Sauap.orgҚазақстан тарихыТарих

АДАМЗАТТЫҢ ТҰҢҒЫШ 3 СЕКІРІСІН ҰЛЫ ДАЛАЛЫҚТАР ЖАСАҒАН

АДАМЗАТТЫҢ ТҰҢҒЫШ 3 СЕКІРІСІН ҰЛЫ ДАЛАЛЫҚТАР ЖАСАҒАН
АДАМЗАТТЫҢ ТҰҢҒЫШ 3 СЕКІРІСІН ҰЛЫ ДАЛАЛЫҚТАР ЖАСАҒАН

Жаяу еді. Жаяу болған соң дамуы да баяу еді. Сөйтіп, атты үйретті. Мінді. Шапты. Құстай ұшты. Міне, осы жылдамдықпен ұлы далада ең алғашқы өркениет басталды.

Алғаш болып атқа мінген соң алғашқы қуатты әскер де осы далалықтарда болды. Атты адамды көргенде жаяулардың зәре құты қалмай қашты. Оларды гректер атпен тұтаса біткен адамдар – «Кентаврлар» деп атады. Зерттеушілер Кентаврлар бейнесінің ежелгі грек мифологиясында пайда болуын сақтардың Алдыңғы Азияға жорығымен байланыстырады. Күні бойы ат үстінен түспейтін сақ сарбаздарын ежелгі гректер атпен бірге жаратылған деп сеніп, олар туралы сантүрлі аңыздар таратқан. Аңызға жасырынған ақиқатқа сүйенсек, Грекия аңызындағы басы адам, денесі жылқы болып бейнелетін, медицинаны керемет меңгерген емші, ғажап музыкант, әскери өнер мен аңшылықта ешкім тең келмейтін кентавр Хирон да осы Ұлы даланың ұрпағы болуы әбден мүмкін.

Жылқы –­ дала халқының жан серігі. Мінсе – көлігі, қарны ашса – асы, шөлдесе – сусыны, тоңса – киімі. Жылқы мен қазақтың жаны бір. «О дүниеде де жаны бірге болады. Ажырамайды». Ұлы дала ұрпақтары да солай ойлаған. Сондықтан мінген атын бірге жерлеген. Оған Берел қорымында қайтыс болған адамның қорымынан тізерлетіп жерленген 6–10 аттың сүйектері табылуы айғақ.

«Атың барда ел таны желіп жүріп» деп әндеткен Ұлы дала ұрпақтары сақ болып, ғұн болып, әлгі Грекияға, сонау Еуропаға дейін ат басын тіреді. Ол кездегі атты үйрету ­– бүгінгі ғарышты меңгергеніміз, компьютер арқылы ғаламды басқарғанымыз сияқты ғажайып инновация болатын. Сөйтіп, бабаларымыздың арқасында әлем өз дамуында алғашқы секірісін жасады. Ал, бабаларымыз барлық көлік біткеннің түп атасы – арбаны ойлап тапқанда, бұл әлемдік өркениеттегі екінші секіріске айналды.

…Қызық, сол атты кім үйретті екен? Қазақы түсінікке салсақ, «Жылқыны алғаш бағыпты Қамбар ата» деген ежелден келе жатқан ой сақ ете қалады. Жылқының пірі Қамбар ата дейміз. Расында жылқыны ең алған үйреткен адамның аты Қамбар шығар? Міне, егер жылқының бағзы заманда қалай үйретілгені туралы кино түсірер болсақ, басты кейіпкер осы Қамбар болсын. Ол қазақтың есімі. Әр ауылда кемі оншақты Қамбар бар. Сонда бүкіл әлем үшін «жылқы–Қамбар–қазақ» деген ұғым біте қайнасып кетеді. Жылқы көрсе, ойларына қазақ түседі, қазақ көрсе, жылқы түседі. Оған толық моральдік құқымыз бар. Неге? Айтайын.

Биыл жазда Қатон-Қарағайдағы Берел қорғанында болдым. Берел қорымы қорғандары жобасының жетекшісі, тарих ғылымының докторы, профессор, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері Зейнолла Самашевпен кездесіп, сұхбат алдым.

Шілікті мен Берел қорғандарындағы қазбалар барысында «скиф-сібір аң стиліне» немесе сақ өнеріне (б.з.д. V-III ғғ.) жататын алтын бұйымдар табылғаны белгілі. Бұл Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғанындай, жылқыны алғаш қолға үйретуден бөлек, бабаларымыздың металлургияны да алғаш болып меңгергенінің дәлелі. Қорымнан табылған бұл бұйымдар далалықтардың метал өндіру мен оны қорыту, әртүрлі бұйымдар жасаудың шебері болғанын әлемге әйгіледі. Одан беріде Берел, Шілікті, Аблайкит, Қырықүңгір қорымдарында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, бағзы замандағы тарихымыз бен мәдениетімізден белгі беретін жәдігерлер табылды. Бұл жәдігерлер біріншіден, біздің бағзы заманнан келе жатқан ұлы өркениеттің мұрагерлері екенімізді нақтылай түседі. Екіншіден, бұл – металл өңдеуді игеру арқылы әлемдік өркениеттің дамуын үшінші секіріске де Ұлы дала ұрпақтары жеткізгенінің бұлтартпас айғағы.

Берел қорымынан табылған жәдігерлер үлгісінің лабораториялық зерттеу жұмыстары қазір шетелдік зерттеу орталықтарында Токиодағы (Жапония) Ұлттық генетика институты мен Ресей ғылым академиясының Археология және этнография институтының Сібір бөлімінде және өзіміздің Ә.Марғұлан атындағы археология институтында, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жүргізілуде.

Арнайы бағдарлама түзіліп, құрамында Зейнолла Самашев, Карл Байпақов, Әбдеш Төлеубаев секілді археологтар бар арнайы жұмыс тобы құрылды және зерттеу жұмыстарына Ұлыбритания, АҚШ, Италия, Бельгия, Венгрия, Польша, Жапония, Түркия, Қытай, Қырғызстан және Ресей мемлекеттерінің белгілі ғалымдары да қатысты. Сөйтіп, табылған ұзын саны 3000-нан астам жәдігер-артефактілер мұражай қорына берілген.

Бұл зерттеулер еліміздің ежелгі, ортағасырлық тарихы мен мәдениетін білуге, әлемдік өркениеттің қозғаушысы болған ел ретінде Қазақ елін танытуға себі тиері анық.

Менің айтып отырғаным, өзім барған, көзім көрген, құлағыммен естіген дүниелер ғана. Осы тәрізді ел тарихының ежелгі өмірінен хабар беретін қаншама дүниелер өзінің ашылу сәтін күтіп жатыр еді. Сол уақыт келді.

Әділбек Қаба

 

Sauap.org

Сайт материалын пайдалану үшін гиперсілтеме жасау міндетті!

Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

eleven + 7 =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org