Sauap.orgӘдебиетМәдениет

РУХТАН! БАҚЫТБЕК СМАҒҰЛДЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕРІ

Sauap.org Бақытбек Смағұлдың нақыл сөздерін, толғаныстан туған ойларын ұсынады.

Б.Смағұл – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ауған соғысының ардагері, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Qazaqstan Ardagerleri» («ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ») Қауымдастығының төрағасы, танымал ақын. Ол Қазақстан Армиясындағы ««Армысыздар, айбынды сарбаздар!» сәлемдесуінің авторы (оған дейін «Сәлеметсіздер ме, жауынгерлер!» сәлемдесуі қолданылған). Сондай-ақ ол ҚР Қарулы Күштерінің «Ар-Намыс кодексінің» авторы.

Бақытбек Смағұл – елдің бірлігі, жердің тұтастығы, мемлекеттіліктің мәңгілік болуы жолында ерен еңбек сіңіріп, сүбелі үлес қосып келе жатқан ардақты азаматтардың бірі, ел ертеңі жастарды отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа тәрбиелеуші тұлға. Оның болмысы, ірі істері қазіргі замандағы қазақстандық жастар үшін батырлықтың, ерліктің үлгісі болып табылады.

  1. Отан үшін қаныңды төксең де, арыңды төкпе!
  2. Жаның үшін сатылғаннан, арың үшін атылғаның артық.
  3. Батырға Алла жар болар, ханға да батыр қам болар.
  4. Бауыржан да туар, Қасым да туар, бірақ басқа ғасырда туар.
  5. Батыр кек сақтамас, досын жауға тастамас.
  6. Жауға салса, батыр бол, дауға салса, ақыл бол.
  7. Асып тұрған күшің болғанша, басып тұрған мысың болсын.
  8. Батыр болсаң әділ бол, намыс отын жаныр бол.
  9. Батыр аңғал болса да, арзан болмаған.
  10. Қазақ басын изесе де, тізесін бүкпеген.
  11. Шен үшін емес, ел үшін қызмет ет.
  12. Түсін суытқанның бәрі батыр емес, құрғақ сөз ақыл емес.
  13. «Мен!» дегеннің бәрі ер емес, ерін елемеген ел емес.
  14. Ашығып татқан ас тәтті, майданда тапқан дос тәтті.
  15. Соғыс өлімсіз болмайды, өлгендер орны толмайды.
  16. Соғыс қалта қағады, болашаққа балта шабады.
  17. Соғыс саясатсыз шықпайды, бұйрықты әскер құптайды.
  18. Бүлік шыққан жерден өлік шығады.
  19. Теңізде таяу жоқ, соғыста аяу жоқ.
  20. Табыссыз болсаң да, намыссыз болма.
  21. Әкенің қас-қабағы – баланың бас сабағы.
  22. Жігіт болып сөз берме, сөз бердің бе, өзгерме!
  23. Жастығың жалындамаса, жас ғұмыр арындамайды.
  24. Еркегі жігерсіз елдің әйелі «шідерсіз» келеді.
  25. Сын айтса, сынба, шын айтса, тыңда.
  26. Өмір күрес майданы, жеңіс оның байрағы.
  27. Елдіктің іргесі сөгілмесе, сәбидің көз жасы төгілмейді.
  28. Президентке бағыну табыну емес,

Саясатын қолдау жағыну емес.

  1. Алауыздығы қозған ел – тұтастығы тозған ел.
  2. Уыздай ұйып, бесікке сиып өсеміз,

Ұртымыз толса, есікке сыймай, бөсеміз.

  1. Намыс өксіп, ар налымасын десек, аталасты емес, баталасты бауырыңа бас.
  2. Салтыңды сатпа, қазақи қалпыңды сақта!
  3. Рухсыз болғаның – ұрықсыз солғаның.
  4. Арсыз құлқын барда, жұпыны жұртың бар.
  5. Ептінің бәрі текті емес.
  6. Тексіздің түбі бетсіздік.
  7. Адам топырақтан жаралмаса, туған жер топырағы неге тартады?
  8. Тондыға тығылма, жондыға жығылма.
  9. Ақиқат – алыста, есігін таппайсың, өтірік – бір қарыста, есігін де қақпайсың.
  10. Қасиетсізден өсиет шықпас.
  11. Өзі арзанның сөзі маржан болмақ емес.
  12. Бұл өмірде жиғаның болғанша, жүрегіңде иманың болсын.
  13. Байлық кешсең белуардан, белшеден, адалдықты дүниемен өлшеме.
  14. Илан мейлі, иланба, шәк келтірме иманға.
  15. Меккеге барғандар аз емес, бірақ бәрі қажы емес.
  16. Тілін сыйламаған түбін сыйламайды.
  17. Тілім тілінбесін, ділім бүлінбесін десек, әр қазақты «мен кіммін?» деген сауал жиі мазалауға тиіс.
  18. Ана тілін менсінбеген адам анадан тудым деуге қақысы жоқ.
  19. Өткенге қарап ой түземеген бүгінге қарап бой түземес.
  20. Әр істі дабырмен емес, сабырмен шеш.
  21. Ақынның бәрі Мағжан емес, асылдың бәрі маржан емес.
  22. Жағымпаздық жантыққа жарасар.
  23. Ұлығыңды емес, ұлтыңды ойла,

Руыңды емес, рухыңды ойла.

