Sauap.orgҚазақстан жаңалықтары

Депутат проблеманы лезде шешіп, «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» дәлізіндегі ел наразылығының алдын алды

Парламент депутаты, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» халықаралық транзит жолына өткел ашу мәселесін 1 күн ішінде шешіп берді! Осылайша, елдің аманатын абыроймен атқарып, мәселенің шешімін табуына ықпал еткен атпал азамат ел ризашылығына бөленді, деп жазады Sauap.org.  

Мәселенің мәнісін Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұл Facebook-тегі төл парақшасында мәлім етті.

  1. «Nur Otan» фракциясының мүшелері ретінде әріптесім Ғ.Әміреев екеуіміз Қызылорда облысының ауылдық елді мекендерін аралап жүргенде, «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» халықаралық дәлізіне қатысты дау туындап, наразы халық жаппай жолға жиналып жатқаны туралы хабар алдық. 

Оқиға орнына жеттік. Облыстың Шиелі ауданына қарасты Ақмая ауылдық округінен сыйлы ақсақалдар, белді кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының төрағалары, аудандық маслихат депутаттары, ақпарат құралдарының өкілдері, блогерлер жиналыпты. Мені көріп таныған елге абыройлы ақсақалымыз, Шиелі ауданының құрметті азаматы Дайрабай Ысқақов ағамыз: «Ау, Бақытбек, елдің адамы едің ғой, мына мәселенің шешілуін өзіңе жүктейміз!» деді.

https://www.facebook.com/watch/?v=277973534101558

  1. Мәселенің мәнісі неде? «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік автожолы – стратегиялық нысан, маңызды мегажоба екені мәлім, ол Батыс пен Шығыс әлемін жалғастыратын Ұлы Жібек жолының қазіргі заманғы көрінісі мен жалғасы саналады. Оның экономикалық маңызы еш дау тудырмаса керек.

Дегенмен, оны жүзеге асыру барысында бірқатар түйткіл туындаған. 

Атап айтқанда, Қызылорда облысының Шиелі ауданы аумағын кесіп өткен осы халықаралық дәліз кейбір елді мекендердің егіс алқабына, пішен шабылатын шабындығына апаратын жол қатынасын бұзып, қосымша қиындық әкеліпті. Яғни, егіс пен ауыл ортасы жабылып қалған. 

  1. Осы Шиелі ауданындағы Ақмая ауылдық округінде 4 мыңға жуық (нақтылай кетсек, 3 640 адам) тұрады. 7 мың гектардан астам егістік алқабы бар. Соның ішінде 5 мың гектарын күріш алқабы алып жатыр. Бұған қоса, 800 гектардай бау-бақша, қауын-қарбыз егістігі ол бар. Қалған алқапта мал азығы, жоңышқа өсіріледі. Ауылдағы жұмысқа қабілетті ересектердің жартысынан көбі егін даласында жұмыс істейді. Бұл өзін-өзі асырай алатын, орташа ауқатты ауылдың бірі. 

Бірақ бір проблема ауылдықтардың жүйкесін жұқартып қана қоймай, тұрмысына залал келтіріп, ызалы жүрек, долы қол жағдайына жеткізгені байқалады. 

Ақмая ауылының әлгі айтылған барлық егістігінің басым көпшілігі – 85%-ы тау жақ беткейде орналасқан, тиісінше, халықаралық дәліздің ар жағында қалды. Бұрын екі ортадағы тура жол 8 шақырым ғана болған. Енді ауыл жұртшылығына барьерлік темір қоршаумен (отбойник) оқшауландырылған алып магистралді кесіп өту, соған шығу үшін айналма жолмен 44 шақырым айналып жүруге тура келуде!

Бұл екі-үш жылдан бері ауылдықтарға мал азығын, еккен егін өнімдерін тасуда көптеген қиындық туғызып келеді екен. 44 км айналып жүргенде, уақыттан ұтылады. Жол шығыны еселеп артады. 

Салдарынан, айталық, 1 ғана қожалықтың тек жазғы маусымдағы жанар-жағар шығыны 47 миллион теңгеден асып кететін көрінеді. Қып-қызыл шығын, босқа кеткен ресурс, жұқарған жүйке.

Жиналған жұртшылық «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» жолына төте өткел ашу мәселесін – «осы елді алаңдатқан қазіргі №1 ең өзекті проблема» деп атады. 

  1. Ашынған күйге жеткен жұрт: «Осындай кедергі жасай берсе, мына қиын заманда біз қалай күнелтеміз?» деп сұрақты төтесінен қойды. 

