История КазахстанаНовости Казахстана

Мәңгілік тарих тарланы

Жер бетінде ұлттан ұлы құдырет, тәуелсіздіктен биік шың, бейбітшіліктен зор құндылық жоқ. Ал қазақтың заманауи мемлекеттілігінің бастауында – азат әрі бейбіт Қазақстанның негізін қалаушы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында таңды таңға жалғай дөңбекшіп, елі үшін шырқыраған жаны шарқ ұрған, ірі істер тындырған Ұлы дала ұланы – Елбасымызға құрмет білдіру, тарихи еңбегі алдында тағзым ету азаматтық парыз, дейді Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.

Елбасы ата-бабамыздың жеңісті жолына, азат қалпына, дәстүрлі сана-салтына құрылған қазақ өркениетін қалпына келтірді. Оның ұлылығы да сонда. Көрнекті тарихшы, ҰҒА академигі Манаш Қозыбаев ағамыздың айтқаны бар: тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ағылшындар шығарған монографиялардың бірінде қазақтарға еврейлердің холокосты үлгісінде «ұлттық идеяның негізі ретінде кеңестік ұжымдастыру тұсындағы ашаршылықты алуға» ұсыным-рекомендация беріліпті. Яғни, халықтың басынан өткен трагедияны ұстын етуді, күлден қайта туатын Феникс құсы секілді қайғыдан кейін қайта өрлеуді ұсынған. Бірақ жалпыұлттық психологиялық жарақатты негізге алу ұлтымызда «жарымжандық сезімін» («комплекс неполноценности») тудырып, өзіне деген сенімін күйретуі, не бұрынғы метрополияға дұшпандық өртін лаулатуы мүмкін еді. Ал біз, Елбасы айтқандай, өткеннен күл емес, шоқ алуымыз керек. Тарихи қасірет пен өкпе-кек келешектің үстінен мұнар болып төніп тұрмауы тиіс. Сондықтан Ұлт Көшбасшысы жалпыұлттық идеяға Көк түрік бабамыздан келе жатқан рухты идеяны – Мәңгілік Елді ұсынды.

Әрине, жасыратыны жоқ, осынау Ұлы далаға ғасырлар бойы көз сұғын қадап келген сыртқы күштер қазір де жетерлік. Олар қойны-қонышы қазынаға толы ұлан-байтақ далаға, әлемдегі тоғызыншы территорияға 19 миллиондай, яғни саны бір мегаполиске шақ шағын халықтың иелік етіп отырғанын күндеп, күн сайын іші күйеді. Кейбір қаскүнемдердің бізге өшігуі «құс келді, құс кетті» кезеңде тіпті саналы ойлау қабілетін жоғалтуға дейін өршитінін қайтерсіз.

Алайда Кеңес одағы келмеске кетті, заман өзгерді, өмір шынайылығы басқа, қазақта бодандыққа қарсы иммунитет қалыптасты. Қазақты Тәуелсіздік дәуірі өзгертті. Қазіргі пандемия мен дағдарысқа қарамастан, қазақ халқы күн сайын жетіліп келеді. Ұлтымыздың мәдениеті, саяси мәдениеті, білімі, кәсіпкерлігі, азаттығы, еркін сүйгіштігі, демократиялылығы – бәрі-бәрі ұштала түсуде.

Жалпы, адамзат тағдыры, ел мен жер жайы, ұлт болашағы үшін таңдарда көз ілместен тебірену – бір басқа да, сол жолда тынбай еңбек ету, ұдайы тиімді шешімдер іздеу, аяқтан шалып, тоспа құрушы күштермен тайталаста тегеурін мен пәрмен таныту, яғни нағыз Лидер болу – мүлдем басқа. Ел басшылығына халқы үшін шын қамығатын тұлға келуі мүмкін. Дегенмен, егер елін ілгері бастауға оның қауқары жетпесе, қордаланған түйткілді мәселелердің күрмеулі түйінін тарқатудың қамын жасамаса, халықаралық аренадағы арпалыста ақыра теңдік сұрамаса, мемлекеттік мүдде үшін алдаспандай жарқылдамаса, ондай көшбасшының қайғырғанынан халыққа көк тиын пайдасы болмайды.

Кейде отыз жылдағы жетістіктің бәрі өздігінен келгендей көрінеді. Біз тек теріс жақтарды ғана байқауға бейім тұрмауымыз керек. Шын мәнінде еліміз бен жеріміз бүтін болғандықтан ғана батыл болып жүрміз. Азаматтық соғысты бастан кешкен, державалардың «ханталапайына» түскен, жерінің үлкен бөлігінен айырылған көптеген тәуелсіз елдің бүтін болмағандықтан іші түтін болып отырғанының мысалы жетерлік.

