Sauap.orgМәдениетӨнер

АСТАНАНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫ АЯСЫНДА: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМФОНИЯЛЫҚ ОРКЕСТРДІҢ ОРЫНДАУЫНДА К.ДЖЕНКИНСТІҢ «SHINE ASTANA» («ЖАРҚЫРАҒАН АСТАНА») САЛТАНАТТЫ ОДАСЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕР-ПРЕМЬЕРАСЫ

Өткізілетін орны: сол жағалаудағы «Астана Опера» театры

Өткізілетін күні: 2 шілде

Өткізілетін уақыты: 19.00

Ұзақтығы: 1 сағат 15 минут

Астананың 20 жылдығына орай біздің заманымыздың ұлы композиторларының бірі, атағы әлемге машһүр британ сазгері Карл Дженкинс үлкен мәдени тосын сый дайындады: ол «Shine Astana» («Жарқыраған Астана») ораторийінің тұсаукесерін өткізеді. Оны еліміздегі және дүниежүзіндегі белді музыканттар арасынан іріктеп, арнайы құрастырылған халықаралық симфрниялық оркестр орындамақ.

Іс-шара Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2 шілдеде «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында өтеді.

Келушілерді мыңнан астам музыкант жүзеге асыратын керемет қойылым күтеді. Осы мақсатта Қазақстанның барлық өңірлерінен симфониялық оркестрлер мен хорлардан арнайы құрама түзілді. Мұның сыртында осынау ірі вокалды-симфониялық туындыны орындауға әртүрлі шет мемлекеттердің музыканттары да қатысады. Олардың қатарында Карло Феличе (Генуя) театрынан келген италиялық әртістер де бар. Ал америкалық опералық ханшайым Энджел Блу (сопрано) мен отандық тенор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев солист ретінде бар өнерлерін ортаға салмақ.

Музыканттардың мыңдық «түменіне» дарынды қазақстандық дирижер, есімі әлемге мәлім, Қазақстанның еңбек сіңірген қайтаркері Алан Бөрібаев жетекшілік ететін болады. Ал әртүрлі елдер музыканттарының, заманауи ұлттық мәдениеттер өкілдерінің жанды әрекеттестігі таңғажайып шығармашылық жаңашылдықтарды тудыруға қабілетті.

Classic FM нұсқасы бойынша британдық композитор Карл Дженкинс қазіргі замандағы танымал сазгерлердің «ондығына» кіреді. Оның әуендеріне тек Ұлыбритания мен Еуропа ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемнің өнерсүйер қауымы сүйсіне елтиді. Карл Дженкинс Қазақстан жеріне тұңғыш рет 2004 жылы аяқ басты. Дәстүрлі қазақ музыкасының қайталанбас сұлулығы, тұма тұнығы композиторды Ұлы Дала еліне арнап, бірнеше бірегей туынды жасауға шабыттандырды, олардың арасында «Абай», «Шәкарім», «Тілеп», «Туған жер» бар.

SHINE ASTANA атты жаңа шығармасы партитурасының музыкалық тініне ол Codex Cumanicus («Қыпшақ тілдерінің сөздігі» — XIV-XIV ғасырлардағы байырғы қыпшақ тілдерінің ежелгі тарихи жәдігері) мелодикасын, Елбасы Н.Назарбаевтың «Жерім менің» әнінің, «Қарасай» және басқа да әндердің фрагменттерін, сондай-ақ ертеректе жазылған туындылардан саналуан үзінділерді үйлесімді түрде өрген.

«Shine Astana» салтанатты одасы төрт бөліктен тұрады:

І бөлім «Ұлы Даланың қасиетті шежіресі» деп аталады. Онда қазақ халқының көпғасырлық тарихы көрініс береді, мұнда «Жайлау», «Қарасай», «Адай» туындыларынан үзінділер шырқалады.

ІІ бөлім «Бабалар аманаты» деген атауға ие. Бұл бөлім құпия-сыр сарайының есігін ашып, тылсым әлемге жетелемек, онда ерлер хоры Codex Cumanicus-тан байырғы түркі әндерін орындайды, тарих тереңінен жеткен сарын әуелейді.

ІІІ бөлім «Болашаққа бастау» аталып, жас Қазақстанның символдарына арналады. Оның барысында көрермен «Сары қыз», «Қарлығаш», «Дударай» туындыларынан фрагменттерді тыңдай алады.   

IV бөлім, яғни «Мәңгілік Ел салтанаты» Салтанатты оданың финалы болып табылады және ол өмірсүйгіштік, мерекелік сипатқа ие. Бұл бөлімде «Тұлпар», «Көзімнің қарасы», «Shine Astana»  (Той-Гимн-Той) туындылары орындалады.

 

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрына келесідей автобустармен де баруға болады: 12, 32, 35, 46, 53, 102 экспресс, 300, 305, 312.

Мекенжайы: Астана қаласы, Қонаев көшесі, 1 (Тұран даңғылымен қиылыста)

Касса: +7 7172 709 600; +7 7172 709 612. (жұмыс күндері 10:00-18:45 / демалыс және мерекелік күндері 10:00-17:45)

Дереккөзі (қайнары): Sauap.org

Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

five × 5 =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org