Дәстүрлері және кедендікМәдениет

Наурыз дәстүрлері

Наурыз — ежелгі мәдениетті дамыған елдің бірі Парсының “нау” – жана. “руз” — күн, яғни, жаңа күн деген сөзінен шыққаны көпке бұрыннан-ақ белгілі. Бұл қазіргі күн есебі бойынша наурыздың 22 жұлдызына сәйкес келеді. Қазақтар да бұл күн жаңа жыл, ырыс, береке, мереке, жыл басы деп есептейді. Ұлыстың Ұлы күні жұрт жұмыс істемейді, сапарға шықпайды, іс тікпейді, құрылыс не басқа бір іс бастамайды, ешкімді ренжітпейді, дауыс көтермейді, әбес сөйлемейді, кір жумайды, шарап ішпейді, құрбан шалмайды, құран оқымайды.

Наурыз — теңдік күні: күн мен түн теңеледі, ұл мен құл теңеледі, қыз бен күн теңеледі. Ұлық пен кішік жанасады. Бай мен жарлы жарасады.

Қазақстанда Наурыз мейрамы ресми түрде үш күн тойланады, 21, 22 және 23 наурыз демалыс күндері.

Наурызнама

Наурыз — шығыс елінің бүкілхалықтық мейрамы, Ұлыстың Ұлы күні. Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтетін болған. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды әдетке айналдырған. Шығыстық данышпандар Махмут Қашқари, Әбу Райхан Бируни, Ә. Фердоуси, Ә. Науаи, О. Хаямнан бастап қазақтың Абай, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Сәкен сияқты ғұламалары да наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, жақсы сөздер жазып қалдырған. Наурыз шығыс елдері үшін — бірліктің, татулыктың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбеген адам болмаған. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы қасиеттен өнеге алған.

Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным-ұтымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның бәрі әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдыққа, көрегенділікке, ізеттілік пен білімділікке баулиды. Наурызды әр халықтың асыға күтетіні де осыдан болса керек.

Осы Ұлы күнге байланысты халықтың әдет-ғұрыптары мен жол-жоралары, салт-дәстүрлері бар.

Қыдыр ата

Қыдыр (Қызыр) ата бүкіл халыктың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел қарт. Ол Ұлыстың Ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді. Міне, сондықтан әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Кыдыр ата түнеп, немесе бата беріп кетеді деп түсінген. “Қыдыр қонған”, “Қыдыр дарыған” деген сөздер осындайдан шыққан.

Әз

Халық ұғымы мен сенімі бойынша наурыздың алғашқы үш күні ішінде жер-көкті жарып ерекше бір гуіл (дыбыс) өтеді. Оны жан-жануарлар ішінде жұмақтан шыққан қой ғана және қой арқылы қойшы ғана сезеді дейді білетіндер. Сол күні барлық табиғат, жаратылыс, тіршілік, өсімдік, адам бойына ерекше сезім, қуат, қасиет бітеді. Бұл күндері тырнақ, шаш алса халық әлгіндей асыл қасиеттер қиылып кетіп адам сол ауруға ұшырайды деп ырымдаған. Жер-көк, жан-жануар әз өткен соң ғана қуат алады деп түсінген халық “әз болмай, мәз болмайды” деп қанатты қағида қалдырған.

Наурыз айы

Наурыз айы — Шығыс күн есебі бойынша жылдың алғашкы айы. Григориан күн есебінде де, жылдың алғашқы айы есебінде де, күн мен түннің ұзақтығы теңеседі. Сол себептен наурыз жыл басы болып саналған. Сонымен бірге қыстың соңы, көктемнің басы. Күн жылынып, қар еріп, жыл құстары келе бастайды. Сондықтан жылдың күз мезгілі есебінде де жылдың алғашқы айы есебінде де, төл басы есебінде де наурызды бүкіл халық аса құрметпен қарап, оны есте қаларлық қасиетті ай есебінде бағалаған.

