Sauap.orgҚазақстан тарихыТарих

ЕСКІНІҢ СОҢЫ, ЖАҢАНЫҢ БАСЫ

(Абай қара сөзін нөмірлемеген)

Абай – қазақ руханиятының төлқұжат-паспорты. Бұған ешқандай күмән болмауға тиіс. Ендеше біздің Абайды табуымыз бен тануымыз – жер басып жүрген өзімізден гөрі әлдеқайда биік нәрсені табу мен тану болып шығады. Әлихан Бөкейханның ұлы ақынды саф алтын деуінің себебі осы.

Кәдімгі өмірде, мысалы, ғылым есігін ашқан жас маман кандидаттық минимум емтиханы бойынша Абай туралы сұраққа жауап беріп отыр делік. Ол: “Ақын өзінің 37-ші қара сөзінде…” деп сөзін сабақтамақ болғанда, оқытушы: “Абай сонда “37–ші сөзім” деп жазған ба?” – деп сауал қойсын. Ізденуші “иә” дер. Оқытушы оның осылай дейтінін сезсе дұрыс. Жауаптан соң ендігі жерде “оқулық шеңберінен шығу” қажеттігін, Абай жинағының алды-артын тәптіштеп оқу керектігін ескертсе жақсы.

Абай қара сөзін нөмірлеген жоқ. Тіпті оны “қара сөзім” деп те жазбаған. Мұны ақын шығармасына ынтызар жанның көбі дерлік біледі. Нөмірлеген, “қара сөз” деген – Ғылым ғасыры. Яки оны ағартуға іліктес дәуір жүйеледі. Мысалы, Мүрсейіт қолжазбасында бүгінгі 37-ші сөз – “Насихат”, ал 38-ші сөз – өз алдына “Китап тасдих” деген атпен берілген деп жазады абайтанушылар /2/.

Ғылым ғасыры Дантені де, Шекспирді де, Пушкинді де, Толстойды да жүйелеген. Яғни жазғандарын дестелеп, жүйелеп елге жеткізген. Білім-ілімнің өз логикасы бар.

1971 жылы баспагерлер белгілі бір принципке сүйеніп, Абай туындыларының шағын топтамасын халыққа “Өлең – сөздің патшасы” деген атпен ұсынды. Бүгін осыны “Абай… өзінің “Өлең – сөздің патшасы” кітабында” десек, қандай ерсі естілер еді. Бұлай айта салу да, жаза салу да бізге таңсық болып па? Мысалы, белгілі алаш зиялысы, ғалым Телжан Шонанұлы 1926 жылы “Қазақ жері мәселесінің тарихы” атты айрықша зерттеу кітабын жариялағаны мәлім /3/. Осы еңбекті 1995 жылы “Санат” баспасы “Жер тағдыры – ел тағдыры” деген атпен қайта басып шығарды (Елге бейтаныс бұл туындының атын өзгерту қажет емес еді, алайда не әзірлеуші, не баспагер ныспыны “актуальды” етуді жөн деп тауыпты. Бұл да – олардың еркі). Енді атақ-дәрежесі өз басынан артып жығылатын бір тарихшы “Т.Шонанов өзінің “Жер тағдыры – ел тағдыры” атты кітабында…” деп жазып жіберіпті. Бұл, әлбетте, білім-ілімнің логикасы емес. Сыпайылап айтқанда, сауатсыздықтың қоңсысы. Сондай-ақ қазір “Ахмет Байтұрсынов “Ақ жол” атты кітабында…” деп сөз сабақтайтындарға таң қалудан қалып бара жатырмыз (Ағартушының 1991 жылы бір жинағы “Ақ жол” деген шартты атпен жарияланған). Бұл енді газет-журнал, кітап оқымай “көзі қарайған” сарытып мұғалімдердің “Үш арыс, бес бәйтеректі атаңызшы?” деген эврика- сұрағымен орайлас жағдаяттар ғой…

Сонымен, ғылым ғасыры руханият паспорты – Абайдан көп нәрсе тапты. Әрине, өзі үшін, өрістеуі үшін.

Абайды ”қазақтың бас ақыны” деп жан-жақты дәлелдеген А.Байтұрсынұлы аспандата көтерген ақынынан жалғыз ғана мін табады. Ақаң: “Ол мін өлең бунақтары тексеріліп орнына қойылмағандық”, – дейді /4/. Кейін “Әдебиет танытқышында” бұл мәселеге қайта оралады. Бұл мін, Ахметтің ойынша, өлеңді оқығанда, неге қосқанда дауыс ағынын бұзады. Сондықтан ағартушы ауысқан бунақтарды “өз орнына” қоюды ұсынады (бұл сөйлемде біз тырнақшаны әдейі қойдық).