  1. Былғанышты өмірде былғанбай тұра алмайсың.
  2. Сатқынменен достастым, талай рет от бастым.
  3. Жаманның басына іс түссе, «доспыз» дейді,

Іс біткен соң «боссың!» дейді.

  1. Мырыңнан мәрттік шықпас, қырттан қарттық шықпас.
  2. Отауын сатқан опасыз Отанын да сатады.
  3. Аштан өлсең де арды аттама, жалған намыстыға жалбақтама.
  4. Жағың сынса да, сағың сынбасын.
  5. Еркелікті жер көтергенмен, ел көтермейді.
  6. Ояту ұлттық сананы – Тәуелсіздік талабы.
  7. Тіріде пенде не көрмес, ел үшін туған ер өлмес.
  8. Шындық кіріп келгенде, өтірік бұқпантайлайды.
  9. Арыңды алау ет, жаныңды жалау ет, Отанға қызмет ет.
  10. Әкім ауыса да, ақыл ауыспасын.
  11. Төсіңді сабалама, тектіні табалама.
  12. Бақ қонды деп басыма, көпке қолды шошайтпа.
  13. Қара қазанның түп күйесі жуса кетер,

Қарау адамның ішкі «күйесі» қайта туса да кетпес.

  1. Зағипқа жала жаба, жазықсыз жазалама.

Әділ бол ар алдында, ханға да, қараға да.

  1. Өмірдің бәрі естелік, ойыңа тоқы кесте қып.
  2. Тұла бойда күш тассын, батырлықпен ұштассын.
  3. Әр жұмысым атақ үшін деме, әр тынысым Отан үшін де.
  4. Қыннан қылыш суырсаң, жау апшысын қуырсын.
  5. «Жүрегіңде намыс оты қайралса,

ажалды да алдыңа сап айдарсың».

  1. Жау тиді деп саспа, қанқұйлы деп қашпа.
  2. Қаһар қаулап денеңе, Отан үшін өлем де.
  3. Туған жерде тірі жүрсең сыймайсың, өлер кезде қимайсың.
  4. Шен үшін емес – ел үшін, марапат үшін емес, парасат үшін қызмет ет!
  5. Мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз,

Аттанғанда, атымызды арқандаймыз.

  1. Көріктінің бәрі қатын емес,

Бөріктінің бәрі батыр емес.

  1. Тілі жоқтың үні жоқ,

Үні жоқтың күні жоқ.

 

Ұлттық рухани сұлулық туралы. Тән сұлулығы – жан сұлулығымен, ал, жан сұлулығы – еңбекпен өлшеніп, бағаланатынын білсек, рухани сұлулықты да тани білеміз.

***

Ісіміз сөзіміздің қорғаны, сөзіміз ісіміздің дәлелі болсын десек, мынаны анық ұғуымыз қажет: мемлекет те тірі ағза-организм сияқты. Оның жүрегі – руханият, бауыры – экономика, аузындағы айтар сөзі – сыртқы саясат, ал, дененің ішкі температурасы – ол идеология. Әрбір азаматтың өзін-өзі дамытуы – ұлтымыздың дамығаны. Ұлт бір ағза тәріздес: әр мүшесі сау кезде ғана зор іс-әрекеттерге дайын әрі қабілетті болмақ.

***

Жастарға білім туралы. «Өз білімің – сәулетің, өз беделің – дәулетің» деген Әйтеке бидің сөзі бүгінде жастардың ізденіс жолындағы ұранына айналған кезде ғана даңғыл даму жолдың сан тарабы ашылады.

***

Әр халықтың бақыт шекарасын айқындайтын сан түрлі өлшемдер бар. Оның ең біріншісі – түнектен алып шығар ана тілі, екіншісі – ата-бабаларымыздан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл діні, үшіншісі – ащысы мен тұщысы араласқан тарихы. Оның бәрі бізде бар, оны бағалау керек, қолдану керек.

Ананың тілін – бабаңның тілі ғана емес, одан озық қоғамның, заманның, ғаламның тілі жасайтын білімді жастар, сендерсіңдер!

