертіп: «Ең алдымен біз әзірленген асты ішіп алайық, сосын осы дәмді тамақ тәттіге ұласады…» десеңіз, балаға анағұрлым жағымды ықпал етесіз.

Мұның сыртында, баланың көзінше «қарапайым» тамақты көбірек мақтаңыз, мысалы, сорпаны бала назар аударардай ләззаттана ішіңіз. Сіз – бала үшін үлгі тұтар бірінші тұлға екеніңізді ұмытпаңыз және балаңыз бірте-бірте сіздің тамақтану әдеттеріңізді өз бойына сіңіреді.

Фраза: «Кел, көмектесейін!»

Егер балаңыз бар күшін салып, күрделі мұнараны тұрғызуға немесе қиын «басқатырғышты» шешуге тырысып жатса, оған көмек қолын созғыңыз-ақ келіп тұрады. Бастысы – көмекті үнемі жасай бермеу және бұған тым ерте кіріспеу. Әйтпесе, сіз баланың дербестігіне, өз бетінше іс қылу қабілетіне нұқсан келтіресіз және оны сырттан дайын шешімді күтуге үйретесіз. Мұның орнына бала алдына қойылып отырған міндетті шешуге көмектесетін, ішінде жауабы бар сұрақтар қойыңыз.

parents.ru материалдары негізінде

 

Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

three × two =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org