Ахметтанушылар мен жалпы поэзиятанушылар жоғарыда айтылған “мінді” көбіне айналып өтіп жүр. Біздіңше, бұлай жасау Абайдың да, Ахметтің де адалдық болып табылмайды. Түптеп келгенде, мәселені кеңірек қарау қажет секілді. Абай – ескінің соңы, жаңаның басы. Сондықтан оның поэзиясында бұрыннан бар жалпы формалық еркіндік ұшырасуы заңдылық. Және оны табиғилық деп қабылдау керек. Бунақтың құбылуы туралы көп мысал келтіруге болады (бүгінгі поэзиядағы формалық ізденістер де бұған мысал).

Ахмет – жүйелілікке, ғылымға, нағыз ағартушылыққа ұмтылған кезеңнің тұлғасы. Байтұрсынұлы үшін бәрінде жүйе, принцип болу керек. Тіпті оған “ақын бунақтарын ауыстырайықты” айтқызып отырған – осы принципі. Абайды жаңа әдебиеттің басы десек, ендеше оны да жүйелі қабылдайық, жаңа басылымын ретке келтірейік дейді ол. Белгілі фольклортанушы-ғалым С.Қасқабасов “Ер Сайынға” А.Байтұрсынұлының біраз мәтіндік түзетулер жасағанын (халықты тәрбиелеуге, ұлтты ұйыстыруға қатысты ұғымдарға, сөздерге акцент берген) айтып-жазып жүр /5/. Мұны Ахметтің өзі де жасырмаған: “Ер Сайынның” мұқабасына “жыршылар аузынан алып, өңдеп өткеруші – Байтұрсынұлы Ақымет” деп жазған /6/. Олай болса, осының бәрін – ғылымға, жүйелілікке өтердегі міндетті түрде бастан кешірер құбылыс деп қабылдау керек. “Бұл – қате қадам” деу теріс. Бұл – баспалдақ. Баспалдақсыз табалдырыққа кісі қалай көтерілмек? Зәулім үйге қалай енбек? Баспалдақсыз аласа үйге ғана кіруге болады…

Абайдың “бір алуан шығармалары – “қара сөз” деп аталады, жалпы саны қырық алты бөлек шығарма” деп жүйелеген – Ахметпен іліктес толқынның өкілі Мұхтар Әуезов /7/. Қос академик З.Ахметов пен С.Қирабаевтың жалпы редакциялық басқаруымен жарыққа шыққан ақынның 1995 жылғы жинағының “қара сөзге” қатысты түсініктемесінде: “Ақын жазбалары түгелдей дерлік тұңғыш рет 1933 жылы М.Әуезов құрастырған бір томдық шығармалар жинағына енгізілді де, содан бергі барлық басылымдарда қайталанып келеді. Бір өкініштісі – қара сөздерді кейінгі басылымдарға әзірлеу кезінде текстологиялық жұмысты жалғастыру, ғылыми аппаратты толықтыру бағытында дәйектілік болмады”,- делінген /8/. Әділін айту керек, соңғы мерейтойлық жинақ – мол маңдай тердің жемісі. С.Қирабаев, З.Ахметов бастаған, Қ.Мұхамедханұлы, марқұм Б.Байғалиев, М.Мырзахметұлы, Ж.Ысмағұлов, т.б. қоштаған топтың мәтіндегі дүдәмал әрбір сөзді сараптағанын көзіміз көрді. Еңбектің нәтижесі – кемінде 10 баспа табақ болатын комментарий дер едік. Алайда бұл кешенді жұмыс та абайтануға қойылған нүкте болмаса керек. Айталық, Абай өз дәрежесінде таныған исламның, Шығыс құндылықтарының біз қазір “әліппесін” ғана жарым-жартылай үйреніп жатырмыз. Осы жайдың өзі алдағы міндеттерді белгілегендей. “Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. … Ғалам Алла тағаланың ішінде”, – дейді Абай /9/. Ал, біздің философтар әлі күнге Абайды материалистік тұрғыдан түсіндіріп әуре болып жүр…