Наурыз көже

Наурыз тойына ғана тән, көпшілікке арналған мерекелік тағам. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен: сүт,ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс тағы сол сияқты тағам түрлерінен жасап, оған қазы, шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосып, мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурыз көженің дәстүрлік, мерекелік ұлттық тағлымы өте зор. Ол барлық адамдарды жомарттыққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа, бірлікке шақырады.Наурыз — тоқшылық күні. Қазан оттан түспейді. Әр үй наурыз көже істейді. Уыз қатырлады. Сорпа сапырылады.

Наурыз жыры

Наурыз жыры — Наурыз мерекесінде айтылатын халық ауыз әдебиеті түрлерінің бір саласы. Жыр-өлең осы күнге лайықталып, мадақтау, тілек, бата, әзіл түрлерінде айтылады. Оның түрлері халық арасында өте көп тараған. Наурызға арналған бұрынғы, соңғы ақындардың шығармалары да көптеп саналады.

Ұлыс күні қазан толса,

Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алсаң,

Сонда олжалы жол болар…

Ұлыстың ұлы күнінде

Бай шығады балбырап.

Қасында жас жеткіншек

Тұлымшағы салбырап.

Келіншек шығар керіліп

Сәукелесі саудырап.

Қыз шығады қылмиып,

Екі көзі жаудырап.

Наурыз бата

Халықта батаның түрлері көп. Соның бірі — осы Наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізгендерге осы күнге арнап “Наурыз көжеге” шақырғандарга, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарга тағы баска өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді. Бата жалпы жұртшылыққа, көпшілікке, бүкіл қауымға, ауылға да беріледі. Мысалы:

Өркенің өссін!

Әр күнің Наурыз күніндей берекелі болсын!

Ұлың — оңға, қызың — қырға қонсын!

Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол!

Айың тусын оңыңнан.

Жұлдызың тусын солыңнан,

Бақ берсін, Қыдыр дарысын!

Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады.

Наурыз тойы

Наурыз — шат-шадыманды ойын-сауық, той басы.”Ол күнде Наурыз деген бір жазғұтырым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен” (Абай). Кей жерлерде “наурыз тойы” деп те атады. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға келіп, көңілді ойын-сауықтар жасалады. Мұнда шарап ішу, ренжісу сияқты жағымсыз әдеттерге қатты тыйым салынған. Тойға ат жарыс, палуан күрес, басқа да спорт бәсекесі, айтыс, түрлі ойындар мен көңілді жұмбақтар, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады. Әркім үлкендерден бата тілейді. Наурызнама — бұрынғыда 8-9 күнге созылатын, халықтың ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен қолданылатын ерекше үлкен жиын, той. “Қазақтың қазақ болғалы өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы — Наурызнама. Ол күні қожаларға оқытатын наурызға арналған кітап болады. Наурызнамада қыз-жігіттер жиналып бас қосып “ұйқыашар” әзірлейді. Ол тәтті ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Жігіттер қыз-келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны “селт еткізер” деп атайды. Бұл күні қарттар да естен шықпайды. Оларға арналып жылы-жұмсақ тағамдардан “бел көтерер” деп аталатын дәм дайындалып, тартылады. Бұлардың келесі күні “наурыз көжеге” жалғасады.

Наурыз жұмбақ

Табиғатқа, аспан әлеміне, ауа райына, жерге, күн мен түнге байланысты айтылатын жұмбақтар осындай атпен аталған. Онда ақындар, қыз-жігіттер осы тақырыптарға ғана құбылыстарды жұмбаққа өлеңдетіп айтысатын болған. Мысалы:

Ұшарқар Айдай туып, Күндей батар

Туғанда Шабансары таң сонда атар.

Аспаннан жұлдыз тарап, Шолпан туып,

Таң райы Күнменен манауратар.

Шыныстан үркер туса егінді ор,

Батса көктен егісті егетін бол.

Мұндай жұмбақтар жастарлы табиғат тылсымын біліп үйренуге жетелейді.

Наурыз төл

Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар “наурыз төлі” деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, мал жанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Мұндай малды көбінесе өз қызығына, тойына, кұрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді.

