Sauap.orgӘлемдеБілімМәдениетТілдік

ҮРЕЙЛЕНУГЕ ЕМЕС, ҮЛГІЛІДЕН ҮЙРЕНУГЕ АСЫҚ БОЛАЙЫҚ!

ҮРЕЙЛЕНУГЕ ЕМЕС, ҮЛГІЛІДЕН ҮЙРЕНУГЕ АСЫҚ БОЛАЙЫҚ!

ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығы басталар тұста қазақ елі ұлы бетбұрысқа ден қойды. Және бұл бетбұрыс бұған дейінгілерден ғаламат! Өйткені біз дәл қазір болашақ әлемдегі Қазақстанның орнын сайлап жатырмыз. Ол орынның қандай болатыны басқа емес, сіз бен біздің бүгінгі таңдауымызға байланысты болмақ.

Дәуірлік бастамаларға екінің бірінің жүрегі дауалай бермейді. Адам табиғатына тән үрей қоғамның да өне бойы буып, алай-дүлей күй кештіреді, қалтыратады, көңілді күмән кеулейді, әртүрлі ойлар санада теңіздің түйе жалды толқынындай шарқ ұрады. Жарқабақтың ұшынан жан ұшыра төмен құлайын деп тұрғандай сезімде болады. Осындайда тал бесікке қайта бөленуді қаламағанымен, бәрін тастап, кері қайтқың, бұрыннан келе жатқан, «уақыт сынынан» өткенді өзгеріссіз қалдырғың-ақ келеді.

Бірақ болмайды. Біз енді ескі ырғақпен ары қарай жылжи алмаймыз. Өйткені бүгінде инерция – ең басты сын-тегеуріннің әрі тәуекел-қатердің өзі. Қазіргі «жасын» ғасыр кердең қимыл мен керенау пиғылды әсте көтермейді, шұғыл әрі әбжіл әрекетсіз әрбір асарлы істе аңсарлы нәтижеге жету мүмкін емес. Ал жаңа әлемнің қалыбына сыймаған мемлекет дамуын жоғалтады, сан-салалы заманауи факторлардың ықпалымен жүйелік деформацияға ұшырайды. Егер біз осы сын-қатерге жауап бере алмасақ, өзімізді ғана емес, бүкіл елдің басын қатерге байлағанымыз.

Шын мәнінде, қазақ тілін латын жазуына көшіру де – «цифрлық дәуір» талаптарынан туындап отыр. Мұны естіп, «ана тілімізді темір компьютердің алдында жығып береміз бе?!» деп шын кейіген сөздер шығуда. Жықпаймыз! Бұл қайта болашақта қазақ тілін жоғалтпаудың қамы болып табылады. Тіліміз түрленсін, түлесін, Мәңгілік елмен бірге жасасын десек, біз осы өзгеріске баруымыз керек.

Өйткені цифрлы болашақ, заманауи ақпараттық технологиялар дөңгеленген дүниеде тіл түгіл, мемлекеттің рөлі мен функцияларын өзгертуде. Мамандардың айтуынша, мәселен, бұған дейін ақша эмиссиясы, яғни қарапайым тілмен айтқанда, валютаны басып шығару тек мемлекеттердің ғана айрықша құзыреті болса, қазір дүниежүзінде кез келген адам өз компьютерінің видеокартасын пайдаланып, криптовалюта жасайтын болды. Ал блокчейн технологиялар тіпті алпауыт державалардың қаржылық операцияларға бақылау жасау функцияларын қауқарсыз етуде. Бұл сын-қатерге мемлекеттер тек интеграциялану және халықаралық кооперациялану арқылы жауап бермек. Себебі, цифрлық дәуірде нақты бір елдің аумағында тосқауыл қою және толық тыйым салып тастау мүмкін болмай қалды.

