Тәуелсіздікке 27 жыл: қызықты деректер мен көрсеткіштер

Тәуелсіздікке 27 жыл: қызықты деректер мен көрсеткіштер

Тәуелсіздік – қыран құстай еркіндікке ұмтылған халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы орындалған күн. Тәуелсіздік – жүрегі елім деп соққан әрбір қазақстандық үшін аса қадірлі, айрықша ардақты ұғым.

Ұлтымыздың осы ұлық мерекесі өткенді байыппен бағамдап, жеткенді талғаммен таразылайтын кезең. Осы орайда Sauap.org Статистика комитетінің сарапшыларымен бірге Тәуелсіздіктің 27 жылындағы ең қызықты деректер, сандар мен көрсеткіштерді іріктеп, назарларыңызға ұсынады.

Бодандықтан құтылып, бостан болған, азат даму жолына түскен осы кезеңдегі басты қорытындыны елордада «Тәуелсіздік күніне» арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шығарды:

«Бүкіл халқымыз ақсарбас айтып, егемендік байрағын көкте желбіреткеніне, міне, 27 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан тамырын тереңге жайып, өрісін кеңейтіп, кемелдене түсті. Сынағы көп сындарлы кезеңнен сүрінбей өтіп, мәртебесі биік, тұғыры берік, мерейлі мемлекетке айналдық.

Еуразияның жүрегінде орналасқан жаңа Елорда – жаңғырған Қазақстанның символы саналады. Биыл Ақордалы Астанамыздың 20 жылдығын жұрт болып жұмылып, жоғары деңгейде атап өттік. Бұл мерейтойға еліміздің барлық өңірлері атсалысып, шаһарымыздың көркейе түсуіне зор үлес қосты.

Еліміз бүгінде әлемдік бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарында.

Жаһан жұртшылығы Қазақстанды мойындап, сенімді серіктес ретінде таныды. Өңірлік проблемаларды шешу ісінде салиқалы саясат ұстанған біздің ұранымыз әрдайым татулық пен тұрақтылық болды. Қазіргі таңда мемлекетіміз халықаралық ұйымдардың бітімгерлік жұмыстарына белсене атсалысуда.

Жиырма бірінші ғасырдың екінші онжылдығында Қазақстан жаңа белестерді бағындыруға кірісті. Биылғы қаңтар айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуіміз – соның айқын дәлелі. Қазақстан екі жыл бойы осы Кеңестің тұрақты емес мүшесінің мәртебелі миссиясын атқарып келеді. Бейбітшілікті жақтайтын мемлекетіміз осылайша халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылды.

«Ел қуатты болмай, егемендік тұрақты болмайды» деген қанатты қағида бар халқымызда. Сондықтан біздің мақсатымыз – айқын, бағытымыз – анық, мұратымыз – асқақ.

Орнықты дамуға жол ашатын мемлекеттік бағдарламалар мен тың бастамалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ел экономикасын жаңғыртуға бағытталған цифрландыру процесі қарқынды жүріп жатыр.

Халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін «Бес әлеуметтік бастама» еліміздің дамуына оң серпін берді. Биылғы қазан айындағы Жолдауым азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру мәселесіне арналды. Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің өзгеше моделін құруға қадам бастық.

Қазіргі таңда ұлттық сананың жаңаруына тікелей ықпал ететін Үшінші жаңғырудың мәні зор.

Биыл Түркістан қаласы қайта түлеп, облыс орталығы мәртебесін иеленді. Ғасырларды жалғап келе жатқан түркі жұртының рухани астанасы лайықты орнын алды.

Шырайлы Шымкент халқының саны бір миллионнан асып, еліміздегі үшінші мегаполис атанды. Сөйтіп, Алматы және Астана сияқты республикалық маңызы бар қалалардың қатарына қосылды.

Тәуелсіздігіміз жарияланған 1991 жылғы 16 желтоқсан – ұлт шежіресінде алтын әріппен жазылған тарихи күн. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде азат елде ойы сергек, танымы терең жаңа буын өсіп-жетілді. Тоқсаныншы жылдары дүниеге келген балалар бүгінде азамат болып, мемлекетті дамытуға атсалыса бастады. Бұл кезеңдегі жас буын Қазақстан, Мәңгілік ел ұғымдарын жадына жаттап, түйсігіне тоқып өсті.

Жуырда жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаламда әлемдік өркениетке қосқан үлесімізді кеңінен атап көрсеттім. Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу арқылы ел егемендігін баянды ете аламыз. Сонда ғана келешек ұрпағымыздың рухы биік болып, жан дүниесі жаңарады. Ұлттық код пен рухани жаңғырудың бір қыры осында деп білемін. Қазақстанның біртұтастығы, ұлтымыз бен жұртымыздың терең мәдениеті беделімізді биіктете түседі».

Қалалар мен ауылдар:

Қазақстанның барлық облыстары арасында аудандары санының көптігі бойынша Ақмола және Алматы облыстары алда – әрқайсысында 17 ауданнан бар.

Қалалардың ең көп саны Қарағанды облысында – 11 шаһар.

