Sauap.orgБілімҚазақстан тарихыМәдениетӨнерТарих

Жоғала жаздаған жәдігерлер ұлтпен қайта қауышты!

Өтетін уақыты: 25 ақпан 2021 жыл. 15:00

Өтетін жері: Ұлттық академиялық кітапхана, «Конституция» залы

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2021 жылғы 25 ақпанда Ұлттық академиялық кітапханада «Аманат» Қазақ күйлері антологиясы» / «Антология казахского кюя «Аманат» / Amanat Anthology of Kazakh kyui» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі жинақтың тұсаукесері ұйымдастырылды. Жинақты «Сауап» қоғамдық қоры өз қаражатына шығарған. Әрбір кітап байырғы әрі бірегей күйлер жазылған цифрлық тасығышпен жабдықталған.

Белгілі күйшілердің музыкалық сүйемелдеуімен өткен іс-шарада жинақты құрастырушылар мен авторлар сөз сөйлеп, өнер көрсетті.

Атап айтқанда, тұсаукесерге «Сауап» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, күйші, қобызшы, ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбысжазбалар архивінің қызметкері Саян Ақмолда, күйші, өнер зерттеушісі, профессор Айтжан Тоқтаған, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай, сыбызғышы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Талғат Мұқышев, күйші-зерттеуші, өнертану PhD докторы Ардаби Мәулетұлы, жобаның бірлескен авторы, зерттеуші, PhD Мүслім Хасенов, Design Strategy Group директоры Асқар Мұхамеджанов, «Индиго Принт» баспа орталығының бас директоры Евгений Момот, сондай-ақ жоба авторы, «Сауап» қоғамдық қорының директоры Света Бабағұл қатысты.

Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында дәстүр мен мәдениетті – ұлттың генетикалық коды деп жоғары бағалай келе: «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек», – деп атап өтті.

Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет! Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі», – деп қадап айтты. 

Ұлтымыздың ұлы рухы, тарихи жады халқымыздың аса бай музыкалық және поэзиялық қазынасында тұнып тұрғаны сөзсіз.

Қазақтың музыкалық мұрасын сақтаудың ұлт үшін өмірлік маңызды екенін түсіне отырып, «САУАП» (SAUAP) қоғамдық қоры кейінгі бес жыл бойы төл қаражаты есебінен «Аманат» Қазақтың ән-күйлер антологиясы» / «Антология казахских кюев и песен «Аманат» атты Жобалар циклын жүзеге асыруда. 

Бұл Жоба – қазақ халқының байырғы бай музыкалық және шығармашылық мұрасын қайта жандандыруға, қазақтың мыңдаған ғасырлық музыка мәдениетінің інжу-маржандарын келер ұрпаққа табыстауға, ұлтымыздың рухани асыл қазынасын елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де насихаттауға, азаматтардың эстетикалық және мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.

«Аманат» – ұлттық музыка өнері саласындағы теңдесі жоқ, мемлекеттік емес ірі жоба саналады! Бұл тұрғыдан алғанда, оны кезінде Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының өзіндік бір жалғасы деп санауға болады. Бір ерекшелігі, «Аманат» жобасын «Сауап» қоры бюджеттік емес, өз қаражатына жүзеге асыруда.

Жобаның бірінші бөлімі болып есептелетін «Аманат» Қазақ күйлері антологиясы» / «Антология казахского кюя «Аманат» / Amanat Anthology of Kazakh kyui» жинағының тағы бір ерекшелігі мен құндылығы – онда байырғы күйшілер туралы мәліметтер, сондай-ақ күйлердің шығу тарихтары мен аңыз-әңгімелері де үш тілде берілген. 

Жинақты шығару барысында «Сауап» қоры бұған дейін жарық көрген жинақтарға кірмеген және еш жерде жарияланбаған, тіпті ұлтымыздың қазіргі ұрпағының өзі естімеген қазақтың дәстүрлі музыкасының байырғы үлгілерін жинауды, өңдеуді, реставрациялауды, аутентті орындауды және цифрландыруды жүзеге асырды.

