Sauap.orgӘлемдеМәдениетТарих

АСТАНА – КЕМЕЛ БОЛАШАҚТЫҢ НҰРЫ

Елбасының Қазақстан астанасын көшіруі – тұтас ұлттың санасын жаңартқан, саяси, экономикалық және рухани жаңғыру әкелген ғаламат жоба, тарихи бетбұрыс болды. Бұл бетбұрыс Тәуелсіздіктің алғашқы бесжылдығында-ақ жасалды. Бас қаланы Астанаға ауыстырумен бірге Қазақстанда терең жаңарулар, барлық салада түбегейлі өзгеріс әкелген реформалар үдемелі түрде жүргізіле бастады. Олар адамдардың психологиясын өзгертті. Қазақстандықтар бойында өзі мен балаларының жарқын болашағын жаңа жағдайларда өз қолымен жасауға болатынына деген нық сенім бекіді.

Қазақ елінің елордасы орналасқан Сарыарқа – қазақ жерінің жүрегі. Бұл – мыңжылдықтар мен адамзаттың саналуан өркениеті қауышқан қасиетті мекен. Мұны археологиялық қазбалар барысында табылған жәдігерлер растайды. 1998 жылы археологтар қазіргі Астанадан бес шақырым жерде ортағасырлық қала – Бозоқтың орнын тапты. Бозоқ Қыпшақ хандығының орталығы рөлін атқарған. Елордамыз бой көтерген аумақ арқылы заманында, нақтырақ айтсақ, XVI ғасырда «Сібір–Орта Азия дала жолы» дүрілдеген, тең-тең жүк артқан керуендер ағылған.

Сарыарқа – Қазақстанның табиғи байлықтарының асыл қоймасы. Дүниежүзі тарихындағы ең тұңғыш металлургия орталықтарының бірі де осында орналасқан. Яғни, Сарыарқамыз бүкіл адамзаттың өз дамуының келесі кезеңіне көтерілуіне ықпал етті. Тарихшылардың айтуынша, қола дәуірінде қазақ елі бүкіл әлемдегі ең ірі қола өндіруші болыпты. Соның ішінде мәселен, жалғыз Жезқазған өңірінде ғана 100 мың тонна мыс өндірілген. Тек Сарыарқада сол байырғы дәуірде 130 мың тонна қалайы алынған, бұл 15 мың тонна тап-таза қоланы құюға жеткілікті болған көрінеді. Әлемдегі ең алып көлдердің бірі – Балқаш та осында.

Осынау қазыналы, қасиетті жерден қазақ өзінің бертіндегі тарихында үш рет айырылып қала жаздады.

Оның алғашқысы жоңғар шапқыншылығы кезіндегі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зұлматы тұсына тап келді. Кейін хан Абылайдың арқасында қазақтар жоңғар басқыншыларын өз жерімізден түре қуып, Сарыарқаны да қайтарып алды.

Келесі жолы Ресей империясы Қазақ елін өзінің әкімшілік-саяси басқару жүйесіне түпкілікті кіріктіру мақсатында XIX ғасырдың 20-шы жылдары жарғылар қабылдап, жерімізді әкімшілік бөлудің жаңа үлгісін енгізді. Реформа Орта жүзді қамтып, 1832 жылы Ресейдегі Омбыға тікелей бағынатын Ақмола округтік приказы ашылады. Жаңа округке жер таңдау подполковник Ф.Шубин экспедициясына жүктелген, ол мұқият зерттегеннен кейін Қараөткел аймағындағы Есіл өзенінің оң жағалауын «Ақмола бекінісін» салу үшін таңдап алды. Бұл қазақ елінің орталығы болғандықтан, өте ұтымды стратегиялық орын еді.