Қазақстан дамыған елдердің қатарына тұрып, бірге адымдауы, цифрлық заман әкелген еркіндік пен ашықтықтың жаңа дәрежесіне дайын болуы шарт.

Оның үстіне жаңа цифрлық экономикада мұнай мен газ дамыған мемлекеттердің табысының басты көзі болмайды. Табыстың негізгі бастауы да – ІТ-технологиялар болмақ.

Қазақ тілінің ескі кириллицадан латын графикасына көшуімен бірге көз үйренген өмірдің де өзгеруінен қаймығатын азаматтарға айтарым: ағайын, өмір онсыз да өзгеруде. Бізден тек оған лайықты қимыл талап етіледі. Ескі сүрлеулер сорға бастайды. Жаңаша ойламау жарға жығады.

Елбасы айтқандай, қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алатын өршіл рухты, азат ойлы, ержүрек қазақ халқы емеспіз бе?! Осы қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар. Ол – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау. Ал бұған тек заманауи жасампаз істер жеткізеді. Бұл жолда бізді батыр бабалардың аруағы жебесін. Ырысты ынтымағымыз демесін. Ұлы мақсаттарға жету бізге сын.

Егер ата-бабаларымыз алғашқы қауымдық адамдар бойында мықты орныққан үрей мен қорғансыздық сезімін жеңіп, алға баспағанда, тағдырдың толқынына қарсы жүзбегенде, заманнан оза жаңғырмағанда, біз мақтан тұтатын ұлы мұраларды құра алмаған болар еді. Әлемнің тең жартысы жапырақ жамылып жүргенде, дәл біздің бабаларымыз «Алтын адамға» айналды. Атты қолға үйретіп, оған ауыздық салып, алыс кеңістіктерді игерді. Үңгірге тығыла бермей, киіз үй тігіп, алғашқы заманауи елді мекендердің негізін қалағандардың бірі болды. Арбаны ойлап тауып, ұлы көштерге жол ашты. Метал қорытып, озық өндірістер құрды. Олар осылайша, өздері дами отырып, барша адамзаттың өркендеу шекараларын кеңейтті, заманды жаңғыртты, өркениетке өркен жайғызды.

Осының арқасында аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орынды алатын, о шеті мен бұ шетіне құлан жортса, тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр жерді сақтап қалу олардың қолынан келді.

Ендеше жаңаша дамуға бастайтын, озық елдер игерген жаңа жазудан қорқатындай не болды? Байбаламшылдардың елді есінен және жолынан адастыратын сөздеріне ермейік, сыртқы қарау күштердің адам жанының қатпар-қалтарыстарындағы небір қорқынышты қоректендіретін арам ниеттеріне құрбан болмайық.

«Қазақ елі болмасын, ілгері озбасын» дейтіндер қашан да ұлтымызды үрей құшағында ұстауға, ал ұлы бастамаларымызды мазаққа айналдыруға тырысады. Бодандықтан тек ширек ғасыр бұрын ғана құтылып, оңы мен солын енді танып келе жатқан әз ұлтымыздың әр қадамына үнемі күдік байлап, күмәндандырып, азаматтардың сана-сезімдерін тұрмыс тудырған келеңсіз жайлар арқылы езіп, ерік-жігерін буып, еңсесін көтертпестей күй кештіруді қалайды.

Ел өз ісіне өзі ұялып, қорқынышқа бой алдырып, күмілжіген тұста ұлттық тұтастық күйрейді. Ол енді ұлт емес, әр өкілі өз қара басын ғана күйттейтін тобырға айналады. Сондықтан да Елбасы әрдайым басыартық күйзеліс пен күйгелектікке салынбауға, асықпай, байыппен қозғалуға шақырады, қазақстандықтар бойына сенім құя, үміт бере сөйлейді. Осылайша, жарқын болашаққа бастайды.

