Білім

МЕКТЕП ФОРМАСЫ МЕН СӨМКЕСІН ҚАЛАЙ ТАҢДАУ КЕРЕК?

Қазақстанның бас мемлекеттік санитары ата-аналар жаңа оқу жылына қазірден дайындала берулері үшін мектеп формасына және оқушылар сөмкесіне қатысты кеңес берді, деп хабарлайды Sauap.org.

Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин мектеп формасы мен оқушы сөмкелерін таңдауға, оқушының дұрыс күн тәртібі мен дұрыс тамақтануына қатысты ұсынымдарын жария етті.

Арқаға асатын сөмкені таңдау кезінде келесі талаптарды сақтау қажет:

– Оқушы рюкзагының/сөмкесінің қатаң ортопедиялық арқалығы және арнайы каркасы болуы шарт. Сөмке каркасы салмақ пен омыртқаға қысымды біркелкі таратуы және баланың омыртқасын бұзбай, арқасын тік қалыпта ұстау үшін қатты болуға тиіс.

– Баланың иығын ауыр салмақпен қиып кетпеуі үшін рюкзактың иықбаулары (лямки) енді-жалпақ болғаны, әрі қолмен сипағанда жағымды материалдан жасалғаны абзал. Олардың ұзындығы реттелуге тиіс және бала арқасөмкені екі иығына қатар асынуы керек. Бір иыққа ғана асу баланың бой-тұрқын бұзады, әрі баланың мойнына ауыртпалық түсіреді.

– сөмкенің көлемі мен салмағы баланың бойы мен жасына сәйкес келуге тиіс. Бос мектеп рюкзагының салмағы 1 килограмнан аспауы міндет.

Балалар портфельдерінің шектен тыс ауырлығы проблемасын шешу мақсатында 2017 жылдан бастап, елімізде оқулықтарды, ауыстыратын аяқ киімді және спорт керек-жарақтарын сақтауға арналған жеке шкафпен әр оқушыны қамтамасыз ету бойынша жоба іске асырыла бастады. Бұл шара Ж.Бекшиннің түсіндіруінше, «балалар арасында тірек-қозғалыс аппараты ауруларының алдын алу үшін қажет».

–Мектеп формасын сатып алу кезінде баланың осы киімді күн сайын 5-6 және одан да көп сағаттар бойы киіп жүретінін есте ұстау қажет. Сондықтан бірінші кезекте матаның сапасына назар аудару маңызды. Құрамында синтетикасы аз матаны таңдаған дұрыс. Күнделікті кию үшін синтетикалық материал жарамайды, себебі синтетикалық талшықтардан ауа өтпейді. Оның үстіне, синтетикалық талшық аллергия тудыруы мүмкін. Алайда синтетикадан толық бас тартуға да болмайды, өйткені ол киімнің пішінін сақтайды, қызмет ету мерзімін ұлғайтады, оны күтіп ұстауды жеңілдетеді, – деді Ж.Бекшин.

Мектеп формасына қойылатын талаптар:

Бұл киім тігілетін матаның елу пайызы «бала денесінің демалуына және аллергияның алдын алуға мүмкіндік беретін» табиғи материалдардан – тоқыма, жүн, мақта, зығыр, жібек және вискозадан болғаны дұрыс.

Мектеп киімнің:

– сыртқы қабаты кемінде 35%-ға табиғи талшықтан немесе вискозадан тұруға,

– ішкі қабаты, астары 100% табиғи талшықтан немесе вискозадан тұруға тиіс.

– Кофталар мен ер бала көйлектері кемінде 65%-ға табиғи талшықтан немесе вискозадан құралуға тиісті.

Бас санитар «күн режимін сақтау оқушы өмірінде маңызды рөл атқаратынын» айтты. Каникул болса да, балалар уақытылы ұйқыға жатуы, дер уақытында тамақтануы қажет.

«Режим тәртіпке тәрбиелейді, жинақы болуға көмектеседі. Оқушының денсаулығына ұйқы, тамақтану және қозғалыс белсенділігі де әсер етеді», – деп түсіндірді Жандарбек Бекшин.

Дереккөзі (қайнары): Sauap.org

 

Фото: http://kooz.mz.gov.kz/sites/default/files/news/bdd349fbc95cadbb69ce92ea.jpg

Редакция Sauap.org

You may also like

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

thirteen + 20 =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Білім