Бірақ 1838 жылғы мамырда Кенесары хан бастаған қазақ азаттығы үшін күресушілер патшалық әскер старшинасы Симоновтың отрядын талқандайды. Ізінше Кенесарының жасағы Ақмола бекінісінің түбінде шоғырланады. 7 тамызда бекініске қиян-кескі тіке шабуыл басталып, Ақмола бекінісіндегі барлық құрылыстар өртеледі. Бұл көтерілісшілерге рух берген ірі жеңіс болды және отаршылардың меселін толық қайтармағанымен, аяғын аңдап басуға мәжбүр етті. Арада заманалар ауысып, Қазақ елі тәуелсіздік алғанда және мұнда Астана қаласы орныққанда Есілдің жағалауына Кенесарының үлкен ескерткіші орнатылды: 2001 жылғы 11 мамыр күні Кенесары ханның ескерткішін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың өзі салтанатты түрде ашты. Бүгінде Хан Кене қазақтың елордасына қорған болып, ат үстінде, қыран қабағы астынан қияға қарап тұр.

Айтқандай, Кеңес Одағы да Сарыарқа жерін Ресей аумағына қосуға талаптанып бақты. Бірақ Жұмабек Тәшенов бастаған ел басшылығының қуатты қарсылығына маңдайын соқты. 1961 жылы Ақмола қаласының аты Целиноград болып өзгертілді және Тың өлкесінің орталығына айналды. Елдің дәл ортасындағы өңірді «елдің шеті» ретінде көрсетуге тырысып, «Целиноградский край» деген ұғымды халық санасына сіңіруге тырысу – кеңес билігінің бұл өңірді қазақ елінен бөліп алу бағытында жүргізген сұрқия саясатының бір көрінісі, қазіргі саясаттану тілімен айтқанда, сепаратистік «жұмсақ күштің» («мягкая сила») бір элементі еді. Бір белгілісі, бұл өңір – елдің шеті болмағанымен, қазақ елінің жері ретінде жоғалудың шегінде тұрған еді.

Осы кезде Ақмола облысының тұтастығын сақтап қалу жолында сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов орталықпен күресіп бақты. Ол Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы Н.Хрущевтің әрекетіне талай тойтарыс беріп, «бұл мәселенінің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне» қарсылық танытты. Оның жер дауында Кеңес Одағындағы «бірінші тұлғаға» ашық қарсы шығуы – ел тағдырын шешудегі батыл қадам болатын. Тарихи тұлғаның осы іргелі ісі, ізгі рөлі бағаланып, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен кейін Астананың орталық көшелерінің біріне Жұмабек Тәшеновтің есімі берілді.

Дегенмен, Сарыарқаға қарау ниетті сырт күштердің көз сұғын қадауы кейінгі замандарда да жалғасуы ықтимал еді. Және бұл бос байбалам, дәйексіз даурықпа сөз емес-тін. Сондықтан Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында-ақ бұл мәселеде соңғы нүктені қойып, әлгі қатерге түбегейлі тойтарыс берді. Ол еліміздің астанасын Сарыарқа төсіне көшірді.

Мұның өзі тұтас бір эпопея! 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Жоғарғы Кеңесінің (сол кездегі биліктің заң шығарушы тармағының) пленарлық отырысында сөз сөйлеп, республиканың астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіруді ұсынды және бұл бастамасын жан-жақты дәйектеді. Сол күні Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» №106-XIII қаулысын қабылдады. Бұл тарихи құжаттың қабылдануына қол жеткізу оңайға түскен жоқ.

Ол кез шынында өте күрделі де күңгірт шақ еді. Шаһарларда газ болмай, қала халқының өзі тамақты аулада от жағып әзірлейтін. Көпқабатты үйлердегі пәтерлерде де пештер орнатыла бастаған. Электр қуаты тәулік бойында бірнеше сағатқа ғана беріледі, әйтпесе, көптеген елді мекендерде ол да жоқ, кеш түсе ауылдар қараңғылық құшағына енеді.

Елдің қабырғасын қаусатқан, экономикаға аса ауыр тиген тағы бір соққыны солтүстік көршіміз жасады. 1994 жылы елімізде 20 миллионнан астам мұнай өндірілген, бұл Кеңес одағы ыдырағалы бері ең нашар көрсеткіш болатын. Алайда соның өзін сыртқа экспорттау – әлемдік теңіздерге шығар жолы жоқ, алып құрлықта қамалған Қазақстанға мұң болды.