Қазақстан Президенті де – Ұлы Дала елінің ұланы, ұлтының арысы. Ол қазаққа кесірін тигізерді ұсынбайды. Елбасы ұлы бетбұрысқа кіріспес бұрын, елдің бүгіні мен болашағы туралы ой толқындарын қуатты сезім ағысымен жүректен өткізе отырып, оңы мен терісін таразыға тең тарта бағамдайды, сөйтіп, сарабдал жөн-жосығын, ең ізгісін елдің талқылауына салады.

Оның еліміздің, жеріміздің тарихына, ата-баба шежіресіне, халықтың салт-дәстүріне жетіктігі жеке бір тақырып, үлкен бір әңгіме арқауы. Бұл оның өзіне Алланың берген сыйы, ата-бабаның қанымен дарыған қасиеті, жылдар өте ұшталған шеберлік-дарыны. Яғни, ол қазақ тілінің болашағына алаңдайтын, соған тек жақсылық тілейтін тұлға.

Демек, Елбасымыздың осы бастамасы қазақ тілінің қамын жеген әр азамат, тілімізді асыл құндылыққа, үлкен байлыққа балайтын жұрттың көкірегіне ой сәулесін түсіруге тиіс. Ұлылардың талғамы, тағылымы мен өресі саналы жанның жолына бағыт беріп, келелі ойға жетелейтіні заңдылық. Ал нағыз көшбасшының түпкі мақсаты да сол – мүлгіген халқын оятып, ірі істерге ұмтылдыру болса керек. Мемлекет басшысының бұл бастамасы да Мәңгілік ел құрамын деген арманды тілектен, елін сүйген перзенттік жүректен туындағаны сөзсіз.

Көпшілік біле бермейді, кезінде В.Ленин бүкіл Кеңес одағын латын графикасына көшірмек болған. Одан бұрын криллицаны латыншаға ауыстыру үрдісі көптеген славян мемлекеттерін қамтыған-тын. Ағайынды гректер Кирилл мен Мефодий православ дініне өткен славян халықтары үшін ойлап тапқан кириллицаны латыншаға алғашқы болып, Речь Посполита (қазіргі Польша) мен Литва Княздығы ауыстырғаны мәлім.

Айтпақшы, латын жазуына қарсылар еске алғысы келмейді, бірақ Кеңес одағы дүрілдеп тұрған дәуірде де оның құрамындағы 3 Балтық елі – Литва, Латвия және Эстония латын әліпбиімен өмір сүрген. Оларды күштеп кириллицаға көшіруге кеңес өкіметі тіпті талаптанған да жоқ: себебі, кириллица бұл елдердің тілінде бар дара, төл дыбыстарды ауыстыра алар баламаны өзінің әріптік қатарында таба алмады.

Өткен ғасырларда оңтүстік-еуропалық елдерде де латын графикасы кириллицаны ығыстырып шығарды. Мәселен, бұған дейін «Кирилл жазуын» пайдаланып келген Румыния ХІХ ғасырда латыншаға көшіп алды. КСРО ыдырар тұста, 1989 жылдың 31 тамызында Молдова КСР-інің үкіметі шеруге шыққан халықтың талабымен өз аумағында Кирилл әліпбиінің күшін жойды да, латын қарпіндегі румын жазуын енгізді.

Черногория мен Сербия да латын жазуы кең танымал болуда. Мәселен, сербияда ресми әліпби – кириллица болып табылады, бірақ таяуда жүргізілген сауалнама бұл елде жастардың тек 18,1%-ы ғана кириллицада жазатынын көрсеткен. Қалғандары латын қаріптеріне негізделген сербиялық бейресми әліпбиді («гаевица») қолданады.

Дөңгеленген дүниеде латыннан Кирилл әліпбиіне көшуді қалап отырған бірде бір мемлекет жоқ.