Үлкен саясат екінің бірін маңайына жолата бермес сұсты, әрі салқын қамал. Оның табалдырығынан тек жүректілер аттай алады. Сырт көзден тыс, көпшіліктен таса, жабық есіктің ар жағында жүретін тағдыршешті келіссөздерде қарсыластың мысын басу, екпіні мен тепкініне төтеп беру, қарсы дәлел келтіруде шешендік пен тапқырлық таныту, дипломатия мен психология тәсілдерін ұтымды пайдалану маңызды. Бұл нағыз Лидердің ғана қолынан келмек.

Мысалы, Кеңес өкіметі тұсында республикамызға тек «шикізат өндіруші» рөлі ғана берілді. Ал мұнай мен газ экспортының тізгіні толығымен Мәскеудің қолында шоғырланды. Салдарынан, КСРО-ның күйреуімен бірге Ресей арқылы әлемдік нарықтардың да қақпалары тарс жабылды. «Қара алтын» тасымалдау негізінен «Атырау-Самара» тұрба-құбыры арқылы жүзеге асырылса, әр ел өз алдына тәуелсіздік алып, енші бөліскелі солтүстік көрші бұл құбырда Қазақстанға бір тамшы квота бермей қойды. Астыңдағы мұнайыңнан не пайда, егер оны жаһандық нарыққа жеткізе алмасаң?! Бұл азаттыққа енді ғана қол жеткізген мемлекетіміздің экономикасына сұрапыл соққы болды. Елбасымыздың мұхит-теңізге шығар жолы жоқ, құрлықта қамалған қазақ елін осы тұйықтан құтқаруының өзі – тұтас эпопея.

Н.Назарбаев кейінгі естеліктерінде мұны байлайша еске алады:

«Біздің алдымызда Каспийдің шикізат байлығы үшін Мәскеумен арада ұзақ күреске төтеп беру міндеті тұрды. Ресейдің мұнайшыл жақтастары Ельцинді «Теңіз» кенорнын Ресей меншігіне алуға итермелеп, қатты қысым көрсетті. Міне, осыған байланысты Ельцинмен арада көптеген қолайсыз әңгімелер болды. Бірде Мәскеуде Ельцинмен болған кездесуде ол маған: «Теңізді Ресейге беріңдер!» демесі бар ма. Мен оның жүзіне зер сала қараймын: қалжыңдап тұрған жоқ. «Әрине, егер Ресей бізге Орынбор облысын беріп жатса! Себебі, Орынбор Қазақстанның астанасы болды ғой!» деп жауап қаттым. Мұны естіп, ол тіксініп қалды: «Сендердің не, Ресейге қатысты территориялық талап-претензияларың бар ма?» «Ә, жоқ» дедім. Ол күліп жіберді, мен де күлдім», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Елбасының тарихи қателікке жол бермей, «тар жол, тайғақ кешті» заманда табаны тайғанақтамай, табандылық танытуы арқасында қазақтың еншісінде қалған Теңіз жобасы тәуелсіздікке тірек болды. Әлемді жайлаған кейінгі талай дағдарыста Қазақстан сол мұнайдың түсімі жиналған Ұлттық қор арқасында еңсесін тік ұстап, халық пен бизнеске қолдау көрсетіп келеді.

Қазақстан Көшбасшысының фәнидегі өзіне тиесілі қызық-қуаныш атаулыны тәрк етіп, «қайтсем ұлтымның ұпайын түгендеймін» деп төккен тері, жеткен жетістігі – Жаратқанның қазаққа берген өлшеусіз сыйы. Бұл Мәңгілік елдің ұстынын нығайтқан асыл арналардың бірі.

Атты алғаш қолға үйретіп, темірді тұңғыш балқытқан, сөйтіп, адамзат өркениетінің іргесін қалаған көшпелілерді Рим империясының «жабайы» санағаны секілді, Батыс халықтарының үстемдігіне құрылған жаһандық евроцентристік саясат Қазақстанның Тұңғыш Президентінің әлемді ядролық апаттан аман сақтаған еңбегін елеуге құштарлық танытпайды.

Шындап келгенде, Нұрсұлтан Назарбаев – бүкіл адамзаттың беталысын ұзақ перспективаға өзгерткен, тек өз елінің ғана емес, барша жаһан жұртшылығының тағдырын айқындаған Тарихи Тұлға!