Себебі, Кеңес үкіметі тұсында республикамызға тек «одақтың құбыр жүйесіне шикізат жеткізуші» рөлі ғана берілді. Ал мұнай мен газ экспорты және оны әлемдік нарықтарда өткізу функциялары толығымен Мәскеудің қолында шоғырланды. Салдарынан, Одақтың күйреуімен бірге Ресей арқылы әлемдік нарықтардың да қақпалары тарс жабылды. «Қара алтын» тасымалдау негізінен «Атырау-Самара» тұрба-құбыры арқылы жүзеге асырылған, ал тәуелсіздік алып, еншілер бөлектелгелі бері солтүстік көрші бұл құбырда республикамызға бір тамшы квота бермей қойды.

Қазақстанға келген тұңғыш ірі инвесторлардың бірінің арқасында құрылған «Теңізшевройл» қазақ-американ бірлескен кәсіпорны әлемдік супергигант «Теңіз» кенорнын игеруге бір жыл ішінде сол кездегі ғаламат қаржыны – 500 миллион доллар инвестиция құяды, алайда өндіріс өсу орнына, керісінше, кеміген. Себебі, мұнайды нарыққа жеткізу мүмкін болмады. Ресей «Теңіз» мұнайын өз құбырына жіберуден бас тартқан. Алға тартатын сылтауы – «оның құрамында меркаптан жоғары, ал ресейлік мамандар оның тұрба-құбырды коррозияға ұшырататынын айтады». Нәтижесінде, америкалықтармен бірлескен кәсіпорын құрғанға дейін бұл кенорында ай сайын 330 мың тонна мұнай өндіріліп келсе, ал енді бұл көрсеткіш небары 120 мыңнан аспай қалған.

Сарапшылар Ресейдің бұл қытымырлығы әлемдік мұнай нарығына ірі бәсекелесін жібермеу ниетінен, сондай-ақ оның Каспий жағалауы өңірінде өзіне тиімді үлестерге қол жеткізуге деген әрекетінен туындағанын айтып жатты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кейіндері өзінің естеліктерінде сол тұстағы бір оқиғаны еске алады:

«Қазақстан тәуелсіздік алумен бірге орасан зор проблемаларға, соның ішінде тәуелсіз Қазақстан экономикасын алға сүйреуші мұнай өндірісі саласына инвесторлар тарту мәселесіне тап болды.

Біздің алдымызда Каспийдің шикізат байлығы үшін Мәскеумен арада ұзақ күреске төтеп беру міндеті тұрды. Ресейдің мұнайшыл жақтастары Ельцинді «Теңіз» кенорнын Ресей меншігіне алуға итермелеп, қатты қысым көрсетті. Міне, осыған байланысты Ельцинмен арада көптеген қолайсыз әңгімелер болды.

Бірде Мәскеуде Ельцинмен болған кездесуде ол маған: «Теңізді Ресейге беріңдер!» демесі бар ма. Мен оның жүзіне зер сала қараймын: қалжыңдап тұрған жоқ. «Әрине, егер Ресей бізге Орынбор облысын беріп жатса! Себебі, Орынбор Қазақстанның астанасы болды ғой» деп жауап қаттым. Мұны естіп, ол тіксініп қалды: «Сіздерде не, Ресейге қатысты территориялық талап-претензияларыңыз бар ма?» «Ә, жоқ» дедім. Ол күліп жіберді, мен де күлдім», – дейді Н.Назарбаев.