Ауылдардың ең көп саны Түркістан облысында – 835 ауыл.

Тәуелсіздік жылдарындағы демография:

1991 жылғы 16 желтоқсанда, яғни Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялаған күні елімізде барлығы 959 адам дүниеге келген екен, соның ішінде:

ұл бала – 491,

қыз бала – 468.

Тұтастай алғанда, азаттықтың 27 жылында Нурсултан, Нұрсұлтан, Нұрсултан, Нурсұлтан есімдерімен аталғандар саны 37 мың 276 адамды құрады. Соның ішінде 14-і 1991 жылғы 16 желтоқсанда туған.

Елімізде 1 бала «Тәуелсіздік» есіміне ие, ол Алматы облысында 2011 жылғы 1 желтоқсанда дүние есігін ашты.

Сонымен қатар, Қазақстанда маңызды оқиғалар өткізілген уақытта өмірге келген балаларға келесідей тосын есімдер қойылған:

Азиада, Азияда есімді 57 әйел бар;

Саммит, Саммита, Самит, Самита – 70 ер және 17 әйел адам;

Нұрлыжол – 16 ер адам;

Нұротан – 10 ер адам;

Байтерек – 28 ер адам;

Мәңгілік – 2 ер және 2 әйел адам;

Теңге – 10 әйел адам;

Ақорда – 3 ер адам;

Аты «Атазаң» қойылған 1 ұл бала 2009 жылғы 30 тамызда туыпты.

Тәуелсіз даму жылдарында 17 адам «Астана» есімімен аталған, оның жетеуі – ер, үшеуі – әйел адам.

2017 жылы «ЭКСПО-2017» ұйымдастырылған уақытта осы халықаралық мамандандырылған көрмемен байланысты Байдібэкспо атты ұл бала есімі пайда болды.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының саны 2 миллион адамға көбейді. Қазақстандықтар басының өсу қарқыны 12,2%-ды құрады. Өсім бұдан да мол болуы мүмкін еді, алайда көрсеткіш қайтыс болғандар және шетелге көшіп кеткендер есебінен кеміп отыр.

Тәуелсіздік жылдарында мемлекетте 8,7 миллион адам туылған. Соның ішінде ең көп туу 2016 жыл үлесінде: 400,6 мың бала өмір есігін ашты.

Жыл сайын әрбір жетінші бала Түркістан облысында туылады. 2018 жыл басында осы өңірдің (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының) 25 жасқа дейінгі тұрғындарының саны 1,6 млн адамға жетті. Бұл сан Алматы қаласы мен Алматы облысынан басқа барлық 13 аймақтың тұрғындары санынан көп.

Жастар (15-28 жас) саны Алматы (186,6 мың еркек және 219,5 мың әйел), Шымкент (102 мың еркек және 106,9 мың әйел), Астана (102,5 мың еркек және 112,6 мың әйел) қалаларында басым.

20–30 жастағылар Алматы (183,6 мың еркек және 226,4 мың әйел), Астана (97,7 мың еркек және 111 мың әйел), Шымкент (86,1 мың еркек және 95,2 мың әйел) қалаларында көп.

Ел өңірлері арасында Солтүстік Қазақстан облысында зейнеткерлік жастағы тұрғындарының үлесі өте үлкен болуда және 17,95%-ды құрады.

«Демографиялық кәрілік» шкаласы бойынша егер жасы 60-қа жеткен және одан асқан тұрғындарының үлесі 12% деңгейінде және одан жоғары болса, онда ол халық «демографиялық қартаюда» деп танылады. Еліміз осы межеге жақындады: қазіргі кезде Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 11,3%-ды құрайды.

2018 жылдың басында республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда 20–30 жастағы ерлер мен әйелдердің арақатынасы:

Ақтау қаласы ерлері көп шаһар болып табылады, онда әр 100 әйелге 105,5 ер адамнан келеді;

Қызылорда қаласында – әр 100 әйелге шаққанда 100,4 ер адам;

Атырауда – 95,5 ер адам;

Таразда – 94,8 ер адам;

Талдықорғанда – 94,1;

Қарағандыда – 92,6;

Оралда – 92,6;

Көкшетауда – 91,5;

Павлодарда – 90,9;

Шымкентте – 90,4;

Өскеменде – 90,1;

Петропавлда – 89,9;

Ақтөбеде – 89,3;

Астанада – 87,9;

Қостанайда – 86,9;

Алматы қаласында әр жүз әйелге небары 81,1 ер адамнан тиеді.

Қазақстанда адамдардың өмір сүру ұзақтығының өсуі байқалуда. Бірақ тарата айтқанда, нәзік болмыс иелерінің ұзағырақ тіршілік ететіні мәлім болуда. 1992–2017 жылдар кезеңінде халықтың өмір сүру ұзақтығы ерлерде 62,4 жастан 68,72 жасқа дейін, әйелдерде – 72,3 жастан 76,92 жасқа дейін артты.

Ерлер мен әйелдер арасындағы өмір ұзақтығының айырмасы 1992 жылда 9,8 жас болса, 2017 жылы 8,2 жасқа дейін азайды.