Наурыз есім

Наурыз күні туғандарды халық бақытты, ерекше адамдар деп ұғынған. Сондай себеппен оларға Наурыз есімін беретін болған. Мысалы қазақ халқында Наурызбай Құтанбайұлы (1700-1781), Наурызбай Қасымұлы (1822-1847) атты әйгілі батырлар болған. Алтын ордада Наурыз есімді хан (1859-60) болғаны тарихтан белгілі. Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі деген адам аттары да жиі кездеседі.

Наурыз шешек

Наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі-түрлі гүлді, қауашақты әсем өсімдік (шөп). Әсемдік үшін үйде де өсіреді. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. Наурыз шешек “Қызыл кітапқа” енген сирек кездесетін бағалы өсімдік қатарына жатады.

Наурызша

Наурыз айында ашық күндері қолдан жасағандай ерекше ою-өрнекгі әрі жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Ол күн көзіне шашырап, жылтылдап құбылады. Анықтап қарағанда басқа қар қиыршықтарындай емес жеңіл де үлпілдек болады. Мұны халық “наурызша” деп атаған. “Наурызша” жаңа жылдың белгісі.

Саумалық

Наурыз айында жаңа жыл еніп, жер бусанып, күн күркіреп, жаңбыр жауып, көк дүркірегенде ауыл адамдары далаға шығып саумалық айтып, қуанышты көңілмен жақсы тілек тілейді. Оны өлеңмен айтады:

Саумалық, саумалық,

Наурызымның көк құсы

Үйқыдан көзін ашты ма?

Саумалық, саумалық,

Самарқанның көк тасы

Жібіді ме көрдің бе?

Саумалық, саумалық,

Ескі жыл кетіп, жаңа жыл келді,

Ескі жыл есіркей кет,

Жаңа жыл жарылқай кел — деп бір ескі ыдысты сындырып, “жамандық кетсін” деп ырым жасайды.

Самарқанның көк тасы

Бұл да Наурыз күніне байланысты сөз. Оның бірнеше мәні бар. Бірінші, аңызда әйгілі астроном Ұлықбек (1394-1449) обсерваториясындағы көк тасқа дәл 22 наурыз күні күн сәулесі түсетін болған. Сол сәуледен түскен жылу тасты жібітеді-мыс.

Екінші, бүл күні әр адам қателігі болса, кешірім сұрауға және ол кешірім беруге тиіс. Кешірмесе “бұл күні Самарқанның да көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба?” деп тоқтатады екен. Сол сияқты бұл күннің әлемге жылулық әкелетін сәтін де бейнелеп айтқан.

Келгенінше құттықтап бірін-бірі, Қуанышта көрісіп кәрі-жасы. Көңілі түгел адамның сен келген соң, Самарқанның елжіреп түскен тасы.

(А. Байтұрсынов).

Үшінші, ертеде Наурыз күнінде өз қатесін түсініп, кешірім сұраған қылмыскерлер мен жазаға ұшырағандарға да кешірім жасалатын болған. Осыдан әз Наурыздың қасиеті мен ізгілік пен жақсылыққа бастайтын ерекше күн екені білеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Әжіғали С.Е. «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» Алматы- 2005ж
  2. Кенжеахмет С.Қазақтың салт-дәстүрлері.Алматы,1994 ж
  3. Сайдахметов Б.С. Дәстүр – ұлттық тәрбиенің өзегі // Вестник АГУ им.Абая.Серия педагогические науки. –Алматы, 2004.-№2
  4. Сайдахметов Б.С. Ата дәстүрің – асыл қазынаң // Бастауыш мектеп. Алматы,2007. -№12.
  5. Сайдахметов Б.С. Халық дәстүрлері – тәрбие негізі // Қазақстан кәсіпкері. Научно-методический журнал. – Алматы, 2008.-№1 (56).
  6. Сайдахметов Б.С.Жеті ата шежіресі – ұлттық тәрбиенің құралы // Білім. Образования ғылыми-педагогикалық журнал. -Алматы,2008. -№1 (37).
  7. Сейіт Кенжеахметов.Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 1994ж

http://kazorta.org/aza-ty-salt-d-st-rleri-men-yrymdary/

Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

2 × four =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.