Елбасының тарихи қателікке жол бермей, «тар жол, тайғақ кешті» заманда табаны тайғанақтамай, табандылық танытуы арқасында қазақтың еншісінде қалған Теңіз жобасы кейін республикамызды көл-көсір ырысқа, ұшан-теңіз пайдаға кенелтті. Бұл жоба жүзеге асырыла бастаған 1993 жылдан 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта одан Қазақстан республикасына төленген тікелей қаржылық төлемдер 125 миллиард долларды құрапты. Бұл төлемдерге қазақстандық жұмысшылардың жалақысы, отандық тауар өндірушілер мен жеткізушілерден сатып алынған тауарлар мен қызметтер құны, мемлекеттік кәсіпорындарға төлемдері, қазақстандық серіктесіне берілген дивидендтер («ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының «ТШО»-да 20% үлесі бар), сондай-ақ мемлекеттік бюджетке аударылған салықтар мен роялти кіреді. Салыстыру үшін айталық, тек осы соманың өзі өзге Орталық Азия елдерінің бәріне тәуелсіз дамуының ширек ғасыры ішінде салынған бүкіл шетелдік инвестиция көлемінен екі-үш есе асып түседі.

Бірақ бұған дейін ел басшылығына инвесторлармен тізе қосып, осы жетістік жолында көп қиыншылықты еңсеруге тура келді. Ресейлік құбырларға қожалық етуші «Транснефтің» негізсіз талаптарын мәнсіз ету үшін америкалық инвесторлар біздің «Теңіз» кенорнында мұнайды демеркаптанизациялайтын әлемде теңдесі жоқ қондырғыны орнатып, тазартушы зауыт салуға кіріседі. Ал оған дейін Қазақстан «қара алтынын» негізінен темір жол цистерналарымен тасуға мәжбүр.

Тек 2000-шы жылдардың басында Елбасының және жауапты тұлғалардың ерен еңбегінің арқасында жаңа «Каспий тұрба-құбыр консорциумы» (КТК) мұнай құбыры ашылғанда ғана республикамыз бір ғана «Теңіз» кенорнынан 20 миллион тоннадан астам шикі мұнайды шетел нарығына шығаруға мүмкіндік алды. Осылайша, Ресей ескі құбырларында Қазақстанға квота бөліп, еліміздің экспорттық ағымын шектейтін құзыры мен «көзірінен» толық айырылды.

Осы орайда жаңа ғана тәуелсіздік алған елдің еңсесін тіктеу, сонымен бірге жерінің тұтастығын сақтау жолында паш еткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламат еңбегі мен жанқиярлық ерліктерін атап өткеніміз жөн. Мысалға, Каспий тұрба-құбыр консорциумының (КТК) жаңа құбыр желісі бойынша уағдаластыққа да Н.Назарбаевтың табандылығы мен қажыр-қайраты, оның сөзге шешен, елге көсем лидерлік қасиеттерінің арқасында қол жетті.

Өйткені кеңестен мұраға алып қалған ескі құбырлар жүйесіне малданған, ондағы әр литр сыйымдылықты бұлдаған алпауыт көршіміз оларға балама болар жаңа бағыттарды ашуға ашық қарсыласып бақты. Мәселен, КТК-ны қайта құрылымдау мәселесін талқылау үшін ғана Қазақстан басшысына РФ Үкіметінің басшысы Виктор Черномырдинмен жарты жылда 13 рет кездесіп, келіссөздер жүргізуге, ұзақ ырғасуға тура келген. Келісім жобасының ақырғы нұсқасын Ресей Президенті Борис Ельцин бекітуге тиіс-тін, ал ол болса, жаңа ғана жүрегіне операция жасатып, ауруханада жатыр.

Жас мемлекетті сақтап қалу үшін әр күн қымбат екенін түсінетін Нұрсұлтан Назарбаев уағдаластық бекітілер уақыттың ұзап кетуін болдырмау мақсатында тікелей ауруханаға тартады.

Сол кездегі мұнай және газ өнеркәсібі министрі, кейін Үкімет басшысы болған марқұм Нұрлан Балғымбаев Мәскеуде Нұрсұлтан Әбішұлының құжатты алып, Борис Николаевич жатқан ауруханаға тікелей тартқанын еске түсіріп еді: «Біздің бәріміз палата есігінің сыртында қалдық. Нұрсұлтан Әбішұлы шамамен 2,5 сағаттай әңгімелесті. Артынша ауруханаға Черномырдин, Сосковец шақырылды. Сөйтіп, енді мәселе кеңейтілген құрамда шешімін тапты».