«Сауаптың» «Аманат» жобасын жүзеге асыру нәтижесінде бұрын Ұлы дала үніне айналған, енді отандық және шетелдік, мемлекеттік және жеке архивтер мен қорларда шаң басып жатқан қазақтың 500-ден астам бірегей, көне күйлері қалпына келтірілді, сондай-ақ заманауи аудиотасығыштарға көшірілді. 

Антология тек Қазақстан өңірлерімен ғана шектеліп қалмады. Соның арқасында шетелдегі қазақтардың күй мұрасы да ортамызға оралып, рухани мұрамыздың, алтын қорымыздың қатарына қосылып отыр. Мұны ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі деп айтуға болады. 

Осы антологияда белгілі күйші-зерттеуші Ардаби Мәулетұлының жеке мұрағатынан алынған Шыңжаңдағы Алтай-Тарбағатай, Іле қазақтарының сыбызғы және домбыра күйлері ата-жұртқа жеткен асыл мұра болмақ. Ғанибат Сарқытұлы, Мансұр Бөрекеұлы, Бейілхан Қалиақпарұлы, Құттыбай Сыдықұлы сияқты сыбызғышылардың орындауындағы күйлер соны жаңашылдық, тың туынды екені даусыз. Зұпар Кәбенұлының орындауындағы Қошанай Елікбайұлының «Бозінген», «Бурыл аттың жүрісі», «Жетім қыздың зары» сияқты күйлер осы жинақта тұңғыш рет жарияланды. 

Айтыкен Бейісбайұлы, Сарқыт Иісқанұлы, Сайраш Жармұхамедұлы, Боранбек Шүкірәнұлы, Нұрымбай Сүлейменұлы, Ғалым Сыдықұлы, Өмірбек Садырбайұлы секілді дәулескер домбырашылардың орындауындағы шетелден жеткен домбыра күйлерінің сарындары ұлтымыздың ұмытыла жаздаған үні, дәстүрлі орындаушылықтың таптырмас үлгілері саналады.

Жетісу күйшілік мектебінің көрнекті өкілі Қожеке Назарұлының күйлерін оның немересі Тұрсынғазы Рақышұлы орындады. Тұмса күйін сақтаған бұл дәстүрлі орындау үлгісі – осы жинақтағы өте құнды дүниелердің бірі. Сол сияқты ақын, әнші композитор Шалтабай Алпарұлының «Арман» атты күйі Тұрсынғазы Рақышұлының орындауында қалың тыңдарман қауымға алғаш рет ұсынылмақ.

Антологияға Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбысжазбалар архивінен табылған шығысқазақстандық әйгілі сыбызғышы Шанақ Ауғанбаевтың орындауындағы 20 күй енді. Бұл қазақ музыка өнеріндегі үлкен жаңашылдық, баға жетпес асыл мұра. Әсіресе, «Мұсаның күйі», «Шәужіңнің күйі» сияқты авторлық шығармаларға ғалымдар «сыбызғы дәстүріндегі тың туынды» деп баға берді.

Жетісу күйшілік мектебінің негізін қалаушы тұлғалардың бірі Байсерке Құлышұлының «Көш тоқтатқан» туындысы атақты Кенен Әзірбаевтың орындауында осы жинақ арқылы тұңғыш рет елге тарағалы тұр.

Белгілі журналист Жаулыбай Иманалиевтің жеке қорынан алынған маңғыстаулық әйгілі күйші Қарағұл Қонаршиевтің орындауындағы Құлшар күйлері, қаратаулық күйшілер – Сейітхан Әлімбеков, Қалы Бархиев, Оразбек Сәрсенов, Генерал Асқаров, Файзолла Үрмізов, Ергентай Борсабаев, Самар Сүйіндікұлының шебер орындаушылық дарындары еріксіз таңдантады, тәнті етеді. 

