Психолог, журналист және жазушы Наталья Будилова қазіргі аумалы-төкпелі әлемде өз орнын және өз ісін іздеу секілді көкейтесті тақырыпта «Өмір неткен қызықты!» жобасына арнап, мақала жазды.
Қалайша тек ақша табу үшін ғана жұмыс жасауға болады? Мен мұны түсінбеймін. Мен үшін қандай да бір істе өз орнымды тауып, әлеуетімді жүзеге асыру әлдеқайда маңызды болып табылады. Төл дарыныңды танып-білу, өз мүмкіндіктеріңді ашу, ешкімдікіне ұқсамайтын, барды қайталамайтын дара өніміңді жасау… Міне, нағыз рахаты осы! Ал ақша «өрік піс, аузыма түс!» деп қарап жатпай, өз бағын ашуға үнемі күш салатын адамдарда әрдайым болады, бұған мен жүз пайызға сенімдімін!
Әрине, мен ешқашан екінші Моцартқа, Ван Гогқа немесе Пушкинге айналмайтынымды жақсы түсіндім, бұл әлемдегі менің рөлім әлдеқайда қарапайымдау, сондықтан оны анықтау генийлерге қарағанда әлдеқайда күрделі. Жаңылмасам, өзін мойындату жолдарын іздеу мәселесі бұл ұлылардың алдында ешқашан тұрмаған да. Олардың маңдайына әу бастан туабітті дарынды ұштау және іске асыру жазылғандай, меніңше, олардың басқа таңдауы да болмаған шығар. Өз шешесіне жазған хатында он бес жасар Николай Гоголь: «Анашым, мен гениймін. Не істеймін?» дегені бар емес пе!
Мен де өзіме «Не істеймін?» деген сұрақты үнемі қоятынмын, рас, менің сауалым мәселеге біршама басқашалау қырынан келетін: өзімнің табиғи қабілеттерімді іске жарату үшін маған не істеу керек? Оның жауабын мен психологиялық тренингтерден, өзіндік даму туралы кітаптардың беттерінен, қаптаған курстардан, семинарлар мен дәрістерден іздедім…
Шынында, оған өзім өмір бойы жауап беріп келген екенмін, тек оның белгі-нышандарына назар аудару қажет болған, ал оларды мен өзімнің сүйікті фильмдерімнің кейіпкерлерінің арқасында таптым.
Кеңес № 1. Мүдделер аясы
Адам қандай қызықсыз жұмыс істемесін, міндетті түрде біздің әрқайсымыздың қандай да бір қызығушылығымыз, өмірдегі төл мүддеміз бар. Оның қатарына қол босаған кез келген мезет-минутта ешқандай марапат күтпей-ақ айналысатынымыздың, бізге шынымен ләззат әкелетіннің бәрі кіреді!
«P. S. Мен сені сүйемін» атты фильмнің бас кейіпкерін алайық. Бойжеткеннің өз жұмысын жақтырмайтыны сонша, әрбір қызметінен аяқ киімді ауыстырғаннан да жылдам қуылып отырды. Ал аяқ киім ол үшін бәрін алмастыратын! Бутиктер мен қара базардан үлкен құштарлықпен іздестіре жүріп, тұтас шкафты эксклюзивті, модельді, айрықша аяқ киімдермен толтыратын. Ол үшін бұл тыныс алу немесе жүру секілді табиғи нәрсе көрінетін. Ақыры басқа адамдар дәл осы қызығушылықта оның бейімділігі мен сүйікті кәсібі жасырын жатқандығын, яғни ол аяқ киім дизайнері болуға тиістігіне нұсқап, кеңес береді.
Тіпті адамның қызығушылығы дәл бұлай жарқын көрініс бермесе де, әрқашан оны аңғаруға, не болжап білуге болады. Бұл үшін оның кітаптар сөресіне үңілу, қандай журналдарды сатып алатынын анықтау, қандай сайттарға басқасынан көбірек кіретінін, қандай адамдармен араласуды ұнататынын, қандай тақырыптағы фильмдерді көруді қалайтынын білу қажет.
Маған адамның ішкі әлемін зерттеу, жан сарайына бойлау әрдайым қызықты болатын. Үйімдегі сөрелерде сықасып тұрған кітаптар арқылы, тұлғалық өсуге арналған саналуан тренингтерде, өмірдегі қиындықтар мен оларды еңсерудің тәсілдері туралы басқа адамдармен әңгімелесе жүріп, осы қызығушылығымды қанағаттандырдым. Адамның тағдыры қандай заңдылықтар бойынша өрбиді, бақыттың құпиясы қандай, азап шегудің себептері неде – міне, мені бәрінен артық осы мәселелер толғантатын. Олармен тіпті құрбы-құрдастармен қыдыру және шопинг те бәсекелесе алмайтын!