Осы келіссөздердің қаншалықты ауыр жүргеніне Елбасы өз естеліктерінде жеке тоқталады:

«Каспий тұрба-құбырлар консорциумы жалпы ұзындығы 1510 шақырымдық «Теңіз-Новороссийск» құбыры құрылысын салып, пайдалану үшін құрылған болатын. Аталмыш жобаның мақсаты – Ресей мен Батыс Қазақстаннан мұнай шикізатын тасымалдау және оны жаңа теңіз терминалы арқылы Қара теңіздің солтүстік-шығыс жағалауына шығару. Консорциумының алғашқы негізін салушылар 1992 жылы Қазақстан үкіметі, Оман сұлтандығы және кейінде Ресей болды. 1996 жылы бізге Каспий теңізінің қазақстандық секторында игеру жұмыстарын жүргізетін бірқатар жекеменшік мұнай компаниялары келіп қосылды.

2001 жылы бірінші кезектегі құбырлар пайдалануға берілді, олардың өткеру қабілеттілігі жылына 28 млн тонна мұнай көлемінде болды. КТК құбырларына мұнай жіберу 2001 жылдың 26 наурызында басталды, осы жылдың қазанында КТК терминалында алғашқы танкерге сынақ ретінде мұнай құю іске асырылды.

Жалпы, Теңіз-Новороссийск мұнай құбырын тарту идеясы XX ғасырдың 90-шы жылдарында пайда болған еді. Кеңес Одағы құлағаннан кейін, Қазақстанның орасан мол мұнай қоры, әлемдік мұхитқа шығар жолы жоқ мемлекет ретінде, құрлықтың ішінде «қамауда» қалды. Алдын-ала жасалған экономикалық есептеулер нәтижесінде, өнімді аз шығын жұмсап, ең қысқа жолмен өткізуді қамтамасыз ететін ресейлік бағыт таңдап алынды. Ресеймен жоғары деңгейдегі келіссөздер 1994 жылдан бастап жүргізілді.

Ресей жағынан мұнай құбырын салғысы келмеген қарсылықтарды жеңе отырып, ортақ келісімге келуге тура алты жыл кетті. Қысқасы, Ресей Үкіметінің төрағасы В.Черномырдинмен, Ресей Федерациясының Мұнай және газ министрлігінің басшыларымен, ақыр-соңы Б.Ельцинмен арадағы өткен көптеген келіссөздер туралы тұтас бір кітап жазуға болады.

Бірде маған біздің Премьер-министр Н.Балғымбаев келіп: «Бітті! Жағалай бас тарту, ылғи іріткі салу, байқаймын, мәселе шешілмейтін түрі бар», – деді күйініп. Мен оған тайға таңба басқандай етіп қысқаша хат дайындап, «Ресей мұнай құбырын тартуға қатысудан бас тартқан жағдайда, өз жері арқылы мұнай тасымалдаудан түсетін қаншама ақшадан айырылатынын» қадап көрсетуді тапсырдым. Б.Ельцин Кремль ауруханасында емделіп жатқан еді. Мен сол ауруханаға бардым. Екі сағатқа созылған әңгімеден соң мәселе шешілді» (Н.Назарбаев. «Қазақстан жолы»).

Тәуелсіздік тарихындағы ұлы жеңістер мен жетістіктердің бір ғана эпизоды – осындай! Қазақстан сөйтіп, әлемдік нарыққа өзінің мұнай жолын төседі. 2001 жылдың 13 қазанында КТК өзінің теңіздегі терминалынан мұнай толтырылған тұңғыш танкерін экспортқа аттандырды. Бірақ ол күнге дейін алда әлі көп жыл бар болатын…

Оған дейін, ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының ортасында Қазақстанның экспорттан табатын табысы тіпті халыққа әлеуметтік төлемдерді төлеуге жетпейтін. Бірақ экономикалық қиындықтарға қарамастан, Қазақстан көшбасшысы тәуелсіздіктің тұғырын бекітіп, мемлекеттілік ұстындарын нығайтуға белсене кірісті.