***

Егеменді елін елсінбеген, өз анасының тілін менсінбеген адам анадан тудым деуге қандай қақысы бар? Тілім тілінбесін, дінім бүлінбесін десек біздің әрқайсымызды, Мен кіммін деген сұрақ, жиі мазалауы тиіс.

***

Бардың қадірін бағалау. Бабаларымыздың басынан талай аштықты өткізуі – халқымыздың қолдағы бар игілікке шүкіршілік ету қасиетін туғызды. Жастарымыз осы қанағатшылдықты және шүкіршілікті әманда естен шығармасын!

***

Гендік қор туралы.Үмітті үзбейтін халық едік. Бүгінде қоғамда ажырасу, тастанды бала, өзіне-өзі қол жұмсау секілді құбылыстар белең алған. Мұның бәрі үмітсіздік ұялаған жүректің әмірінен туындайтын іс-әрекеттер. Аузы темекі мен шарапқа бөккен балдырған қыздардан қайсібір ұлттық рухы сау ұрпақ шығады?!

Жауынгерлерде «жаралы жауынгерді жау қолына тастама» деген қағида бар. Әртүрлі жат ағымдар жетегінде жолдан адасқан жастарды да рухани жаралы де-сек, олардың да жабырқаған жанына жебеу болар жастардың өзі болуы керек.

***

Қазақ халқының гендік шежіресіне көңіл бөле бастасақ, түп-тамырдың тереңде жатқанын көруге болады. «Ғұндардың соңы – түркілердің басы» деген археолог, этнограф Әлкей Марғұлан сөзінің негізі бар. Әлемдік өркениетке өзінің бірегей сәулетін қалдырған сақтардың салтын сақтаған, түбі түркілердің туу басындағы ғұндардан ғұрпын ғасырлар төсінде мұра еткен, әлем тарихындағы ірі империялардың тоғысында ысылған қазақ халқының ірі территорияны тұтас сақтап қала білген ісінің өзінен қайсарлық пен тәуелсіздікке, бостандыққа деген махаббатты көруімізге болады.

***

Гендік заңдылық бойынша бабалардың қаны босқа кетпейтінін бәріміз білеміз. «Тектілік» деген қазақы ұғым да содан шығады.

Ептінің бәрі текті емес.

***

Аузы ошақ, мұрны мұржа болған қыздарымыздың бұрымын кесіп, мұрнын тесіп, ұлттық рухы өшіп, ышқыры мықынынан төмен түсіп жүрсе, оны Қытайдың резеңкесінің әлсіздігінен емес, иманымыздың бостығынан көруіміз керек.

Өзге біреудің қолтығында кеткен, қолжаулығы болған қарындастарымызға кім жауапты? Кім намыстануы керек? Әрине, бәріміз! Еркегі жігерсіз елдің әйелі шідерсіз кететінін ұмытпа! «Алып анадан туады». Әрбір ер азамат аналарымызды аялап, қыздарымызға қорған болуы қажет. Қызғалдақ қыз ер-жігіттің құмары ғана емес, тұмары да болуға тиіс. Тіршіліктің тұрағы да, шаңырақтың шуағы да, адамзаттың бұлағы да ана құдыретінде.

***

Жауапкершілік туралы.Елбасы өзі басқарып отырған мемлекетте бүкіл жауапкершілікті өзімен бірге бөлісе алатын қоғамды қалайды. Осы жауапкершіліктен біз қашпауымыз керек. Азаматтық қоғамда әркім өзінің өмір сүруіне өзі жауапты десек те, ер де, ел де қиындықта сыналады, қиыншылық сәтте біз әрқайсымыз өз тағдырымызды «өзімдікі» деп қана білмей, тұтас ұлтымның тағдыры деп біліп, барлығымыз сол ортақ мүддемен өмір сүруіміз керек.

***

Отаншылдық туралы.Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген ықылас-құрмет, патриотизм – адам дамуындағы ең жоғарғы деңгейді сипаттайтын аса маңызды һәм өте құнды игілік. Ол адамның Отан игілігі үшін қызмет етуі мен сол мақсат жолында ғұмырын құрбандыққа шалуға дейін баруынан көрінеді. Жаның үшін сатылғаннан, арың үшін атылғаның артық.

***

Патриотизмнің ең алғашқы шарты – мемлекеттік рәміздерге (Туға, Елтаңбаға және Әнұранға) құрмет. Өйткені рәміздерде ұлтымыздың өткен өмір тарихы, игіліктері, болашағы, мақсаты, ұлттық құндылықтары айшықталған. Бірақ бұл нышандардың барлығы жансыз, оған жан беретін халықтың рухы.

 

Дереккөзі (қайнары) Sauap.org

 

Сайт материалын пайдалану үшін гиперсілтеме жасау міндетті!

Жақсы сөз – жарым ырыс, ырысты болу үшін әлеуметтік желілерде бөліс!

Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

nineteen − nine =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org