Кеңес № 2. Арман
Арман – болашақ пен өмір туралы ең асыл қиялдарымыздың өрісі. Рас, бірде бір қиял-фантазия тақыр жерден пайда болмайды. Егер әлдене туралы армандасаңыз, мейлі ол тіпті ешқашан орындалмайтын және өмір шындығынан мүлдем алыс жатқан нәрсе болсын, бәрібір мән беріңіз: бәлкім, сол бейне-образдар арқылы сіздің бейімділігіңіз, келешек өмірдегі орныңыз көрініс беріп тұрған болар.
«The Pursuit of Happyness» (посткеңестік кеңістікте прокатқа «В погоне за счастьем» деген атпен шықты) деген фильмді көргеніңіз бар ма? Баласына бір үзім нан үшін тиын-тебен табам деп, таңнан қара кешке дейін ауыр жәшікпен қала көшелерінде жүгіріп жүретін бейшара адамның байға айналам деп армандауы шынында орынды ма еді? Бірақ іс жүзінде, дәл осы арманы оны ақыр соңында анау-мынау емес, тұтас брокерлік фирманың негізін қалауға алып келді. Осылайша, фильмнің басты кейіпкері өз арманына ілесіп, өмірдегі өз орнын тапты (айтпақшы, туынды Крис Гарднер атты бай, іскер азаматтың өміріндегі шынайы оқиғаларға құрылған).
Ойлануды қажет ететін бөлек бір тақырып – біздің балалық шақтағы армандарымыз. Әлденені істей алмайтынымызды, әлденеге лайықсыз екенімізді немесе қандай да бір іске қабілет-дарынымыздың мүлдем жарамайтынын пәк шағымызда біз әлі білмейміз. Сондықтан таза ниетпен, жалынды жүрекпен дәл қазір және ары қарайғы бүкіл өмір бойы әлденемен айналысуды армандаймыз! «Гитара» фильмінің кейіпкері – жас қыз да бала кезден гитарада ойнауды армандайды, бірақ ата-анасы бұл музыкалық аспапты сатып әпермейді. Ал балалық арманын іске асырмағанда бойжеткен өмірінен айырылатын еді!
Кеңес №3. Пір тұтатын тұлғалар
Пір тұтатын тұлғалар әркімде-ақ бар! Біздің бәріміз дерлік әлдебір тұлғаға ұқсағымыз, қандай да бір кәсіби тағдырды қайталағымыз келеді. Болмаса, керісінше, әлдекімге керемет қызыға, қызғана қараймыз, оның орнында болсам, міндетті түрде одан жақсырақ жасар едім деп ойлаймыз. Мұның бәрі де бір «әннің жалғасы». Бәлкім, дәл осы тұлға сіздің маңдайыңызға жазылған тағдырдың көрінісі, прообразы болар?!
Мысалға, «Джули мен Джулия: бақытты рецептімен дайындаймыз» атты фильмнің басты кейіпкері өзі пір тұтатын тұлға Джулия Чайлдтың аспаздық дарынына керемет сүйсінетін. Бірде оның аспаздық кітабындағы барлық ас түрлерін әзірлеуге бел буады. Және өзінің тәжірибесін төл блогында сипаттап отырады. Нәтижесінде, дәл осы іс оған табыс пен қоғамдық мойындау әкелді!
Менің пір тұтатын тұлғаларым – негізінен, Стивен Левин, Рам Дас, Клаус Дж. Джоул секілді нон фикшен стиліндегі жазушылар, сондай-ақ Луиза Хей немесе Джон Грей тәрізді діни емес ағымдағы дәрісші-уағызшылар. Мен әрдайым олардың ішкі өсудің және өз өмірін өзгертудің төл тәжірибесін қаншалықты адал, мейірімді және дана сипаттайтынына сүйсінемін.
Кеңес №4. Жеке қасиеттер
Біздің бірқатар дарынымыз және әуестік-құмарлықтарымыз көзге ұрардай айқын емес және сезіле бермейді. Басқарушылық, ұйымдастырушылық, жұбата білу, бағдарлай алу, дәлелдеу, жүйелеу, талдау қабілеттері… адам бойындағы осы қасиеттер кәсіпте іске жарағанға дейін де, күнделікті өмірде көрініс беруі мүмкін. Біз оларды достарымызбен араласқанда, форумдарда пікір жазысқанда, әлеуметтік желідегі парақшаны жүргізгенде, отбасыдағы қарым-қатынасты құрған кезде паш ете аламыз.