Бірінші болып, Ресейде кириллицадан бас тартуға Петр Бірінші талаптанып көрді. Ол тіл реформасын жүргізіп, «азбукадағы» бірқатар әріптерді еуропалық баламаларымен ауыстырды. Бірақ кейін бұл идеядан бас тартып, бәрін ескі қалыпқа келтірді. Кейін билік басына келген Владимир Ленин латыншаға қайта оралды. Ол «қазан революциясынан» кейін бірегейлендіру реформасын (реформа унификации) қолға алды. Оның барысында алдымен Халық комиссарлары кеңесінің декретімен, ежелден орыс қоғамы үшін көз үйреністі, құлақ сіңісті болған «сажень», «аршин», «осмуха», «пуд», «золотник» секілділер орнына еуропалық километр, литр, килограмм секілді қашықтықты, көлемді және салмақты өлшеудің заманауи бірліктері енгізілді. Ізінше еуропалық күнтізбе-календарь қабылданды.

Осыдан кейін бүкіл кеңестік одақтас республикалар тілі латын графикасына көшуге тиіс болған.

«Теперь надо провести еще одну реформу: в интересах русского просвещения заменить русский шрифт латинским. Наш алфавит чересчур сложен и настолько отличается от принятого в Западной Европе, что иностранцы приходят от него в ужас. Нам следует перейти к латинскому шрифту, более простому и изящному, подобно тому, как мы перешли от русского календаря к общеевропейскому и к метрической системе вместо пудов и аршинов», – деп жазды 1919 жылы «Известия» газеті.

Осы мақсатта кеңестік лингвистер кириллицада жазылған барлық ресейлік маңызды құжаттарды, еңбектерді өзгерту бойынша аз уақыт ішінде орасан зор жұмыс жүргізеді. Алайда «большевиктер көсемінің» өмірі ұзақ болмағаны белгілі. Оның орнын басқан И.Сталин Батыс елдерімен тайталасқа түседі де, бұл идеяға тоқтау салады.

Сонымен бірге, Иосиф Сталин Батысқа қарсы тұрған тәуелсіз Түркияға және оның көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүрікке қолдауы ретінде 1929 жылы КСРО-дағы негізінен, араб жазуын пайдаланған түркітілдес халықтардың барлығын латын графикасындағы бірыңғай түркі әліпбиіне (жаңа әліпби, «яналиф») көшіреді: ол тұста Ататүрік І-ші жаһандық соғыста жеңіске жеткен Антанта елдерінің (Англия, Франция, Италия, Грекия) 1920 жылғы Севр бейбіт келісімінің шарттары бойынша Түркия деген мемлекетті толық жойып, оның жерін өзара бөліске салу әрекетіне қарсы тегеурін танытып жатқан еді. Сондай-ақ дәл сол 1929 жылдың 1 қаңтарынан Ататүрік Түркияда араб жазуын жойып, жаңа латынша әліпби енгізген-тін.

Алайда кейін саясат сахнасындағы жағдай өзгеріп кетті де, Ататүрікпен арасы ашылған Сталин әлем дүрлігіп, ІІ Дүниежүзілік соғыс тұтатын жатқан тұста, яғни 1940 жылы түркітілдес республикаларды, соның ішінде Қазақ КСР-ін де қайтадан кириллицаға асығыс көшкізді. Демек, Қазақстандағы кириллицаны «Сталиннің мұрасы» деп айтуға негіз бар.

Жалпы, әлемде кириллица «коммунизм» және «азаттықтан айырылу» ұғымдары қатарында қабылданады. Және КСРО ыдырағалы бері кириллицаны қолдану аясы ұдайы тарылып келеді.

Бүгінде латын графикасының функционалы әлдеқайда кең. Ол сондай-ақ Жер жүзіндегі ең көп таралған әліпби саналады: дүниежүзіндегі тәуелсіз елдердің 70 пайызға жуығы латын графикасын пайдаланады. Ең бастысы, біз ұмтылып отырған әлемдегі озық «отыздықтағы» елдердің басым көпшілігі, 22-сі тек латын қарпін қолданады. Қазіргі уақытта халықаралық деңгейде ақпарат алмасудың басты құралы латын жазуы болып тұр. Әлемдегі барлық ақпараттың 70 пайыздайы латын қарпімен жазылады. Ғылыми ашылымдар, технологиялық жаңалықтар да алдымен латынша графикада жарияланады.