«Күн болса, аптап ыстық, егін қурап қалуы мүмкін. Оның күтіміне кедергі келтіруде. Ертең астықты да дер кезінде қоймаға жеткізбесек, ол көктеп кетеді. Қазір Арал, Қазалы анау, қуаңшылық жайлауда! Шабылған шөпті азықтан тарыққан малға жедел жеткізу керек. Оны уақытылы жеткізе алмай жатырмыз», – десті жиналған жұртшылық.

Өзге аудан-ауылдар жерімен қырықтан астам шақырым айналып жүру уақыт, қаражат, жанар-жағармай ресурстарының шығынына соқтырып қана қоймай, сондай-ақ болашақ егіннің де рәсуа болуына әкелуі мүмкін. Әрі ауыл шаруашылығы жұмыстарына да үлкен кедергі. 

«Өнімдерімізді нарыққа қалай уақытылы жеткіземіз? Шығын өсіп, өнімнің өзіндік құны қымбаттап шыға келеді. Ал шенеуніктер баға түсіруді талап етеді. Жанар-жағармай бағасы да шарықтап барады», –деп мұң шағады ауыл кәсіпкерлері. 

Сондықтан біраздан бері күрмеуі шиеленіскен жағдайға наразылығын білдіру үшін бүкіл мүдделі кәсіпкерлер, ауыл ақсақалдары, жергілікті тұрғындар жолға беттеген. 

«ҚазАвтоЖолдың» өңірлік бөлімшесінің басшылығы, сала мамандары проблеманың барын растады, оның туындау себебін, алғышарттарын, мән-жайын түсіндірді. Бұл қатардағы жол емес: мемлекетаралық транзиттік жүктер жоғары жылдамдықпен әрлі-берлі ағылып жатқан хайуэй, халықаралық дәліз. Оның үстімен тәулігіне 10 мыңдай көлік ағындап өтеді. Осы дәлізге жолай, кез келген жерден көліктердің баса-көктей енуіне тоспа құрмаса, апатқа жол берсе, мына жауапты азаматтар ертең басымен жауап береді, бастары кетеді. Сол себепті олар іргедегі ауылға бола, алып магистралді бел ортасынан кесіп өтетін өткел аша алмайтындарын айтып, табандаған. Әу бастан жобада бұл тұста еш өткел қарастырылмаған болып шықты.

Екі жақтың да айтқаны жөн, ұстанымы түсінікті. Ал шешімі қайда? Қос тарап тығырыққа тірелгендей екен.

  1. Мен сол жерде салаға жауапты басты тұлға – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа дереу қоңырау шалдым, жағдайды түсіндірдім. «Мақұл, Бәке!» деген Министр бірден «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасына тапсырма жүктеді. 

https://www.facebook.com/watch/?v=252097079697801

  1. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жаңа басшысы Асқар Мұратұлы дереу маған өзі телефон соқты. Мен оған халықтың аманатын айттым, мыңдаған адамның қиын жағдайға түскенін жеткіздім. 

Асқар Мұратұлы облыстағы осы салаға жауапты тұлғаларды, мамандарын көтерді, «ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалының басшысына міндет жүктеді. Әйткенмен, халықаралық алып магистральдегі өткелде жол қозғалысын реттеу үшін ішкі істер органдарының көмегі қажет болатынын мәлімдеді. Тіпті онда тиісті жол белгісін орнату үшін де ІІМ-нің рұқсаты керек. 

https://www.facebook.com/watch/?v=819768618742393

  1. Мен сол жерде ІІМ-ге қоңырау шалдым, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Қожаев Марат Шәдетханұлымен сөйлесіп, жағдайды түсіндірдім, осы үлкен жолдағы ағынды реттеп, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы өнімдерін және әлеуметтік маңызды тауарларды таситын жүк көліктеріне, техникаға үлкен жолға сыналай кіруі үшін жеке өтпе-проход ашу қажеттігін айттым. 

ІІМ басшылығы келісті, түйткілді мәселені шешуге ықпал етуге дайындығын білдірді. 

  1. Қызылорда облысының Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтановқа да қоңырау шалдым, ол өз орынбасарына «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалы басшылығымен бірлесіп, уақытша өткел ашу үшін қажетті әрекеттерге кірісуге тапсырма берді.

Осылай, жиналған елдің аманатын арқалап, оны абыроймен атқаруға күш салдық.

Халықтың өтінішіне сай, «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» жолының үстінен өткел ашу мәселесін 1 күн ішінде шешіп бердік!