Соның қатарында 1995 жылдың 15 қыркүйегінде «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» ел Президентінің заң күші бар Жарлығы қабылданды. Жарлықта жоғарғы және орталық органдарды Ақмола қаласына көшіру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру үшін Мемлекеттік комиссия құру тапсырмасы берілді. Ақмола қаласын жайластыру және қажетті нысандар мен ғимараттарды салу бойынша бюджеттен тыс қаражаттарды қордалау мақсатында ел Үкіметіне «Жаңа астана» бюджеттен тыс қорын құру жүктелді. Сондай-ақ Үкімет Ақмола қаласының инфрақұрылымын салуға және дамытуға қатысатын инвесторларға салықтық, кедендік және басқа да жеңілдіктерді ұсыну бойынша ұсыныстар әзірлеп, Президенттің қарауына енгізуге міндеттелді.

1997 жылғы 23 қазанда жаңа астанаға мемлекеттік органдар қызметкерлерінің алғашқы тобы бар арнайы үкіметтік құрам келіп жетті. Сол жылғы 8 қарашада Қазақстанның Мемлекеттік нышан-рәміздерінің эталонды даналары және Президент Байрағы ресми түрде жаңа астанаға табысталды.

Бұдан сәл бұрын, 20 қазанда, яғни «Қазақстан-2030» Стратегиясын жариялағаннан кейін тура он күн өткенде, Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды.

Бұл құжат бойынша Ақмола 1997 жылғы 10 желтоқсанынан бастап, қазақ елінің бас қаласы қызметіне кірісті. Осы күні Мемлекет басшысының Ақмола қаласындағы резиденциясының (қазір онда ҚР Тұңғыш Президентінің музейі орналасқан) «Күмбезді залында» Президент Н.Назарбаевтың төрағалығымен, бірінші шақырылымдағы Парламент депутаттарының және Үкімет мүшелерінің бірлескен отырысы өтті. Жиында биліктің жоғарғы органдары бірауыздан Қазақстан халқына үндеумен қайырылып, еліміздің жаңа және жалғыз астанасы туралы алғаш рет ресми жариялады.

Бұл ретте Ақмола қаласының әкімі болып, Әділбек Жақсыбеков тағайындалды. Дегенмен, жаңа астананың халықаралық ресми тұсаукесері (презентациясы) тек 1998 жылғы 10 маусымда өткен еді.

Тұсаукесер қарсаңында, 1998 жылғы 6 мамырда Президент «Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» № 3941 нөмірлі Жарлық шығарды.

Ел ішінде және шетелде жұртшылық назарын аудартқан Астананың халықаралық тұсаукесері 9-10 маусым күндері – екі күн, екі түн бойы тойланды. 9 маусымда мерекелік іс-шаралар бастау алды, кешкілік «Бүгін және мәңгілік, ел жүрегі – Астана» («Отныне и на века сердце страны – Астана») атты театрландырылған қойылым өтті. Ертесіне негізгі шара – тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы Астананың халықаралық тұсаукесері ұйымдастырылып, оның аясында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда – театрландырылған мерекелік қойылым, қаланың ескі орталығындағы бас алаңда – қазақстандық және шетелдік танымал эстрада шеберлерінің гала-концерті өтті. Бұл концерт бүкіл Қазақстанға тікелей эфирде таратылды. Ал қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев гитарамен сүйемелдей отырып, ғарыш стансасының бортынан егемен елімізге арналған әнін орындап берді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен қазақ елінің қуанышына ортақтасуға жиылған өзге елдер көшбасшылары салтанатты рәсімдерге қатысу сыртында, «Мемлекет басшыларының аллеясын» ашып, онда алғашқы көшеттерді отырғызды.