Өмір сүру ұзақтығы бойынша 2017 жылы елорда алға озды: онда бұл көрсеткіш ерлер арасында 72,50 жас, ал әйелдер арасында 79,24 жас болды. Ең төмен өмір сүру ұзақтығы Ақмола облысында тіркелді: ерлер – 66,19 жас және әйелдер – 75,36 жас. Бұл орташареспубликалық деңгейден де төмен.

Жалпы ішкі өнім:

1991 жылдан бері нақты ЖІӨ көлемі 2 еседен арттыққа артып, өсімі 229%-ды құрады.

Еңбек нарығы

2017 жылғы халықтың жұмыспен қамтылуына жүргізілген зерттеу көрсеткендей, өз өміріне қанағаттанатындар үлесі ауылдықтар қатарында басым және 62,2%-ға жеткен, ал қалалықтар арасында бұл көрсеткіш 53,2%.

Жалпы алғанда, ерлер әйелдерге қарағанда өз өміріне көбірек қанағаттанатыны байқалуда: сәйкесінше 58,8% және 54,9%.

Өңірлер арасында орта есеппен алғанда, ұйқыға Жамбыл облысының тұрғындары бәрінен көп уақыт – 9 сағат 48 минут бөледі, ал аз ұйықтайтындар – Түркістан облысының тұрғындары: 8 сағат 42 минут.

Қазақстандағы әйелдер үй күтіміне (ас әзірлеуге, кір жууға, ыдыс жууға, үй жинауға және т.б.) орта есеппен күніне 4 сағат 48 минут шығындайды.

10 жастан 14 жасқа дейінгі балалар оқуға орта есеппен күніне 4 сағат 36 минут шамасында уақыт кетіреді.

Өңірлер арасында Солтүстік Қазақстан облысында ерлерде ең көп бос уақытқа – 5 сағат 44 минутқа ие. Ал Жамбыл облысындағы ерлердің бос уақыты ең аз деп танылуда: небары 3 сағат 58 минут.

Инвестициялар

Қазақстанда Тәуелсіздік жылдырында негізгі капиталға 75 триллион 783 млрд тенге инвестиция тартылды. ТМД елдері арасында Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Ресейден кейін екінші орында орналасқан. Бұл ретте Ресей экономикасының Қазақстандікінен он еседей үлкен екенін ескерсек, бұл – ғаламат көрсеткіш.

Статистикалық бизнес-тіркелім

Қазақстанда 1000 тұрғынға шаққандағы заңды тұлғалар, компаниялар санының ең жоғарғы тығыздығы Алматы қаласының еншісінде. Атап айтқанда, 2018 жыл басында осы көрсеткіш 1000 адамға шаққанда 65,7 заңды тұлғаны құрады. Астанада – 59,9 компаниядан келеді. Ең төмен тығыздық Алматы облысына тиесілі: 10,2 заңды тұлға.

Қазақстанда соңғы 10 жыл ішінде заңды тұлғалар саны 54%-ға көбейді. Мысалға, 2008 жыл басында «Статистикалық бизнес-тіркелім» деректері бойынша 268 мың 564 заңды тұлға тіркелсе, 2018 жыл басында ол сан 412 мың 677 болды.

Қоршаған ортаны қорғау

27 жылда стационарлық көздерден ауаға тасталатын ластаушы заттардың жыл сайынғы шығарындылардың көлемі 1990 жылғы 4 миллион 649,9 мың тоннадан 2017 жылы 2 миллион 357,8 мың тоннаға дейін немесе 2 есе азайды.

Ауаға ластаушы заттар шығарындыларының негізгі үлесі бұрынғыдай күкірт диоксидіне, ЖӨБ-ке (қатты) және көмертек тотығына келеді. Бұл ретте шығарындылардың құрылымы шамалы өзгеріске ұшырады. Егер 1990 жылы көрсетілген заттардың үлесі тиісінше 32%, 36%, 57% болса, онда 2017 жылы шығарындылардың үлестері мынадай: 33%, 20%, 21%.

Құрылыс

Тәуелсіздік алғалы бері, яғни 1991 жылдан 2018 жылғы қыркүйек аралығында Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 134 миллион 622 мың шаршы метрді құрады.

ТМД елдері бойынша Қазақстан 2018 жылдың 1 жартысында ел игілігіне тапсырылған тұрғын үйлер ауданы бойынша төртінші орынды алды

Сыртқы сауда

Қазақстан 2017 жылы 182 елмен және аумақпен сауда жасады, бұл 1995 жылмен салыстырғанда 36 елге көп.

 

Дереккөзі (қайнары) Sauap.org

 

Сайт материалын пайдалану үшін гиперсілтеме жасау міндетті!

Жақсы сөз – жарым ырыс, ырысты болу үшін әлеуметтік желілерде бөліс!

Предыдущая АДАМЗАТТЫҢ ТҰҢҒЫШ 3 СЕКІРІСІН ҰЛЫ ДАЛАЛЫҚТАР ЖАСАҒАН
Следующая Қазақстандық тұңғыш микроспутник

0 Комментарий

Комментариев пока нет!

Вы можете быть первым оставив комментарий на этом посту!

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

 

Top