Абайды ұлттың рухын көтеретін тұлға тұрғысынан танып, шығармаларын ғылыми жүйелілікке дәйек еткен дәуірдің ірі қайраткері – Халел Ғаббасұлы (1888-1931). Алаш тарихынан хабардар жан бұл азамат туралы жақсы біледі. Ол – 1917 жылы желтоқсанда Ұлт Кеңесі ретінде жасақталған Алаш Орданың мүшесі, яғни Ұлт Кеңесі Төрағасының (Ә.Бөкейхан) орынбасары. Сол жылы шілдедегі Бірінші жалпықазақ съезінде Халел Бүкілресейлік Құрылтайға делегат болып сайланғаны да мәлім. Х.Ғаббасұлы дүниежүзіне мәшһүр оқу орны – Мәскеу университетінің физика-математика факультетін алтын медальмен бітірген. Нақтырақ айтсақ, ол ғылымның тұнығынан су ішкен азамат-тын. Сондай-ақ 1918 жылы 19-21 наурызда Алаш автономиясы мен Кеңес өкіметі арасындағы келіссөзде қазақ атынан – Х.Ғаббасұлы, ал большевиктер атынан – И.Сталин “төте телеграфпен ауызша сөйлескені” (“Сарыарқа”, 22.3.1918) біраз жайды аңғартса керек. Міне, осындай дәрежедегі қайраткерді өз көзімен көрген Гүлнар Міржақыпқызы “Шындық шырағы” атты естелік кітабында ол кісінің түр-әлпетін “орыс-татар пішіндес келген ақ-сары өңді, ашаң, денелі, ұзын бойлы” деп сипаттайды /10/. Сондай-ақ текті апайымыз “Райымжан Бөкейханов Халелдің қонақ үйде де қаршыға асырағанын көргенін” жазады. Бұған қарағанда, Х.Ғаббасұлы саятшыл болғанға ұқсайды. Осы шақтағы Шәкәрім сынды тұлғалардың да саятшылықпен айналысқаны жөнінде жазылып жүр (Ол кезде саятшылық шығармашылықтың шарты секілді десек, жаңылыспаспыз).

Ақын Мағжан “Эпиграммаларында” Х.Ғаббасұлы туралы:

“Халел, Халел”

Деп те елдің

Бойы өсер, – деуі /11/ де тегін емес сияқты. Бұл жерде әңгіме тек бойдың ұзындығы турасында ғана болмаса керек.

Осы Халел Ғаббасұлы тұсында алғаш Семей облыстық Алаш комитетінің, кейіннен Алаш партиясы Орталық комитетінің үні болған ”Сарыарқа” газетінің жауапты шығарушысы болды. Бір жағынан қайраткер, екінші жағынан публицист Халел Абай туралы арнайы еңбек, немесе көсемсөз жазбаса да, бір мақаласының ішінде ұлы ақын “қара сөзінен” дәйек келтіріпті. Мақала “Мемлекет күйі” деп аталады. Ол “Сарыарқа” газетінің 1917 жылғы № 22 (27 қараша), № 23 (5 желтоқсан) сандарында жарияланған /12/. Автор мұнда большевик қолына көшкен биліктің себеп-салдарын талдап, бұрынғы империя уысындағы халықтар тағдырына алаңдаушылық білдіреді. “Жұрт бостандығын кескілей бастаған” “қара надан көпшілік” ұсқынын әуезе еткенде Халел Абайдың Мүрсейіт қолжазбаларындағы “Насихат” топтамасына енген, бүгінде “37-сөздің” құрамына кірген бір пікірін пайдаланады. Х.Ғаббасұлы “нұсқасы” төмендегідей:

“Сократ хакімге у ішірген, Иуан Густы отқа өртеген, Ғайса ғалайс-саламды дарға асқан, Пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген – ол кім? – ол көп; ендеше көпте ақыл жоқ: ебін тап та жөнге сал”, – деген Абай”.

Енді бүгінгі “37-ші сөздің” 8-тармағын оқиық:

“Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал” /13/.

Айырмашылық көзге ұрып тұр. Бірінші, Халелде – Иуан Гус(Ян Гус), Мүрсейітте(?..) – Иоанна Арк (Жанна Д’Арк). Бұлар екі адам, екі елдің өз алдына бөлек тұлғасы. Ян Гус (1371-1415) – чех халқының ұлттық батыры. Прага (Карлов) университетінде профессор, ректор болған. Неміс шапқыншылығы мен католик шіркеуінің оспадарлығына қарсы тұрған. Ал, Жанна Д’Арк (1412-1431) – екінің біріне мәлім француздың батыр қызы. Ол әйгілі “жүз жылдық соғыстың” (1337-1453) шешуші сәтінде елін ағылшын басқыншыларына қарсы көтерген. Орлеанды босатып, “Орлеан қызы” атанған. Аталған екі тұлғаның да тағдыры ұқсас. Екеуін де католик шіркеуі, Абай айтқандай, “отқа өртеген”. Ян Гус 1415 жылы Констанца қаласында, ал Жанна Д’ Арк 1431 жылы Руан кентінде шіркеу шешімімен өртелген. Сонда Абай Ян Гус деді ме, жоқ Жанна Д’Арк деді ме? ММУ-ді бітірген, әр сөзіне жауап берген, халқының азаттығы жолында қайраткер де, публицист де болған Халел Ғаббасұлы қателесті ме екен? Әлде ағартушылықтың түзетуге, реттеуге деген талабы “жетегінде” кетіп, Абай сөзін “оңдады” ма? Егер осылай етсе, кіндік қаны Семей топырағында тамған Халел араласып-құраласып жүрген Шәкәрімнің, басқа да Құнанбай ұрпағының жүзіне қалай қараған? Баспасөзбен жиі араласқан Шәкәрім неге “Халел-ау, ол ондай емес” демеген? Кісі атын өзгерту жүйелеу емес қой.