Сонымен қатар Қаратау жұртының әйгілі күйшісі Сүгір Әлиұлының «Кауфман», «Амангелді батыр», «Базарбай Тәшен» секілді туындылары бұрын еш жерде жарық көрмегені анықталды.

Антологияға енген тарбағатайлық тарланбоз күйші Бағаналы Саятөлековтың орындауындағы күйлер – шертпе күй тарту мектебінің өз тұсында талайды тамсандырған жарқын үлгілерінің бірі. Сол сияқты Төлеген Қаражанов, Әбдіқадыр Әбдіхалықов, Жалғасбай Аралбаев, Ерболат Мұстафаевтардың орындауындағы сыр өңірінің күйлері ерекше орындау нақышымен, айрықша мәнерімен ерекшеленеді.

Күйші-композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің «Көңілді бикеш», «Ата толғауы» сияқты күйлерінің автордың өзі, төл домбырасымен сүйемелдей отырып орындаған, архивте шаң басып жатқан нұсқалары – тыңдарман үшін тың тартуға, келешек жас домбырашылар үшін таптырмас жәдігерге айналмақ.

Сол сияқты Қаршыға Ахмедияров, Әбікен Хасенов, Ғылман Әлжанов, Рүстембек Омаров, Айса Шәріпов, Уәли Бекенов, Мағауия Хамзин, Бақыт Қарабалина, Шәміл Әбілтай, Айтжан Тоқтаған, Қошқарбек Тасбергенов және басқа да талантты домбырашылардың орындауындағы күй нұсқалары Антологиядан лайықты орын алды.

Боранқұл Көшмағамбетов, Әбдімомын Желдібаев, Самиғолла Андарбаев, Қазен Әбуғазыұлы, Сәдуақас Балмағамбетов, Мұрат Сыдықов, Аман Малдыбаев, Мұқаш Таңғыт, Өмірғали Ертуған және өзге де күйшілердің төл туындылары авторлардың өз орындауында алғаш ел назарына ұсынылуда. 

Асылбек Кенегесов, Нұркен Әшіров, Айтолқын Тоқтаған, Азамат Шынаров, Әсен Смайыл тәрізді қазіргі заман, жас буын күйшілерінің орындауындағы ерекше күйлер де осы жинаққа кіргізілді.

Халық бар жерде – қазына бар. Зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, қазақта кем дегенде 7 мыңға тарта күй болған. Бүгінде олардың біразы қайта қалпына келместей, түпкілікті жоғалды. Ал енді үлкен бір бөлігі отандық және шетелдік архивтерде шаң басып, тозып жатыр. Ескі жазба материалдардың, таспалардың және басқа тасығыштардың көнеруі салдарынан оларға да жоғалу қаупі төнуде. 

Ендеше «Сауап» қоғамдық қорының «Аманат» Қазақтың ән-күйлер антологиясы» атты үш тілді жобалар циклы аясында болашақта атқарылатын жұмыстар әлі де қыруар. 

Жоба мұнымен аяқталмайды: «Сауап» қоры «Аманат» циклының ІІ-ші бөлігін – «Қазақтың жыр-дастан, терме-толғаулары» жобасын жүзеге асыруға кірісті. «Аманат» жобасының ІІІ-ші бөлігі – «Қазақ өлеңдері» болады. 

Олардың шығынын да «Сауап» қоры өзі көтеруде. 

Ұлт мирасының сақталып, ұрпаққа жетуін және шетелде насихатталуын маңызды санайтын жанашыр азаматтар мен демеушілер болса, «Сауап» қоғамдық қорына жүгінуді сұраймыз!

Болашақ ұрпаққа архивте тозған жазба-таспалар жетпейді. Ендеше оның бәрін цифрландырылған, дайын күйде мирас етіп қалдыруымыз керек.

 

«Сауап» қоғамдық қоры

Байланыс тел. 8 776 813 08 87,  

8 777 585 54 13

 

Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

three × one =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org