Содан бері он жылға жуық уақыт бойы елордамыздың туған күні әр жылдың 10 маусымында тойланып келген болатын. 2008 жылы ел Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына түзетулер енгізді де, оған сәйкес «6 шілде – Астана күні» атты жаңа мемлекеттік мереке тағайындалды. Нәтижесінде, осынау тарихи оқиғаны атап өту форматы да өзгерді: егер елорданың «туған күні» бұған дейін тек қалалық деңгейде мерекеленсе, енді «Астана күні» республикалық деңгейде атап өтілетін жалпыұлттық мейрамға айналды. Бұл да бір тарихи әділеттілік болып саналады.

Мұның барлығы тарих үшін, әрі қазақ елінің мемлекеттілігі мен егемендігін нығайту жолында символдық мәнге ие болғандықтан, оларға егжей-тегжейлі тоқталып отырмын.

Ақмоланың астанаға айналуы арқасында Сарыарқаның өңіне қазақы қан жүгіріп, өңірге мемлекетқұраушы ұлт өкілдері көптеп көшіп келе бастады. Әйтпесе, кейбір деректер бойынша оған дейін жергілікті тұрғындар арасында қазақтардың үлес салмағы 10-15 пайыздан аспайтын болған. Бүкіл қалада қазақ тілді тек бір ғана мектеп жұмыс жасаған. Осылайша, Целиноград атанып, қазақы тамыры солып, қазақ елімен байланысын түпкілікті үзе жаздаған бұл өңірде бұрын құйтымдай да саңылау таба алмай, сансыраған ұлттық діл, рухани қайнар енді кең арна тауып, саулап құйылды. Содан бері Астанадан ұлттық жаңғырудың мейірімді шуағы бүкіл елге молынан төгілуде.

Астананы солтүстік аймаққа қарай көшіре отырып, Елбасы бір шаңырақ астында тіршілік еткен әртүрлі этнос өкілдері арасындағы достықты сақтап қалды, олар арасындағы жікке бөлінушілік, сепаратизм көріністерін жойды. Сөйтіп, астананы көшіру құрамы жағынан көпэтносты Қазақстан халқын сөзі де, ісі де бір жерден шығатын Болашағы Біртұтас Ұлтқа айналдыруға тың серпін берді.

Қазақтың шын мәнінде Ұлы Дала елі атануының бастауы да осы болатын. Өйткені әр қазақ Сарыарқаның «орыстанған өлке», алып өндірістердің шаңы мен улы түтініне тұншыққан «ошақ» емес, тұмса тарихымыз тұнған, бабаларымыздың киесі дарыған Ұлы Дала екенін түсінді. Тұңғыш Президентіміздің бас қаланы көшіру бастамасы осы қырларымен де қымбат. Ол ұлтқа келген жаңа құндылық!

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің дәл сол дағдарысты 90-шы жылдары Астананы көшіру бастамасын жариялап, қарқынды түрде іске асыра бастауының тағы бір стратегиялық қырын, маңызды сырын, салмақты құнын аңғарамыз. Бұл ұлттың бойына сенім құю, тың қуат дарыту үшін қажет еді. Тәуелсіздігін жаңа ғана алған ел жаппай сары уайымға салынып, өзекті, өн бойды өртеген өкінішті көңіл-күйдің жетегінде кете берсе, күндердің күндерінде замананың дүлей дауылы дәп бір сарғыш жапырақтай сабағынан үзіп, ұшырып әкетер еді. Оның үстіне кең байтақ Ұлы Даламызға көзін тігіп, ондағы мемлекеттің күйреуін күткен күштер де бар болатын. Осыны жақсы түсінген Елбасы жаңа шамшырақ жағып, ұлт болашағына жарық шашты. Осы сәт Қазақ еліне жұпыны күндерді жабырқау түндерге жалғаған «қара жолақты» қақ жарар қарымды сәуле, нұр тарады.

Тұтас ұлт іштегі кері тартар «кесір тежегішті» істен шығарып, жігер мен қайратты көмекке шақырып, жасампаздық жолында еркін қимылдауға, қарымды адымдауға көшті…

Бақытбек Смағұл

Мәжіліс депутаты,

«Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығының төрағасы

 

Дереккөзі (қайнары): Sauap.org

Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

two + two =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org