Жаһандық энциклопедиялар мәліметінше, бүгінгі таңда ғаламшардағы оқи білетін адамдардың барлығы дерлік латын әліпбиімен таныс: себебі, ол қаріптер математика, химия, немесе шет тілдері пәнінде пайдаланылады. Соның арқасында бұл «халықаралық қатынастар әліпбиіне» айналды.

Бұл барлық көрсеткіштер бойынша иероглифтер мен кириллица көп кейін қалды. Қытай және жапон тілдеріндегі көптеген сөздер қазір латынша жазылады, ол банктік құжаттарда дербес деректерді жазу үшін кең қолданылады. Қытай Халық Республикасы, Жапония секілді иероглифпен жазатын мемлекеттер өз тілдеріндегі барлық сөздерді латынша жазуды бір стандартқа келтіріп алған және ол мектептерде оқытылады.

Мамандардың айтуынша, ақпараттық ғасыр алға озған сайын кириллицамен жазуға байланысты туындайтын техникалық қиындықтар да көбейген көрінеді. Мәселен, халықаралық телеграммалар әуел бастан тек латынша жазылып келгені есте. Ал қазір клиенттің компьютерлік техникасы не ұялы телефоны кириллицаны қолдамайтындықтан, орыс тіліндегі хат-хабарды латынша жазып, жолдау жиі кездеседі. «Транслит» (яғни, мәтінді бөтен алфавит көмегімен беру) үдерісі Қазақстанда да кең таралған. Бұл ретте латын графикасындағы бірыңғай стандарт болмағандықтан, қазақ тілін даралап тұрар, өзіне ғана тән төл дыбыстарға жойылу қаупі төнеді, себебі, «ә» әрпі «a»-мен, «ң» – «n»-мен, «ө» – «о»-мен ауыстырыла салынады. Халық талқысынан өткен жаңа әліпбидің өмірге жолдама алуымен бірге бұған деген қажеттілік те жойылып, кесір тәжірибе тоқтауға тиіс.

Бұл бетбұрыс Қазақстан халқының, әсіресе, жастарымыздың әлемдік қазіргі заманғы технологиялық ортаға, коммуникацияға, сондай-ақ, ғылыми және білім беру процесіне тереңірек кірігуіне жол ашады.

Латын жазуына көшуіміз мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтпек. Себебі, жаңа әліпбиге халықты үйрету бойынша кең ауқымды бұқаралық курстар ұйымдастыра отырып, сонымен бірге қазақстандықтарды мемлекет тілді үйренуге тартудың маңызды мүмкіндігіне ие боламыз.

Бұл халықаралық қоғамдастық өкілдерінің қазақ тілін үйрену жолын да жеңілдетпек. Әйтпесе, қазір шетелдіктерден, мәселен, шет мемлекеттердің еліміздегі елшілерінен тіл үйрену үшін алдымен кириллицаны меңгеру талап етіледі.

Демек, латын графикасына көшу арқылы ана тілімізден – бабаның тілі ғана емес, одан озық қоғамның, заманның, тіпті ғаламның тілі жасайтын боламыз.

Бақытбек Смағұл,

мемлекет және қоғам қайраткері, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы, ақын, жазушы

Редакция Sauap.org

You may also like

Sauap.org

ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ҚҰТЫ

фото: https://24.kz/  Қасиетті Қазалы өңірінде Тілеуберген Төребекұлы есімді кеудесі қазынаға толы абыз ақсақал ...

Leave a reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

1 × one =

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

More in Sauap.org