Өзіндік даму – кез келген адамның өміріндегі табыстың негізі болып табылады. Егер адам дамуын тоқтатса, ол алға қарай қозғалуды қояды, өзіне деген сенімі жоғалады, өзгелер үшін де қызықсыз адамға айналады. Өзіндік даму адамға өз тілектері мен армандарын жүзеге асыруға көмектеседі, сонымен қатар адам бойында тұлғалық қасиеттерді түзеді.
Сонымен, өзіндік даму дегеніміз не? Бұл – өзіңді дамыту бойынша тұрақты жұмыс жасау, өзіңді жетілдіру және қабілет-қарымдарыңды жүзеге асыру.
Көптеген адам жиі сұрақ қояды: сонда қалай өзіңді-өзің дамытуға болады? Неден бастау және не жасау керек?
Ең алдымен сіздің ойласуыңыз қажет нәрсе – өзіңіздің сүйікті ісіңіз. Сізге шын мәнінде қандай жұмыс бақыт пен рахат әкеледі? Егер ондай болмай шықса, онда балалық шағыңызда немен айналысқыңыз келгенін еске түсіріңіз. Бұл сурет салу, музыка, спорт, би, қайырымдылық және көптеген басқа да істер болуы ықтимал. «Әлденемен айналысуыма немесе әлденені тақырдан бастауыма ендігі кеш» деген ойларды аулақ қуыңыз. Есіңізде болсын, бұл тұрғыдағы барлық шекаралар мен шектеу-тиымдар тек сіздің басыңызда.
Екіншіден, өзін-өзі дамытуды ойлаған адам міндетті түрде дұрыс кітаптармен достасуға тиіс. Олардан пайдалы ақпарат алуға болады. Бұлар көркем әдебиет жанрындағы кітаптар, психология, саяхат туралы кітаптар болуы ықтимал. Осындай туындылар дүниетанымды, тіл байлығын, қиялды, ерік-жігерді, интуицияны дамытуға тамаша септеседі.
Үшіншіден, табысты адамдардың өмірбаяндарына ынта-қызығушылық білдіре жүріңіз. Ұлы адамдардың өмірімен таныса отырып, сіз жақсы әсерге бөленесіз және шабыттанасыз.
Бұл тәсіл сізге өмірдің қиын шақтарында салыңыз суға кетіп, ұнжырғаңыздың түспеуіне жәрдемдеседі. Өйткені әртүрлі дәуірлердегі қаһармандардың қиыншылықтарға қайыспағаны, қайта қайраттанып, рухтана түскені, алға ұмтылғаны есіңізде болады.
Төртіншіден, сізде міндетті түрде өмірлік мақсат, ынталану үшін себеп болуға тиіс. Мақсатсыз өмір – өмір емес. Келісерсіз, егер әр күннің мән-маңызы болса, таңертең ояну анағұрлым жағымды емес пе? Мейлі, тіпті сіздің мақсатыңыз тым алыс көрінсін, бәрібір мойымаңыз. Бәрі бірден келе қалмайтынын ұмытпаңыз. Кішкентай болса да, қадамдарды бірінен соң бірін жасай отырып қана сіз өз мақсатыңызға жете аласыз.
Бесіншіден, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін жетілдірумен бірге, шет тілдерін үйрене бастаңыз. Тілмен бірге сіз жаңа әрі қызықты әлемді, сондай-ақ басқа адамдардың мүлде өзгеше өмірі мен мәдениетін ашасыз. Кез келген шетелдік әдебиет, баспасөз, телешоуды түсіну сізге қиындық тудырмайды. Тіпті шетелде жаңа достар таба аласыз.
Өзіңіз үшін хобби ойлап табуыңызға да болады. Мысалы, фотосуретке түсіру. Бұл айналадағы сұлулықты, қызықты сәттерді сақтап қалуға мүмкіндік беретін ең бір тамаша тәсіл. Ал егер сіз осы салада табысқа жетіп жатсаңыз, кейін өзіңіздің шағын бизнесіңізді ашуыңызға да болады. Бірақ онда бұл хобби болудан қалып, кәсіпке айналады.
Кейде деңгейі жоғары білім мен білікке ие, жақсы кәсіп-қызметі бар адамға өзін-өзі дамытумен айналысудың қажеті де жоқтай көрінеді. Бұл – өте үлкен қате. Адам бір орында тұра бермеуге тиіс. Тоқтап қалған мамандарға өз кәсібіне қарама-қарсы іспен айналысқан артық болмайды, бұл оның өмірін жаңа, жарқын әрі балғын бояуларға бөлейді. Мәселен, егер сіз кеңсе қызметкері болсаңыз, өзіңіздің бос уақытыңызды биге, вокалға, спортқа арнаңыз. Қара да тұрыңыз, сіздің жай-күйіңіз, дүниетанымыңыз, өмірге деген көзқарасыңыз керемет өзгеріске түседі!
Адамның өзін-өзі дамытуына күнделік жүргізу де септеседі. Өз жазғанын мезгіл-мезгіл қайталап, оқып отырса, күнделік адамға өзіне сырттай қарауға мүмкіндік береді. Ал «сырт көз сыншы» деп қазақ бекер айтпаған. Қателігіңізді аңғарып, түзете аласыз. Бұл өзіңмен өзің диалог құрудың таптырмас бір тәсілі болып табылады. Өзіңіздің ең асыл ойларыңызды, рухани сырларыңызды жазыңыз, өміріңіздегі ең тамаша сәттерді суреттеңіз.
Осы қиын емес ережелер сіздің өміріңізге табыстың келуіне жол ашады.
Жаңа істер мен жобаларды бастау, жаңа ашылымдар жасау үшін қажетті күш-қуаттың бойыңызға құйылғанын бірден сезінесіз.
Ең бастысы, есте сақтаңыз: қанша іздесеңіз де, өзіңізді өзіңіз тауып алуыңыз мүмкін емес. Сіз ойлау, ойластыру және қимылдау арқылы өзіңізді өзіңіз жасайсыз!
vitamarg.com материалдары негізінде