Мәселенің шешімін табуына ықпал еткенімізге ел ризашылығын білдіріп жатыр. 

Әйтпесе, қаншама ауыл кәсіпкерінің рулон-рулон шөп тиелген тіркемелері бар тракторлары, егін алқабына асыққан комбайндары, ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген қаптаған жүк көлігі өте алмай, тығырыққа тіреліп, жол бойында үйіліп тұрды.

  1. Сонымен, мәселенің шешімі мынадай болды: Ақмая ауылдық округінің піскен егіні – күріші, бидайы, қауын-қарбызы, картоп, сәбізі, пиязы, жоңышқасы және басқасы ысырап болып, ауылдықтардың еңбегі заяға кетпеуі үшін уақытша өткел ашылады.

Бірақ уақытша өткел жұмыс істеуі үшін бірнеше алғышарт орындалуы міндет. Біріншіден, аудандық әкімдік Ақмая ауылдық округінің әкімдігімен бірлесіп, тәуліктің тек қана күндізгі мезгілінде уақытша өткелді ашу кестесін дайындап, бекітеді. 

Екіншіден, өткелде көліктердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін кестеге сәйкес үнемі қызыл жалаушалармен және сигналды жилеттермен жасақталған, нұсқау-инструктаждан өткен 2–3 жұмысшы қойылады. 

Үшіншіден, ауыл кәсіпкерлерінен басқа кез келген бөгде адамдардың, жүк көліктерінің өткелді өз бетінше ашып, халықаралық дәлізге өтіп кетуіне жол бермеу үшін ашып-жабу қоршаулары тиісті тетікпен құрсауланып, түнгі мезгілде бұғатталуға тиіс. 

Төртіншіден, аталған іс-шараларға тікелей Ақмая ауылдық әкімдігінің лауазымды қызметкерлерінің жауапты екенін білдіреміз. 

Бесіншіден, өткел маңындағы қайғылы жол апаттарының алдын алуды және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, күндізгі ашып-жабу кестесінің орындалуын бақылау ісін «ҚазАвтоЖол» Қызылорда облыстық филиалының (№50 ЖПУ) жауапты қызметкерлері мен Қызылорда ПД жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты жол-патрульдік полиция қызметінің арнайы жабдықталған экипаждары бірігіп атқарсын.  

Енді жергілікті әкімдік, «ҚазАвтоЖолдың» жергілікті бөлімшесі және жергілікті полиция үйлесімді, бірлесе әрекет етіп, халықаралық дәлізге іргелес ауылдардың техникасын өткізу ісін жолға қояды, сүйемелдейді. Жергілікті жұртшылық қажет етіп отырған уақытша өткел үшін олар жауапкершілік алуы қажет.  

  1. Мәселе алда уақытша ғана емес, толыққанды шешіледі деген сенімдеміз. Ол үшін қажеттінің бәрі жасалуға тиіс. 

Аталған халықаралық дәлізден қосымша өткел ашқан жағдайда көліктер қауіпсіз өтуі үшін арнайы ауыспалы-жылдамдықпен жабдықталған айналма жол салып, бөлу жолағы мен жол жиегінің конструкциясын негізгі жолдың төсеміне сай келтіру қажет етіледі. Сонымен қатар өткелдерді жол қозғалысы ережесіне сай заңдастыру үшін жол жағдайының (обстановка пути) сызбаларына Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінен келісім алынуы міндет. 

Басқаша айтқанда, бұл ауыл маңында қосымша өткел ашу үшін жеке жоба әзірлеу, қосымша жұмыстар атқару және құрылыс жұмыстарын жүргізу, тиісінше, бюджеттен қосымша қаражат бөлу талап етіледі.

Жалпы, халықаралық көлік дәлізінің үстінен өтетін заманауи, тұрақты жол айырықтары болғаны жөн. Мамандар ондай бір айырықты салу жүздеген миллион теңгеге түсетінін айтып отыр. Халық тілегін орындау үшін мемлекет сол шығынға барғаны абзал. Тиісті жобасы, құжаттарының бәрі Үкіметке жолданатын болады.

Жақсы сөз – жарым ырыс, 

ырысты болу үшін әлеуметтік желіде бөліс!

 

Дереккөзі (қайнары) Sauap.org

Сайт материалын пайдалану үшін Sauap.org сайтындағы тиісті материалға гиперсілтеме жасау міндетті!

Фото және видео: Sauap.org

Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

eleven − five =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org