Маңдайына басқа адамдарға басшылық жасау жазылған әйелдің отбасы мүшелеріне Тәңірім үлкен тағат-төзім берсін! «Отчаянные домохозяйки» сериалының биліксүйгіш кейіпкерінің отбасысы да осыны бастан кешті: қарапайым үй бикесі болған Бри Ван де Камп ақыры төл фирмасын ашты, ал телехикая соңында ол тіпті саясатқа бой ұрды.
Кеңес №5. Мақтаныш нысаны
Біз өмірімізде өз бейімділігіміздің, нағыз кәсібіміздің (призвание) бір бөлігі болып табылатын жайттарға әлденеше рет жолығамыз. Тек оған үлкен мән бермеуіміз, салмақты қабылдамауымыз, сондықтан тіпті ешкімге де айтпауымыз мүмкін. Бірақ жүрегіміздің бір түкпірінде бәрінен гөрі дәл сол жайттарды көбірек мақтаныш тұтамыз! «Көл жағасындағы үй» фильмінің кейіпкері де стандартты коттедждер құрылысында прораб болып жұмыс жасайды, бірақ шынында ол дарынды сәулетші болып табылады және осы машығын мақтан тұтады.
Туабітті стилист дарыны болғандықтан, қарапайым студенттен киім таңдау бойынша барлығы кеңес сұрайды, интерьер дизайнеріне лайық әлеуеті бар адамға туыстары мен таныстары жиһаз таңдау бойынша ақылын сұрап, жүгінеді, жұбатарлық сөз таба білетін «нағыз психолог» жанмен көптеген адам жеке проблемаларымен бөлісіп, онымен әңгімелесуге, сырласуға құштар болып тұрады…
Осылайша, «Өмірде бір рет» («Хоть раз в жизни») фильмінде кейіпкер қыз танымал болуға және сыйақы алуға тырыспай-ақ, музыкант жігіті үшін еш қиналмай, өлеңдер жазып жүреді. Тек аралары ажырағаннан кейін ғана бойжеткен музыка саласында өзінің қаншалықты дарынды екенін түсінеді. Ақыры әндер авторы және орындаушы ретінде өз әлеуетін толық көлемде іске асыра алды!
Қандай да бір күрделі өмірлік жағдайдың байыбына баруға көмектесу туралы өтінішпен маған адамдар жиі жүгінеді. Кәсібім бойынша психолог болғандықтан ғана емес, сондай-ақ оларды тыңдау, әрі түсіну оңай тиетіндіктен, әрбір адамды жақсы өзгерістерге шабыттандыру маған үлкен ләззат әкеледі. Егер қандай да бір адам маған көңілсіз келіп, күлімдеп кетсе, бойымды энтузиазм мен шабыт-шаттық сезімі билейді!
Кеңес №7. Қолыңызда бар жұмыс
Өзінің «нағыз кәсібін», өмірдегі орнын таба алмаған адамдар көбінесе «күл-қызға» (золушка) айналады: өзінің «жан сұлулығын» білмей, аралас, шектес жатқан салаларда тер төгеді, немесе сол жұмыс телімінде істейді, бірақ мүлдем басқа іспен айналысады. Мәселен, олар жиі көмекші рөлінде жүреді. Кітаптарды әрлендіруші жүрегінің бір түкпірінде жазушы болуды армандайды, мекемедегі ұйымдастырушылық істі дөңгеленткен хатшы қыз шынында туабітті басқарушы болып табылады, ал гример шын мәнінде қолына кенеп пен бояу тимей жүрген суретшінің нақ өзі болуы ықтимал…
«Соңғы демалыс» («Последний отпуск») фильмінде бас кейіпкер әйел төл мейрамханасын ашу туралы арманын іске асыруға батпай, тек асүй заттарының дүкенінде сатушы болып жұмыс жасайды. Өзіңді өзің келемеж етуге көбірек ұқсайды емес пе?
Соңғы 13 жыл бойы мен жазушылықпен айналысып келемін, бірақ қаламымнан шығатыны – не қысқа мақалалар, немесе тапсырыспен жазылған кітаптар. Жақында мен өз кітабымды жазғым келетінін айқын түсіндім және ақыры, ол уақыттың да алыс қалмағанын сезіп жүрмін. Маған өзіндік даму тақырыбы керемет ұнайды, мен ол туралы еркін жазамын, нәтижесінде өзім де жақсы бола түстім. Сонымен бірге айналамдағы әлемді де сәл-пәл жақсарта түскенімнен үміт қыламын.
interesno.co