Осы жағдай мәтінтанушыларды Мүрсейіт қолжазбасына қайта үңілдіруі керек деп есептейміз. Бұл – бір.

Екінші, Абай лексиконында жиі ұшырасатын “хакім” (Сократ хакім), “ғалайс-салам” (Ғайса ғалайс-салам) сөздері Мүрсейіт қолжазбасында шынында болмағаны ма? Діндар, ойшыл ақын сөз саптау этикетін сақтаса керек-ті.

Үшінші, “у ішірген // у ішкізген”; “…ол кім? – ол көп // … кім? ол – көп” нұсқаларында аса алшақтық болмаса да, дәл бірдей деу – текстологияға қайшы.

Х.Ғаббасұлы әдебиетші де, абайтанушы да емес. Ол – бар болғаны ұлы ақын сөзін қадірлеуші. 1931 жылы Жүсіпбек Аймауытұлымен қатар шұғыл атылып тасталғанынан-ақ Халелдің алдаспан мінезін көзге елестетуге болады. Ғалым Т.Жұртбай бұл қайраткерге кесілген “ату жазасының” өзгермеуін оның бір кезде Ежовты сынауымен түсіндіреді /14/. Бірақ тағдыр тәлкегі деген сол: Х.Ғаббасұлына да белгілі дәрежеде Ян Густың өлім жолы “бұйырды”. Дәлірек айтсақ, Халел сонау 17-жылы-ақ большевизм кепиетінен ажал кәрін сезген болуы керек.

Дана Абайдың бір үзік сөзін ауызға алған Х.Ғаббасұлы абайтанушы болмаса да абайтану тарихына енетіні сөзсіз. Алла жазса, ендігі ақын жинақтарының “қара сөзге” қатысты түсініктемелеріне оның ныспысы да, “нұсқасы” да кіруі тиіс. Дәлелденсе, айқындалса, мүмкін… Жанна Д’Арк есімі Ян Гус атымен алмастырылар.

Біз Абай шығармашылығы туралы үлкен әңгіме айтар алдында осындай шағын деректі де қаперде ұстау артық болмас деп есептейміз.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

әдебиет тарихшысы, алаштанушы

Әдебиеттер:

  1. Букейханов А. Абай (Ибрагим) Кунанбаев//Семипалатинский листок, 1905, 25-26-27 ноябрь
  2. Қосан С. Китаб-Тастих және оның текстологиясы//«Абай мұрасы-тілдік өрістің негізі». Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Алматы: Информ-А, 2005.-208-220 б.
  3. Шонанұлы Т. Қазақ жері мәселесінің тарихы. Қызылорда- Ташкент: Түркiстан мемлекеттiк баспасы, 1926. – 224 б.
  4. Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. 320-б.
  5. Қасқабасов С. Әдеби мұраны зерттеу туралы // жинақта: Әдебиет тарихы мәселелері. Алматы: А-Принт, 1999.- Б. 32-34.
  6. Ер Сайын. Жыршылар айтуынан алып, өңдеп өткерушi Байтұрсынұлы Ақымет. – Мәскеу: Ұлттар Комиссариаты қарауындағы Күншығыс баспасы, 1923. – 93 б.
  7. Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тiлi, 1991. – 240 б.
  8. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Екi томдық шығармалар жинағы. 2-том. – Алматы: Жазушы, 2005. – 283-б.
  9. Бұл да сонда. 127-б.
  10. Дулатова Г.М. Шындық шырағы. – Алматы: ОПО Полиграфия, 1995.- 200 б.
  11. Жұмабаев М. Шығармалар. – Алматы: Жазушы, 1989. – 211-б.
  12. Ғаббасұлы Х. Мемлекет күйі // «Сарыарқа» газеті, 1917 жыл,

№ 22 (27 қараша), № 23 (5 желтоқсан)

  1. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Екi томдық шығармалар жинағы. 2-том. – Алматы: Жазушы, 2005. – 123-б.
  2. Жұртбаев Т. Талқы. – Алматы: Қазақстан, 1997. – 368 б.
Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

18 + twenty =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org