Осы орайда 2016 жылдың 29 тамызында өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық форумы мінберінен өз еліндегі ядролық сынақтар құрбандарының үнін жеткізген Маршалл аралдары мемлекетінің Нитиджел (Парламент) спикері Кенеф Кедидің сөзі еске түседі. Ол қырғи-қабақ соғыс жылдары АҚШ Маршалл аралдарында 67 рет атом жарылысын жасағанын, соның ішінде мысалы, «Браво» атты аса ірі атом бомбасының қуаты Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбалардан мың есе асып түскенін, осылайша, өз халқының «адамзатқа қарсы бағытталған алапат қатігездікті» бастан кешкенін қабырғасы қайыса отырып жеткізді. Сөз соңында Маршалл аралдарының жоғарғы заң шығарушы органының басшысы жаппай ядролық қарусыздану қозғалысының көшбасшысына айналған Қазақстан мен Елбасыға ризашылығын білдіре келе, Семей ядролық полигонының жабылғанын естіген күні маршалдықтар да жүрегі жарыла қуанып, алыс елдегі бұл оқиғаны халық болып мерекелегенін мәлім етті.

1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өз Жарлығымен Семей ядролық полигонын жапқан соң Қытайдағы Лоб-Нор полигонында да, Американың Невада штатындағы сынақ алаңында да, Ұлыбритания мен Францияның Тынық мұхиттағы Муруроа секілді атолл-аралдарында да ядролық сынақтар түбегейлі тоқтады. Олардың бәріне Н.Назарбаев бірегей үлгі-өнеге көрсетті.

Жалғыз бір тұлғаның күш-жігері осылай дүниежүзі бойынша адам сенбес, бұрын қиялдай көрінген керемет өзгерістер мен оқиғалардың көшкінін туғызды. Жаһанда тектоникалық қозғалыс басталды. Бұл – ғасырлардан тамыр тартқан тарихта өте сирек кездесетін құбылыс.

Қазақстанның 1991 жылы әлемдегі қуаты жөнінен төртінші ядролық арсеналдан бас тартуы да – теңдесі жоқ бастама, Елбасының жаһандық саяси эксклюзиві. Дүниежүзінің мыңдаған жылдық тарихында Н.Назарбаевқа дейін мұндай ізгі қадамға барған бірде бір лидерді таппайсыз. Осы арқылы ол бір-біріне «ақырзаман қаруын» кезенген, ядролық жойқын соғыс құрдымына бет қойған әралуан өркениеттердің беталысын оң бағытқа өзгертті, адамзатқа жаңғыруға деген үміт сыйлады, бойына ғажайып сенім құйды. Назарбаевтың «жаһандық көшбасшылық феномені» де осыдан көрініс береді. Ол әлемдік трансформацияға жол ашты.

Ұлттың ұлылығының бір көрінісі – осындай әлемдік деңгейдегі Көшбасшы перзент тудыра алуында болса керек. Қазақ жерінен, Ұлы Даладан төрткүл дүниеде дауысы кез келген лидерден күштірек естілетін тарихи тұлға пайда болды. Оның бейбіт өмірге, бітімге шақырған зор үні бүкіл жаһан жұртшылығын мойындатып, қазақтың соңынан ертті.

Уақыт өткен сайын тарих кеңістігінде Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы да биіктей бермек. Бұл Таутұлғаның әлемдік аренада пайда болуының әсері мен рөлін адамзат толық түсінуі үшін талай онжылдықтар қажет болуы мүмкін. Елбасы тұлғасының кең ауқымдылығы сонша, тарихқа әлі көптеген құбылыстар мен көріністерді, айғақтар мен деректерді қорытуға тура келеді. Қалай болғанда, ядролық зұлматқа қарсы күрескер, ядросыз әлем құру жаһандық қозғалысының көшбасшысы, дінаралық келісімнің ұйытқысы, әлемдік деңгейдегі бітімгер ретінде Нұрсұлтан Назарбаев өз атын тек ел тарихына ғана емес, АДАМЗАТТЫҢ МӘҢГІЛІК ТАРИХЫНА жазып қалдырды.

Әрине, азаттық жолында әрдайым армандай ақ таң рауандап ата береді деуге болмайды. Қазіргідей кесапаты кеңірдектен келіп, кереге басын шайқалтқан күйзеліс те кезігер. Торықпа тірліктің тыйылым табар түрі жоқтай көрінер.

Бірақ бабаларымыздың киесі дарыған қасиетті қазақ елі тарихтың бұл шиыр-шырғалаңынан да, тығырық-тайғағынан да құтылар. Сусаған шөлін қандырар, аңсаған шерін тарқатар. Жаны жаураған табиғаттың шуағына шомылар. Тек әманда еліміз аман, қазаққа жайлы заман болсын делік.

Бақытбек Смағұл,

Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы

 

Қайнар-көзі: Sauap.org

 

Фото: https://aikyn.kz/wp-content/uploads/2020/07/elbasi.jpg

Редакция Sauap.org

You may also like

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

8 + 15 =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.